Жобалаушыларды қалайша жөнге салуға болады?
Отандық құрылыс материалдарын өндірушілерге назар аудару қажет.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасында құрылыс саласында қазақстандық мазмұн үлесін арттыру мәселесі бойынша жиналыс өтті. Жиналысқа ҚР Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс істері, ТКШ және жер ресурстарын басқару жөніндегі комитеті, «Мемлекеттік сараптама» РМК және ҚР Ұлттық құрылыс саласы қауымдастығы өкілдері қатысты.
Қатысушылар қазақстандық құрылыс өнімін өткізу нарығында орын алып отырған түйткілдерді жеткізді. Соның ішінде, бұл қатарға құрылыс материалдарын өндірушілердің өнімдері мен бағалары номенклатурасы көрсетілген анық тізілім жоқтығы жатады. Сонымен бірге, «Қазақстандық индустрияны дамыту институты (ҚИДИ)» АҚ, ҚазҚСҒЗИ, «NADLoC» Қазақстандық мазмұнды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі және басқа да мекемелерде де кереғар әрі үнемі өзекті ақпарат бола бермейтін осыған ұқсас тізілімдер бар. Компаниялар тізілімге енгізу жөніндегі жұмысты жүргізуге мүдделі емес, себебі бұның пайдасын көріп отырған жоқ.
Құрылыс ұйымдарында құрылыс индустриясының қазақстандық өнімін сатып алуға деген қызығушылық пен ынта жоқ, себебі ол көбінесе бағасы және сапасы жағынан бәсекеге қабілетсіз. Сонымен қатар, өнімді белгіленген мерзімде жеткізуге кепілдік жоқ.
Құрылыс процесінде жобалық-сметалық құжаттама аясында бекітілген материалдарды қазақстандық емес материалдарға айырбастау мүмкіндігі жоқ емес. Бұл қазақстандық мазмұн мониторингі жөніндегі компанияларға қатаң талап қойылмауы салдарынан орын алып отыр.
Жобалаушылардың жобалық-сметалық құжаттаманы қалыптастыру кезеңінде оған Ресейде шығарылған құрылыс материалдарын салып қоюға тікелей мүдделі болуы да жиі кездеседі, себебі ресейлік құрылыс индустриясы өнімдерінің жекелеген дилерлері жобалаушыларға қатысты бонустық ынталандыру (сыйақы беру) жүйесін қолданады.
Қазақстандық мазмұн үлесі төмен жобалық-сметалық құжаттаманы түзету жаңа қаржылай шығынды қажет етеді де, құрылыс компаниялары оған бара қоймайды.
Анықталған түйткілдер шеңбері қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтер айналымы саласын, олардың жобалық-сметалық құжаттамада ескерілуін кеңейтуге деген жаңа ұстанымдарды дайындауға негіз болды.
Атап айтқанда, әрекеттегі жобалардың жобалық-сметалық құжаттамасында қазақстандық мазмұн үлесін арттыру үшін қатысушылар Ұлттық палатаға «Мемлекеттік сараптама» РМК, «NADLoC» Жергілікті мазмұнды дамыту жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ және мемлекеттік органдар жүргізетін басқа да тізілімдер деректерінің негізінде өзінің жеке Отандық өндірушілер тізілімін жасауды ұсынды. Бұл Тізілімнен алып тастау механизмі қазақстандық өндірушілер шығаратын өнім сапасы мен бағасын бақылау жөніндегі қызметте қуатты құрал – өзінше бір «тетік» ретінде қолданылмақшы.
ҚР ҰКП-ға сонымен қатар қазақстандық өнімді пайдаланудың басымдылығы жағынан Палата мүшелерімен тұрақты жұмыс жүргізу ұсынылды. Оған «Мемлекеттік сараптама» РМК-ның жобалық-сметалық құжаттамаға қазақстандық мазмұн үлесі кіргізілмегені (немесе 50 %-дан аз кіргізілген) жайлы ақпарат негіз бола алады. ҚР ҰКП «Мемлекеттік сараптама» РМК-ға қазақстандық құрылыс материалдарын 50%-дан аз қолдану үлесі бар ЖСҚ туралы ақпарат сұрап жүгініп те қойған еді.
Сонымен қатар нысанды салу процесінде құрылыс материалдарын айырбастауды болдырмау мақсатында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына құрылыс кезеңінде ЖСҚ-да мәлімделген өнімді өткізуді тексеру жөніндегі функцияны бекіту ұсынылды.
Жиналысқа қатысушылар қазақстандық құрылыс материалдарын қолдану үлесі 50%-дан төмен жобалық-сметалық құжаттаманың қазақстандық мазмұн үлесін ұлғайту жағына өзгертілуге және түзетілуге тиістігін алға тартуда.
Тараптар әрекеттегі жобалық-сметалық құжаттама үшін қайта сараптама жүргізудің қосымша шығындарға әкелетініне келісті. Сарапшылар қызметін қаржыландыру мәселесі де ашық күйінде қалып отыр.
Пікірталасқа қатысушылар құрылыс тендерлерінің екі кезеңге бөлінуін көздеуді ұсынды. Біріншісі - құрылыс-монтаждау жұмыстары, және екіншісі – ішкі жабдықты жеткізу. Сонымен қатар құрылыс процесіне жобаларды басқару жөніндегі инжинирингтік компаниялар қызметтерін кеңінен енгізу қажет болады. Талқылауға қатысушылардың ойынша, тапсырыс беруші бұл жағдайда инжинирингтік компанияға құрылысының барысын бақылау функциясын тапсыра алады, ол тапсырыс беруші бекіткен ЖСҚ-ны да бақылау өкілеттігіне ие болады. Жобалық-сметалық құжаттамада белгіленбеген құрылыс материалдары мен жабдықтарды қолдану деректері тапсырыс берушіге дер кезінде жеткізіліп, ол құрылыс ұйымының (мердігердің) қызметіне қаржылай ықпал ете алады.
Талаптарды бұзған жағдайда жауап қату функциясына ие болатын қазақстандық өнім сапасын тексеру жөніндегі аккредиттелген зертхана институтын құру туралы ұсыныс айтылды.
Талқылауға қатысушылар ЭКСПО, жалгерлік баспана, әлеуметтік нысандарды салу кезінде қазақстандық өнімді белсенді түрде қолдануға үндеді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және «ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына ЭКСПО Халықаралық көрмесінің негізгі нысандарын жобалау кезінде қазақстандық жобалау ұйымдарының тізбесін кеңейту туралы ұсыныспен жүгінді. Жергілікті атқару органдарына инжинирингтік компанияларды тарта отырып, жобаларды түзету механизмін жасап шығу ұсынылды.
Жиналыс қорытындысы бойынша жасалған ұсыныстар мен нұсқаулықтар Қазақстан Республикасы Үкіметіне жолданды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: