Қосылған құн салығының күшін жою: болжамдар мен келешегі
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚҚС күшін жою туралы идеясы бизнес-қоғамдастықтың қызу пікірталасын тудырды. Кәсіпкерлер Мемлекет басшысының бастамасына салмақты қызығушылық танытты.
Алайда, «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рахим Ошақбаевтың айтуынша, алдымен осындай салмақты реформаның тұжырымдамасын егжей-тегжейлі түсіну қажет.
«Мұның сатудан алынатын салық, не болмаса айналымнан алынатын салық болатынын түсіну керек. Шартты түрде алсақ, қосылған құн салығы екі түрлі болады – ішкі сатуға салынатын ҚҚС (салық салынатын айналымға ҚҚС) және импортқа салынатын ҚҚС (салық салынатын импортқа ҚҚС). Қандай салықтан бас тартып отырмыз? Әзірше, бірден ойға келетіні, импортқа салынатын қосылған құн салығын қалдырып, ішкі өткізуге салынатын ҚҚС мөлшерлемесін жойып, толығымен бас тартқан дұрыс. Импортқа салынатын ҚҚС бюджетке түсетін түсімнің салмақты көзі болып табылатынын да ескеру қажет», - деді ол.
Рахим Ошақбаевтың айтуынша, салықтық жыл үшін кассалық әдіспен салыстырар болсақ, экспортшыларға есептелетін ҚҚС төлемдеріне қарағанда, көбінесе ішкі өткізуге ҚҚС-тан бюджет табысы аз болады.
«Егер оған мемлекет тарапынан ҚҚС әкімшілеуге кететін шығындарды және ішкі сату бойынша ҚҚС салықтық есебін жүргізуге жұмсалатын салық төлеушілердің елеулі шығындарын, және де сонымен бірге тексеріс кезінде есептелген ҚҚС алып тастайтын кәсіпкерлердің әрдайым туындап тұратын тәуекелдерін, заңсыз жолмен келген ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысатын жалған кәсіпорындар болуынан (ал олардың болуы ҚҚС төлеуден жалтару үшін ғана қажет) орын алатын қоғамдық ысырапты қосатын болсақ, онда ішкі өткізуге ҚҚС институтының болуы мемлекетке де, жеке меншік секторға да айтарлықтай залал әкелетінін көреміз», - деп қосты ол.
ҰКП басқарма төрағасының орынбасары айналымнан алынатын салықтың оңтайлы мөлшерлемесін белгілеу керектігін, экономиканың түрлі секторларындағы салық жүктемесі мен мемлекеттік бюджет табысына өзгертулерді үлгілеу қажет деп есептейді. Талдау соңында осының барлығын Салық кодексіне, салық декларациялары формаларына өзгертулер түрінде баяндап, бағдарламалық жасақтамаға бейімдеу қажет.
«ҚҚС күшін жою бизнес үшін құқықтық және салықтық тәуекелдерді айтарлықтай төмендетеді. Кәсіпкерлік субъектілерінің 90%-дан астамы жеңілдетілген декларация бойынша қызметтің арнайы режимін қолданады, және де 3%-да айналымнан ғана салық төлейді. Бұл ең танымал режим, себебі ол қарапайым, оны есептеу оңай. Және де егер бизнесмен айналымын жасырмайтын болса, ол кез-келген салық тексерісі алдында қорықпайды деуге де болады. Оның үстіне, қазірде бұл режим бойынша есептілік тек жарты жылда бір рет қана тапсырылады. Айналымнан салық төлеумен байланысты арнайы режим қазақстандық бизнес-климаттың нағыз «алтын көмбесі» болар еді деп ойлаймын, және де шағын және орта бизнесті дамытуда басты роль ойнайды», - деді ол.
Рахим Ошақбаев салық жинаудың жаңа схемасының кәсіпкерлерге берері жайлы сөз қылды.
«ҚҚС күшін жоюмен салықтық әкімшілік ету айтарлықтай жеңілдейді деп күтуге болады. Мысалы, жалған кәсіпорындар анықталған кезде, олар жазып берген шот-фактуралардағы құсылған құн салығы контрагенттерінің ғана емес, барлық тізбек бойынша есептен шығарылатын жағдайлар да болған. Ақырында үстеме есептеулер, өсімпұл, айыппұл салынады, Қылмыстық Кодекстің «Ұйымдарға салынатын салықты төлеуден жалтару» 245 бабын қолдану тәуекелі туындайды. Кез-келген кәсіпкер тізбектегі жеткізушілерінің қосылған құн салығын қаншалықты адал есептейтінін ешқанаш да алдын-ала біле алмайды, себебі ҚҚС бойынша салықтық тексерістер «Пирамида» деп аталатын жүйені қолданумен жүрген, яғни тізбектегі барлық жеткізушілерді дерлік тексеру. Егер әлдекім шот-фактуралар қою тізбегінде өз декларациясында ҚҚС көрсетпесе немесе жалған кәсіпорын болып танылса, онда қалған тұтынушылардың барлығы да ҚҚС-ты есептен шығару тәуекеліне ұшырайды», - деді ол.
Ұлттық палата төрағасының орынбасары «қосылған құн салығын іс жүзінде ақшалай қайтарудың өте қиын, және де бюджеттің оны еріксіз қайтаратынын» айта отырып, экспорт кезінде ҚҚС қайтаруды түйткілдің тағы бір қыры екенін атады.
Ошақбаев мырза Президент мәлімдемесінде айналымға салынатын салық меңзеліп отыр деген ой айтты, ол ҚҚС-қа қарағанда каскадты әсерге ие, яғни тауарды сату кезінде салық тауардың барлық құнына салынады, сондықтан да оның мөлшері жоғары болмауға тиіс.
«Мысалы, егер салық мөлшері арнайы салық режимін қолданған кездегідей жеңілдетілген декларация негізінде 3% болса, онда сату кезінде, мысалы, картоп делік, «өндіруші – көтерме өндіруші – бөлшек сатушы» тізбегі бойынша оның әрбір тізбегі салық төлейтін болады. Сонымен бірге есептеліп қойған салыққа да салық салынатын болады. Ақырында салық сомасы әрбір келесі сату кезінде бағаның ұлғаюына қарай салық сомасы 9%-дан көп болады. Шынайы экономикада соңғы тұтынушыға дейінгі тізбек әлдеқайда ұзағырақ болуы мүмкін. Сондықтан да салық мөлшері аса көп болмауға тиіс - 1-3% аралығында», - деп болжады ол.
Сарапшы сонымен қатар реформадан кейін мемлекеттік бюджетке түсетін табыстың бірқатар кәсіпкерлердің көлеңкелі айналымнан шығуы есебінен ұлғаюы мүмкін екенін атады, себебі шағын әрі салыстырмалы түрде қарапайым салықтан жалтарудың мәні болмайды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер:
Жакупова А.Е.