«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қырғызстан тартылыс орталығы ретінде

2015 жылғы 13 Наурыз
3801 просмотров

«Қырғызстан Қазақстанның маңызды сыртқы сауда серіктесі болып табылады. Қырғызстан ЕАЭО-ға кіргеннен кейін қазақстандық экспорттың қозғалысы мен құрылымы айтарлықтай жақсарады. Алайда біздің әріптестік салада шешілмеген түйткілдер де толып жатыр», - деп мәлімдеді ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рахим Ошақбаев.

ҰКП басқарма төрағасының айтуынша, «Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде өсіп келеді».

Қазақстан Республикасы мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымының көлемі 2010 және 2013 жылдар аралығындағы кезеңде 1,7 есе көбейген: 588,7 млн. доллардан 1 млрд. долларға дейін. Сонымен бірге Қырғызстанмен сауда кезінде Қазақстан үшін оң сальдо байқалып отыр. 2014 жылы Қазақстан Қырғызстанға 705 млн. долларға тауар экспорттаған. Қазақстанның Қырғызстанға жасаған экспортының көлемі Белорусьқа жасалатын қазақстандық экспорттың көлемінен ондаған есеге асып түседі.

Бүгінгі таңда Қырғызстанға жасалатын қазақстандық экспорт негізінде бидай, ұн, шылым, көмір, мұнай және мұнай өнімдері және басқа да тауарлардан тұрады. Көбінесе сүт, кілегей, қымбат металдар кендері, табиғи уран, киімдер импортталады.

Рахим Ошақбаевтың ойынша, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара сауда зор даму әлеуетіне ие, және де Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруімен қазақстандық экспорттың қозғалысы мен құрылымы айтарлықтай жақсарады.

Қазақстан мен Қырғызстан шекараларында кедендік бақылауды тоқтату туралы мәселені мемлекет басшылары үстіміздегі 8 мамырға дейін шешеді.

- Яғни, Қырғызстан 9 мамырға қарай Кедендік одақтың толық құқылы қатысушысы бола алады, - деп баса айтты ҰКП төрағасының орынбасары.

Қазіргі күнде Қырғызстанның шартты және өтпелі ережелері жайлы хаттамалар жобалары дайындалып қойған, оған үстіміздегі жылдың наурыз айында қол қойылады. Қолда бар келісулерге сәйкес, Қырғызстан үшін кедендік-тарифтік реттеу, техникалық реттеу, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және карантиндік фитосанитарлық шаралар, бәсекелестік, табиғи монополиялар, энергетика, мемлекеттік сатып алулар және басқалары жағынан өтпелі кезеңдер көзделеді.

Дайындалған хаттамалар жобалары аясында Қырғыз Республикасы үшін ЕАЭО БКТ баждары мөлшерлемелерінен өзгеше әкелінетін кедендік баждар мөлшерлемелері көзделген. Ол тізбеге 170 тауарлық жайғасым кіреді, бұл, яғни фармацевтикалық өнім, химия өнеркәсібі өнімі, алюминийден жасалған өнімдер, жабдықтар мен механикалық құрылғылар, автомобильдер және басқалары. Тауарлардың әрқайсысы бойынша өтпелі кезеңдер үштен бес жылға дейін белгіленген.

- Бірқатар тауарлар бойынша баждар мөлшерлемелері ЕАЭО БКТ мөлшерлемелеріне қарағанда төменірек. Яғни Қырғызстан аумағы арқылы Қазақстанға арзан тауарларды кері экспорттау қаупі де жоқ емес. Біз келіссөздер барысында осы мәселеге көңіл аудардық, - деп көрсетті Рахим Ошақбаев. – Мұндай тауарларды ЕАЭО басқа да мүше мемлекеттері аумағына әкелуді жүзеге асыру үшін декларанттың әкелінетін тауар нысаналы мақсатын растауы қажет болады. Алайда бұған қарамастан, кері экспорт қаупі сақтала береді.

Сонымен қатар, Қырғызстан үшін қызметтер саудасы, табиғи монополиялар субъектілері қызметін реттеу, көлік саясаты, өнеркәсіптік субсидия ұсыну ережесі, ЕЭА және еркін қоймалар сияқты салалар бойынша кіру талаптары анықталған.

Сарапшы сонымен бірге екі елдің экономикалық ынтымақтастық саласында да шешілмеген түйткіл жетіп жатқанын айтты. Біздің кәсіпкерлер үшін ең сезімтал мәселелердің бірі Қырғызстандағы еркін экономикалық аймақ қызметінің талаптары болып табылады. Және де ҰКП бұл жағынан өз принципті ұстанымы бар, және де осы ұстанымды игеруді жалғастыруда.

- Ағымдағы сәтке дейін мына мәселелерге келісуге қол жетті, - деп түсіндіреді Рахим Ошақбаев. – Қырғызстанға 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін тіркелген ЕЭА резиденттері үшін (әкелінетін баждар бойынша) кедендік жеңілдіктер ұсыну мүмкіндігі ұсынылады. 2015 жылғы 1 қаңтардан кейін тіркелген ЕЭА қатысушыларына кедендік жеңілдіктер ұсынылмайды. Бастапқыда 2016 жылғы 1 желтоқсан жайлы айтылғанын ескерте кетейін. Қырғыз Республикасының ЕЭА жеткілікті қайта өңдеу өлшемдерінің Қазақстан Республикасы өлшемдерінен, не ТМД ережелерімен белгіленген өлшемдерден төмен болмауға тиіс екеніне әріптестеріміздің көзін жеткізуге тура келді.

ҰКП төрағасының орынбасары Қырғызстанның Еркін қоймалар туралы келісімге қосылуы тек алты кәсіпорын бойынша жүзеге асырылатынын нақтылап кетті («Алтын-Ажыдаар» ЖШҚ, «Кока-Кола Бишкек ботлерс» ЖАҚ, «Илбирс» ААҚ, «Авиньен» ЖШҚ, «Шелковый путь» ЖШҚ және «Ренеcанс» ЖШҚ).

- Осылайша, біз ЕАЭО нарығында жеңілдіктер мен артықшылықтарды пайдаланатын еркін қойма иелері тізілімінің бақылаусыз кеңейтілу қаупін барынша азайтамыз, - деп сарапшы баса айтты.

Келесі бір өткір мәселе: Қырғызстан қосылғаннан кейін қырғыз автомобильдері ЕАЭО тауары деген мәртебені иелене ме?

Сұхбаттасымыздың түсіндіруінше, қазірде автомобильдің ЕАЭО тауары болып танылатын күні талқылануда.

- Хаттамалар жобаларының соңғы редакциясына сәйкес ЕАЭО тауары болып Қырғызстан аумағына үшінші елдерден 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін әкелінген автомобильдер танылады деп болжануда. 2014 жылғы 1 қаңтардан кейін әкелінген автомобильдер бойынша кедендік баждар айырмасы төленетін болады, - деді Рахим Ошақбаев.

Сарапшы «қырғыз автомобильдерінің Қазақстанға импортының өсу қаупін» жасырмайды. 2013 жылдың өзінде ғана Қырғызстанға үшінші елдерден 91,5 мың автомобиль әкелінген екен. Қазақстандағы автомобиль нарығының ағымдағы құлдырауын ескере отырғанда, бұл отандық автомобиль жасаудың дамуы үшін жағымсыз фактор болары сөзсіз.

Сарапшының пайымынша, Қырғызстан ЕАЭО-ға кірген соң қазақстандық нарықтың арзан қырғыз тауарларымен толығу қаупі сақталады. Алайда бұл түйткіл кеше ғана туындаған жоқ. 2014 жылғы 12 қаңтарда ғана Қырғызстан «ТМД елдерінің еркін сауда аймағы туралы» Шартқа қосылды. Қазақстан да осы Шартқа қатысушы болып табылады. Осы құжатқа сәйкес, шарт тараптары кедендік баждар мен кедендік баждарға баламалы өзге де төлемдерді қолданбайды. Іс жүзінде, қырғыз өндірушілері бүгінгі күннің өзінде өнімдерін Қазақстанға бажсыз жеткізіп жатыр. Сонымен бірге, бұрын айтылып кеткендей, тауарды Қазақстанға Қытайдан кері экспорттау қаупі де сақталып отыр.

Сарапшы интеграциялық процестер қозғалысына оң баға бере отырып, отандық бизнестің экономикалық мүддесін қорғауды басты ережесі ретінде санайтын ҰКП ұстанымын алға тарту қажет деп есептейді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер