«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

ШОБ СУБЬЕКТІЛЕРІНЕ ТЕКСЕРУ ЖҮРГІЗУГЕ МОРАТОРИЙ ЗАҢДЫ КҮШІНЕ ЕНГЕННЕН КЕЙІН ҰКП ЗАҢНАМАҒА БІРҚАТАР ӨЗГЕРТУЛЕР ДАЙЫНДАЙДЫ – Г. ҚҰРБАНБАЕВА

2014 жылғы 27 Ақпан
8739 просмотров

ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Гүлнәр Құрбанбаева ШОБ субьектілеріне,  атап айтқанда кәсіпкерлік қызмет саласына тексеру жүргізуге  жарияланған мораторий заңды күшіне енгеннен кейін ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік органдармен бірлесіп қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгертулер мен толықтырулар дайындайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

«Мемлекеттік органдарға және Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін бұл жағдай кәсіпкерлік қызмет саласын бақылау мен қадағалауға қатысты қолданыстағы заңнамаға қажетті толықтырулар мен өзгертулер дайындау және жаңа заңдар мен жаңа тәсілдемелер дайындау үшін үлкен мүмкіндік», - деп атап өтті Гүлнәр Құрбанбаева.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шағын және орта бизнесті жоспарлы тексерулеріне жариялаған мораторийі кәсіпкерлерге жасалынып отырған артық әкімшілік жүктемелерді алып тастауға мүмкіндік жасайды.

«Бұл мораторий бизнеске қандай мүмкіндіктер береді? Бірінші кезекте, әкімшілік жүктемелерді азайтады. Статистика бойынша 2013 жылы 200 мыңға жуық тексерулер болған. Жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейдегі барлық бақылаушы органдармен орта есеппен осыншама тексерулер жүргізіледі. Бұл ретте тексерулер бір айдан уақытқа созылады, ал бұл өз кезегінде үлкен шығындарға алып келеді. Жүргізілген тексерулер нәтижесі бойынша көп жағдайларда бұзушылықтар анықталмағандығына, анықталған жағдайда да бұл бұзушылықтар халыққа, тұтынушыларға тікелей қауіп төндірмейтін техникалық сипаттағы бұзушылықтар екендігін назарға алып отырмыз. Бұл ретте жарияланған мораторий бизнеске жасалынып отырған артық әкімшілік жүктемелерді алып тастауға мүмкіндік береді деп санаймыз», - деді Гүлнәр Құрбанбаева.

Сондай-ақ, Гүлнәр Құрбанбаева мораторий барлық тексеру түрлеріне жарияланбағанын да атап өтті. Тексерулерді тек қаржылық ұйымдарды бақылайтын, кәсіпкерлердің шағымдары мен өтініштері бойынша бақылайтын, сондай-ақ қару-жарақ, пиротехникалық  заттар, яғни азаматтар құқығы мен ел мүддесін қорғаумен байланысты мемлекеттік органдар жүргізеді.

Естеріңізге салсақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2 сәуірден бастап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субьектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялады.  

«Жарлыққа сәйкес, мен 2 сәуірден бастап, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субьектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялаймын. Мен қазақстандықтардың бизнес жүргізуі үшін қажетті жағдайды одан әрі жақсарта түсу мақсатында Үкіметке бірқатар нақты шаралар қабылдауды тапсырдым», – деді Мемлекет басшысы.

Президент жоспарлы тексеріс жүргізу тәжірибесі тоқтатылатыны жайлы мәлімдеді. «Мемлекеттік органдар менің Әкімшілігіммен келісе отырып, тексерістерді айқындаудың объективті, әлемдік стандарттарға сай жүйесін әзірлейді. Осы жүйеге сәйкес, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап шын мәнінде тек заңнаманы бұзу ықтималдығы жоғары кәсіпкерлерге ғана тексеріс жүргізіледі. Егер кәсіпкер заңның барлық талабын орындайтын болса, тексеруші органдар оған мүлде бармауға тиіс», – деді Қазақстан Президенті Тексеріс жүргізу түрін түбегейлі қайта қарастыру нәтижесінде кәсіпкерлерге қойылатын талаптардың жалпы саны 30 пайыздан артық мөлшерге қысқармақ. Ол үшін Үкімет тексеріс жүргізудің барлық регламентін қайта қарауы қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев тексерістерге балама ретінде үшінші жақ алдында ерікті сақтандыруды заңнамалық тұрғыдан бекіту қажеттігіне де тоқталатынын және 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап елдегі барлық тексерістердің шамамен үштен бірі тиесілі болып отырған шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерін жабу рәсімдері оңайлатылатынын хабарлады.

Мемлекет басшысы бизнеске қатысты тексерістер туралы ақпаратты Бас прокуратура Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсынып отыратындығын да атап өтті. Сондай-ақ, бұл тексеруші органдар жұмысын айқындай түсіп, қоғамдық мониторингті қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін, рұқсат беруді автоматтандыру ісі аяқталып, оның ең кемі 140 түрі электрондық нұсқаға көшіріліп, бұған қоса құрылыс саласындағы рәсімдер де жеңілдетілуге тиіс деп атап өтті.

«Мен Үкіметке жер телімдерін беру мен пайдалану мақсатын өзгерту, сондай-ақ құрылысқа және инженерлік тораптарға қосылуға рұқсат беру рәсімдерін 50 пайызға азайтуды тапсырдым. Жер телімін ресімдеу мерзімі 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап 30 күннен аспауға тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Үкімет Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, биылғы 1 маусымға дейін тиісті заңнамаға толық ревизия жүргізуге тиіс. Бизнеске ыңғайлы болуы үшін Кәсіпкерлік кодексінің жобасында кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу туралы заңдардың барлық нормалары шоғырлануы қажет. ЭЫДҰ елдерінде қабылданған реттеушілік ықпал ету қағидаты заңдық тұрғыдан бекітіледі және Қазақстанда жаңа бизнес-омбудсмен институты енгізіледі. Оның негізгі міндеті – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы бұл шаралардың заңнамалық өзгерістерді қажет ететінін атап өтті.

«Үкімет 2014 жылғы 1 сәуірге дейін рұқсат беру және хабардар ету мәселелері жөніндегі заң жобаларын, 2014 жылғы 1 қыркүйекке дейін кәсіпкерлік қызмет үшін қажетті жағдайларды түбегейлі жақсарту жөніндегі заң жобасын, 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін өзін-өзі реттейтін ұйымдар қызметі жөніндегі заң жобасын Парламентке енгізуге тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер