Жеке меншік балабақшалар зиян шегуде
Дөңгелек үстелге ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Астана әкімдігінің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен бизнесмендер қатысты.
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева отырысты аша отырып, мектепке дейінгі салада МЖӘ құру бойынша концессиялық жобаларды жүзеге асырудың мүмкін еместігі бірқатар себептерден туындап отырғанын атады:
- баланы асырауға мемлекеттік тапсырыс орналастыру 1 жылға ғана шақталған, бұл инвесторлардың cash-flow қалыптастыруына мүмкіндік бермейді;
- инвесторлық тәуекелдерді толықтай жаппау;
- жобаларды қаржыландыру және құрылыс мәселелері толық пысықталмаған.
Осыған орай ҰКП Ұлттық экономика министрлігі, «Қазақстандық МЖӘ орталығы» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ бірге Астана қаласының мысалында Қазақстанда балалар бақшаларын салу бойынша пилоттық жобаны пысықтау туралы келісушілікке қол жеткізді.
Білім және ғылым министрі өз кезегінде Қазақстанда жеке меншік инвестициялар есебінен мектепке дейінгі ұйымдарда 100 мыңнан астам орын жасақталғанын атады. «Егер бір орынға кететін күрделі қаржы шығынын есептер болсақ, шамамен, 1 миллион теңге, онда жеке меншік сектордың мектепке дейінгі ұйым құрылысына салымы 100 миллиард теңгеге бағаланады. Мемлекет осы уақыт ішінде шамамен 200 миллиард салған», - деді ол.
Сонымен бірге, Астана қаласы әкімдігі білім беру басқармасы берген ақпарат бойынша, 2015 жылғы 1 қаңтарға қарсы елордада 83 556 бала мектепке дейінгі мекемедегі орынға кезекте тұр.
Кәсіпкерлер арасынан «Қазақстандық мектепке дейінгі ұйымдар қауымдастығы» басшысы Ләйлә Күленова сөз алып, «Балапан» бағдарламасының негізгі кемшіліктерін ашып берді. Аталмыш кемшіліктер жеке меншік балабақшалардың шығынға ұшырап, тіпті жабылып қалуына әкелеп жатады.
«Ата-аналар төлемі 23 мың теңгені құрайды. Егер мемлекеттік тапсырыс балабақшада 100 мың балаға орналастырылса, онда бізге былай есептеп береді: егер балабақшаға 100 бала келетін болса, демек бізге 2 миллион 300 мың түседі. Оған қоса осы табысқа дотациядан төлемнен келетін соманы қосады – бір балаға 15 900, ол 100 балаға беріледі, яғни шамамен 1,5 млн теңге», - деді Ләйлә Күленова.
Бизнесвумен балабақшаларда 100 пайыз келу болмайтынын, сондықтан да 100 пайыз төлем жасалмайтынын атады. «Бірде бір ата-ана бұл ақшаны жайдан жай төлемейді. Біз шығасыда осы сомаларды алмайтынымызды түсінуге тиіспіз. Осы 23 мыңнан 30 %, кейде тіпті одан да көп бөлігін алмаймыз», - деді ол.
Ләйлә Күленованың айтуынша, бұрын бұл түйткіл кәсіпкерлердің дотацияны балабақшаға келуге қарамастан, барлық балаларға алуы есебінен шешілетін.
«Алайда шілде айынан бері балалардың іс жүзіндегі келгені үшін, яғни табель бойынша есептеле бастады. Егер бала 15 күн келсе, біз дотацияны 15 күнге ала бастадық. Қыста балалар 50%-дан да аз келеді. Ата-аналардың төлемін ең аз көлемде аламыз, дотацияны да. Ал шығындар азаяр емес. Осы айларда қарыздарымыз жиналып қалды. Олардың қиындықтан шыға алмайтынын әрі жалдау ақысы мен еңбекақы төлеу үшін, өз қалтасынан қор жинақтап жатқанын бәрі де біледі. Аталмыш сектордың ерекшеліктерін түсіне алмайтын болсақ, оны қалай дамытпақшымыз?», - деп ол Білім министрлігінің басшысына жүгіне отырып, ашуын білдірді.
Министр бұл түйткілден хабардар екенін айтты. «Балапан» бағдарламасы бойынша мемлекеттік дотация бір балаға 15 мың теңгені құрайды, естеріңізде болса, 5 жыл бұрын түк те жоқ болатын. Бұл ақша аспаннан келген жоқ, бұл баяғы салық, яғни бір қалтамыздан шығарып, екіншісіне салып жатырмыз. Оның үстіне былтырғы жылы аталмыш бюджет бір баррель үшін 100 доллар болған кезде жасалған болатын, ал қазір бір баррель үшін 60 доллар – осыдан қиыншылық туындауда. Сондықтан да жуық екі-үш жылда оған сүйене алмаймыз. Мұны ашық айта аламын», - деп мәлімдеді ол.
«Жыл сайын тексерістер жүйесі өзгереді. Онда «Тағы не ойлап тапсақ екен?» деген қағидатпен жұмыс жасайтын сияқты. Жыл сайын бір жаңалық енгізіледі. Алғашқы балабақша тексеріледі, олар «ананы сұрады, мынаны сұрады» деп жайып салады. Барлығы жүгіріп, іздей бастайды. Нақты талап жоқ. Қай жерді толық жасамағанымызды өзіміз білмейміз», - деп жалғады сөзін Ләйлә Күленова.
Құрылыс, ТКШ және жер ресурстары комитетінің мамандары 240 орынға және көп пәтерлі үйлердің бірінші қабатында орналастыру қағидаты бойынша 70-80 орындық балабақшалардың үлгілік жобаларын таныстырды.
Аталмыш жобалар отырысқа қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Тек әзірше олардың құны белгіленген жоқ. Демек, инвесторлық тартымдылықты да бағалау әзірше қиын. Алайда дайындаушылар жеке тұрған балабақша құрылысына қарағанда, мұның кем дегенде 30% арзанға түсетінін түсіндірді.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева талқылау қорытындысын шығара отырып, аталған түйткілдерді жою жөніндегі практикалық жұмысқа кірісуге шақырды. «Яғни, біріншіден, «Балапан» бойынша әрекеттегі түйткілдерге қатысты заңнамаға өзгертулер енгізу. Екіншіден, қолжетімділік үшін төлеуге қарай жылжуды ұсынамыз. Үшіншіден, құрылыстағы, балабақшаларды басқарудағы қаржыландыру түйткілдерін аштық, оларды шешетін боламыз. Нақты ұсыныстар жасайтын Жұмыс тобы құрылады. Ал ұсыныстарды ҚР Үкіметі мен Білім және ғылым министрлігіне енгіземіз».
Пікір қалдыру:
Пікірлер: