Бизнес білім беруді өз қолына алды
Кәсіптік және техникалық білім беру саласындағы ҰКП сарапшылары Трир қаласы Қолөнершілер палатасындағы неміс әріптестерімен кездесті. Әңгіменің тақырыбы кәсіптік және техникалық білім беру саласындағы бірлескен жұмыс және Қазақстанда дуалды білім беру жүйесін енгізу болды.
ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, Қазақстанда кадр мәселесі біршама өткірленіп тұр. Болашақ жұмысшылардың даярлық деңгейі бұрынғыша әлеуетті жұмыс берушілер көңілінен шықпайды.
- Бизнес жаңа жабдықтар сатып алғанда, жаңа кәсіпорындар қойғанда, жаңа зауыттар салғанда, жергілікті еңбек нарығында осы жабдықпен жұмыс жасайтын адамдардың табылмау мәселесіне жиі ұшырасады. Ақырында жаңа жобаларға да шетелдік мамандарды тартуға тура келетінін көріп жүрміз. Білім беру жүйесі, әсіресе кәсіптік және орташа арнайы білімнің жаңа өндірістер үшін кадрлар даярлап үлгермейтіндігін айтуға мәжбүрміз, - деп мәлімдеді Нұржан Әлтаев.
ҰКП және Трир қаласы Қолөнершілер палатасы арасында кәсіптік білім беру саласындағы 2017 жылға дейінгі серіктестік жобасы әрекет ететіні белгілі. Ұлттық палата бұл салада ҚР Білім және ғылым министрілігімен де жұмыс жасауда. Осындай «үштік одақтың» арқасында, Қазақстанның көптеген облыстарында дуалды жүйе әрекет етуде және айтарлықтай табысты.
- Еліміздің көптеген өңірлерінде кәсіпорындар Палатаға мамандар үшін тапсырыс беруде. Былтырғы жылы 12 мың маманға тапсырыс жинап, бұл тапсырыстарды колледждерге орналастырған едік. Сонымен бірге кәсіпорындардың өздері колледждерді басқаруға қатысып жүр, тіпті оқу орындарының басшылығымен бірге білім беру бағдарламаларын өзгертеді. Бүгінде елімізде он колледж кәсіпорындар басқаруына берілген. Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында өте жақсы тәжірибе атқарылған. Онда бірнеше кәсіпорын бірігіп, колледжді өз басқаруына алған. Білім беру бағдарламаларында өте салмақты өзгертулер бар: осы колледж студенттері іс-тәжірибеден өтуге боатын шынайы тәжірибелік алаң пайда болуда, - деді алмандық әріптестеріне Нұржан Әлтаев.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алмандық әріптестерімен дуалды білім беру стандарттарын енгізу жөніндегі ынтымақтастықты жалғасуға дайын екендіктері жайлы мәлімдеді. Оның үстіне, Германия тәжірибесі әлемдегі ең табыстылар санатына жатқызылады. Трир қаласы Қолөнершілер палатасының өкілдері өз елдерінде кәсіпкерлер палаталары жұмысы мен бизнес үшін кадрлар даярлау жүйесінің қалай жөнге салынғанын егжей-тегжейлі баян етіп, тәжірибелерімен және бақылауларымен бөлісті.
- Өңірлік өкілдіктері бар ҰКП бизнес үшін мамандарды оқыту және даярлаудың үздік жүйесін жасай алады. Осы міндетті іске асыруға мүмкіндіктеріңіз бар, – деп есептейді Трир қаласы Қолөнершілер палатасы жобасының үйлестірушісі Овер Альберт.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: