«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық гидтер құқықтық алаңда жұмыс жасауға міндетті

2015 жылғы 20 Ақпан
4704 просмотров

Қазақстандағы экскурсиялық қызмет саласындағы ахуалды жақсарту мақсатында 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осындай шешім қабылдап отыр.

Еліміздің экскурсия жетекшілері бұдан былай экскурсиялық қызметтер нарығында жұмыс жасағысы келсе, уәкілетті органға сертификат көшірмесі тіркелген хабарлама жіберуге тиіс.

«Осылайша, туристік нарықта көптеген жылдар бойы жұмыс жасап келе жатқан кәсіби экскурсия жетекшілері арамза бәсекеден қорғалады», - деп түсіндірді Қазақстандағы экскурсиялық қызметті реттеу мәселелеріне арналған «дөңгелек үстелде» сөз алған ҚР ҰКП Туристік сала комитетінің мүшесі Рысты Қарабаева.

Оның айтуынша, қазірде экскурсиялық қызмет нарығында ешқайда оқымаған, сәйкес даярлығы жоқ, сапасыз қызмет көрсететін, осылайша экскурсия жетекшісі мамандығының имиджіне нұқсан келтіретін кәсіби еместер қаптап кеткен. ҰКП осы ахуалды жақсарту мақсатында кейбір құқықтық алаңдарды құрып отыр.

«Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, кейбір елдерде экскурсия жетекшісі болып жұмыс жасау үшін, бір жыл және одан көп уақыт оқу қажет, біліктілікті растау.үшін, емтихандар тапсырылады, осыдан кейін бейдж немесе төс белгі алған соң ғана жұмысқа кіріседі. Бізде осы мамандыққа деген заңнамалық тұрғыдан бекітілген біліктілік талаптар әлі күнге дейін жоқ», - деп түсінік беріп кетті Рысты Қарабаева.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Туризм индустриясы департаментінің директоры Тимур Дүйсенғалиев өз кезегінде «экскурсия жетекшілері қоғамдастығын біріктіріп, бірыңғай стандарттар, ұстанымдар белгілеп, ЭКСПО-2017 алдында туристерді қабылдауға дайын болу қажет» деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, бейіндік ведомство ҰКП-мен бірге осы саладағы кешенді мәселелерді шешумен айналысады, олар, ең алдымен, клиенттер ағымын ұлғайтуға бағытталған. «Еліміздің имиджі оларды қалай қарсы аламыз, еліміздің көрікті жерлерімен қалай таныстырамыз, осыған тәуелді болып отыр», - деп есептейді министрлік өкілі.

ҚР-дағы экскурсиялық-аудармашылық қызмет ерекшелігі мен өзектілігі жайлы айта келіп, ҚР ҰКП Туристік сала комитетінің мүшесі Салтанат Әбжанова экскурсия қызметі саласында белгілі бір түйткілдердің барлығын, соның ішінде, ілеспе аударма бойынша мамандардың жетіспеушілігі бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, ҚР Президентінің СІМ жанынан ірі іс-шаралар өткізу кезінде ілеспе аударма орталығын ашу туралы Жарлығы шыққанға дейін шетелден мамандар тартуға тура келген екен. Сонымен бірге, оның ойынша, жеке кадрларымызды даярлау қажет, оның үстіне олар сауатты, кәсіби, еліміздің тарихы, географиясы, мәдениеті, инфрақұрылымы және т.б. жайлы хабардар мамандар болуға тиіс.

Рысты Қарабаева экскурсия жетекшісі көпшілік алдына шыға алатын, әртістік өнер иесі болуға да тиіс деп атап өтіп, жоғарыдағы ойға қосылып отыр.

«Елімізге алғаш келген адам, шынымен де, экскурсия жетекшілері арқылы жаңа елді таниды. Осыған орай, менің ойымша, бұл мамандықта даярланбаған немесе ойын ережесінен хабарсыз адам жұмыс жасай алмайды», - деді ол.

Қатысушылар сонымен қатар экскурсиялық жұмыстың ахуалын, оның жағымды да жағымсыз жақтарын, осы қызмет түрінің түйткілді мәселелерін, экскурсия қызметін құқықтық реттеудегі «ойын ережелерін» талқыға салды. Дүниежүзілік экскурсия жетекшілері күніне байланысты бірқатар экскурсия ісінің ардагерлеріне алғыс хаттар табысталды.

Қарлығаш Жүсіпбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер