ҰКП сарапшылары отандық аграрлық өнеркәсіпті дамыту жоспарын ұсынды
Жақында ғана Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы дайындаған АӨК Жол картасы жүзеге асыруға қабылданғаны жайлы белгілі болды.
Отандық аграрийлерде таяу арада өздерінің бизнесін табыспен және серпінмен дамытуға бөгет жасаушы толғақты түйткілдері мен өзекті мәселелерін шешу мүмкіндігі пайда болуға тиіс. Ал ондай мәселелер мемлекет көрсетіп отырған қолдауға қарамастан, біршама жинақталып қалыпты. Сонымен бірге, бүгінде көптеген кәсіпкерлер, әсіресе етті, сүтті бағыттағы мал шаруашылығымен және құс шаруашылығымен айналысушылар ресейлік рубль құлдырауының салдарынан белгілі бір қиындықтарды бастан кешуде. Қазақстандық нарыққа ресейлік бәсекелестердің біршама арзан өнімі қаптап кеткендігі салдарынан, отандық ауыл шаруашылық тауар өндірушілер өз өнімдерін өткізу түйткіліне тап болып отыр. Тамақ өнеркәсібі саласында жүрген кәсіпкерлер де осындай жағдайға ұшырасқан. Қалыптасқан жағдай оларды Ұлттық кәсіпкерлер палатасына көмек сұрап жүгінуге мәжбүрлеген, ал палата күн сайын аграрийлер түйткілдеріне құлақ аса отырып, олардың шешудің оңтайлы жолдарын белсенді түрде іздестіруде.
Бұл түйткілдерді мемлекетпен тығыз әрекеттеспей шешу мүмкін болмайтыны сөзсіз. Содан Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2014 жылғы тамыз айында өз алаңында АӨК мәселелері жөніндегі жиналыс ұйымдастырып, оған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевты шақырған еді.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары отандық аграрийлердің түйткілдерін мұқият тыңдап шығып, Ұлттық палатаға аграөнеркәсіптік кешеннің Жол картасын әзірлеуді ұсынды. Бұл картаға кәсіпкерлердің өздері егжей-тегжейлі әңгіме қылған осы саланың түйткілді мәселелері енгізілер еді. Бұл дұрыс шешім болды дей аламыз, себебі үнемі ұшырасып отыратын түйткілдер тізбегінен шаршаған отандық аграрийлерге осындай құжат керек екені рас.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы, мал шаруашылығы саласына, соның ішінде құс шаруашылығына жетекшілік ететін, АӨК Жол картасын дайындауға тікелей қатысқан Аман Сүлейменов ұсынылған шараларды жүзеге асырудың негізгі өнімдер бойынша ауыл шаруашылық өндірісі көлемін өсіруге мүмкіндік беретінін растайды. Оның ойынша, қазақстандық өндірушілерге өздерінің бәсекелестері, мысалы РФ-дағы, жұмыс жасап жүргенге ұқсас жағдайларды жасау қажет.
Аман Сүлейменов айтып бергендей, жиналыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен қауымдастықтар қатысуымен «дөңгелек үстел» өтіп, онда АӨК түйткілдері белсенді түрде талқыланды. «Біз бірінші кезекте осы процестегі бизнесті барынша қамтығымыз келді. Оған жұмыс топтарының отырыстарына салалық бірлестіктерді ғана емес, нарықтың белсенді ойыншыларын да шақырдық. Жұмыс топтарының отырыстарына мемлекеттік органдар өкілдері де қатысып, біз түйткілдер мен оларды бірлесе шешу жолдарын талқыладық. Бір айта кететіні, пікірталас барысында аграрийлердің жаңа түйткілдері анықталды», - деп хабарлады аграрлық сарапшы. Аман Сүлейменовтың сөзіне сүйенсек, мемлекеттік органдар өкілдері кейбір мәселелерді келісу кезінде көбінесе жауап беруді созып жүре береді.
Қызу дауласудан шындық туындап жататын бизнес пен билік арасындағы осындай «беттесу» қорытындысында 18 тармақтан тұратын агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің өзекті мәселелерін шешу жөніндегі Іс-шаралар жоспары жасалды. Яғни аграрлық бизнес қатысушыларының түйткілдерін біртіндеп шешетін Жол картасы пайда болды.
Сонымен, ауыл шаруашылық өндірушілері көптен күткен бұл құжат нақты нені ұсынады, не бере алады? «АӨК Жол картасына енгізген алғашқы тармақтардың бірі инвестициялық салулар кезінде агроөнеркәсіп кешені субъектісі шеккен шығынның бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау ережесін жетілдіру», - дейді Ұлттық палата сарапшысы. Ол сонымен бірге 2014 жылдан бұрын енгізілген инвестициялық жобаларды ретроспективтік субсидиялау жөніндегі мәселені пысықтаудың басымдылықта екенін баса айтты.
ҰКП төрағасының айтуынша, Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігімен арадағы келіспеушіліктер дәл осы мәселе төңірегінде өрбіген екен. Бұл жерде инвестициялық субсидиялар үшін қосымша қаржыландыру бөлуге қол жеткізу үшін, саяси шешім қажет болғандықтан, бұны да түсінуге болады. «Келісім» алуға жұмсалған бірнеше ай нәтиже бермеді. Ақырында, АӨК Жол картасы осы мәселе бойынша ҰЭМ келісуінсіз ҚР Премьер-Министрі Бірінші орынбасарының алдынан бір-ақ шықты. Сонымен бірге, ҰКП сарапшысының ойынша, бұл жағдайда асықпаудың жөні жоқ.
«Қазір ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінде сыни сәт туындайтын уақыт. Бүгін сүтті-тауарлы фермалар басшылары да келіп, өз түйткілдерін ортаға салды. Сонымен, Қостанай облысындағы ірі сүтті-тауарлы фермалардың бірі 30 тонна сүтті, тура мағынасында, жерге төккен, оның үстіне бұл балабақшаға, мектептерге, басқа да мемлекеттік мекемелерге беруге болатын, барлық санитарлық нормаларға жауап беретін жоғары сапалы, тауарлық сүт еді», - деді Аман Сүлейменов.
Бұл бұрындары осы фермадан сүт сатып алған қайта өңдеу кәсіпорындарының РФ-дан әкелінетін құрғақ ұнтаққа көшуі салдарынан болды. Сәйкесінше, оларға ұнтақтан өндіру арзанға түседі және оңай болады. Ферманың барлық басшылары аса зор шығынға қалғандықтарын растауда. Сарапшылардың есептеуінше, орташа алғанда, олар күніне 750 мыңнан бастап 1 млн. теңгеге дейінгі сомадан айрылады екен. «Қазірде сүт сатушылар өндірісті қысқартуға мәжбүр, ал ЕАЭО-да сүтпен қамсыздандыру деңгейінің ең төмен көрсеткішін көрсетіп отырғанымызға орай, бұл жалпы салаға кері әсерін тигізуде», - деп атады Аман Сүлейменов.
Құс шаруашылығымен айналысушылар өнімді өткізу түйткіліне ұшырасқан. «Жақында ғана қарағандылық құс фабрикаларының бірінде болған едік, онда қойма толығымен жұмыртқаға толтырылыпты. РФ-дан «сұрқай» импорт келеді, оның үстіне ешкім де сапасына кепіл болмайды, таңбалануы да талаптарға сәйкес келмейді», - деп назаланды маман. Сонымен қатар, Ұлттық палата өкілінің сөзіне сүйенсек, отандық өнім барлық сапа стандарттарына ие, таңбалау сақталған, және де Қазақстанның барлық құс өсірушілері адал ниетті жеткізушілер болып табылады.
Қазірде Елбасы тапсырмасы бойынша отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында «Қазақстандықты сатып ал!» науқандары өткізілуде. Алайда, ҰКП өкілінің айтуынша, бұл іс-шаралар бәсең жүруде және әкімдіктермен арада қол қойылған отандық өнімді өткізу жөніндегі меморандумдар тиісті әсерін бермеуде.
Бұндай жағдайда отандық ауыл шаруашылық тауар өндірушісіне қалай көмек беру керек? Аман Сүлейменов инвестициялық субсидиялардың әрекеттегі ережесін 2014 жылдан бұрын енгізілген жобаларға таратудың көмегі тиеріне сенімді, алайда ол үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлу қажет. Оның ойынша, бұл Еуропаның көптеген елдерінде қолданылатын мемлекеттік қолдаудың сапалы да дұрыс құралы.
«Біз инвестициялық субсидия деп аталатын шара қолданылатын Германияның, мал шаруашылығы саласындағы басқа да алдыңғы қатарлы аграрлық елдердің тәжірибесін зерттедік. Бұл дегеніміз нені білдіреді? Мәселен, кәсіпкер 600 бастық сүтті-тауарлық ферма құрады делік, және де осы мақсатта белгілі бір соманы жұмсайды. Біраз уақыттан соң фермер жобалық қуаттылыққа шығып, мемлекет кәсіпкер шығынынан 20 пайызды тегін өтеп береді, өтеу сомасы кейбір жайғасымдар бойынша 80 пайызға дейін жетеді», - деп атады Аман Сүлейменов.
Оның айтуынша, бұл айтарлықтай көмек, бизнесті бұдан арғы кеңейту үшін жақсы әзірлік.
«Бұл ақшаны мемлекет, кәсіпкердің өзіне Испания сияқты бір жерден зәулім үй сатып алуы үшін дегендей, жайдан-жай бере салмайды, ол бұл ақшаға қосымша жабдықтар, мал сатып алуға, өндірістің технологиялық желісін жетілдіруге тиіс», - деп түсіндірді ол.
Алайда бар кілтипан субсидиялаудың әрекеттегі ережесінде қаражаттың 2014 жылдың басынан бастап енгізілген жобаларға берілетіндігінде болып отыр. Сонымен қатар, Аман Сүлейменов айтып кеткендей, мал шаруашылығының өзі өте ауыр бизнес болып табылады. Қазақстанда соңғы жылдары сапалы әрі табиғи өнім өндіре отырып, өздерінің әл-ауқатын көрсеткен кәсіпкерлер баршылық.
ҰКП сарапшысының айтуына қарағанда, инвестициялық жобаларды ретроспективтік субсидиялау өндіріс көлемдерін ұлғайтуға, кредиттік жүктемені азайтуға көмектеседі. Қазірде өткізу түйткіліне тап болған мал шаруашылығы өнімін өндірумен айналысатын кәсіпкерлер бұл жағдайда оларға ретроспективаның көмектесетінін бір ауыздан мәлімдейді. «Сонымен қатар инвестсубсидиялар бойынша біз инвестициялық субсидия ұсыну шегін төмендетуді, қосымша әрекеттегі басымдылықты бағыт тізбесіне ілінбеген аграрлық бизнес бағыттарын қосуды ұсынамыз», - деп жалғады сөзін сарапшы.
Жол картасы басқа да іс-шаралармен бірге сүт, құс еті, тауық жұмыртқасы сияқты бағыттар бойынша әрекеттегі субсидиялар нормативтерін қайта қарауды ұсынады.
«Ауыл шаруашылық тауар өндірушілердің субсидиялауға өтінімдерін беру процедурасын автоматтандыру, өсімдік шаруашылығындағы субсидияның негізгі түрлерін бір жерге біріктіру жөніндегі мәселені қарау Жол картасын орындау аясында қаралатын болады» - деп түйіндеді Аман Сүлейменов.
Жол картасы 18 тармақ пен бірнеше тармақшалардан тұрады. Осы тармақтарды орындау бірқатар министрліктер мен ҰКП-ға жүктелген.
Қарлығаш ЖҮСІПБЕКОВА
Пікір қалдыру:
Пікірлер: