ҰКП Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау жұмысына мониторингті бастайды
Құрылыс саласындағы шығыс-рұқсат құжаттарын ресімдеу және беру процедурасын реттеу, салудың үлгілік ережелерін түзету – Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алға қойған міндеттердің бір бөлігі ғана. Бұған қазірде құрылыс саласында туындап жатқан түйткілдер себеп болып отыр.
Бұл тақырыптар бүгін Ғани Қасымов басқаратын Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің 20 отырысында талқыланды. «Рұқсат құжаттарын алу құрылыстың өз мерзімінен асып кетсе, бұл шыдамдылық танытатын процесс емес», - деп нақтылады Ғани Қасымов.
ҰКП дерегіне сүйенсек, орташа статистикалық нысан құрылысын бастау үшін, салушылардың 50 құжат және, аз дегенде, 260 қол жинауы қажет, ал бұған шамамен 500 жұмыс күні кетеді. Оның үстіне, Ғани Қасымов баса көрсеткендей, кабинеттер табалдырығында өткен уақыт кейде құрылыстың өзінің мерзімінен асып кетіп жатады. Бұл құрылыс кестесін бұзуға ғана емес, көбінесе банктерден кредит алатын құрылыс ұйымдарында қаржы түйткілдерінің туындауына да әкеп жатады. Сонымен қоса, Қазақстанның Салушылар қауымдастығының атқарушы директоры Аслан Түкиев айтып кеткендей, құрылыстың ақтық өзіндік құнын белгілі бір деңгейде ұстап тұру оңай емес. Әсіресе, тұрғын үй нысандары құрылысы жайлы сөз болғанда.
ҰКП мұндай жағдайға мойынсұнбақшы емес. Сондықтан да бүгін ахуалды өзгерту үшін бірнеше ұсыныс айтылды. Біріншіден, Палатада «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңының 30 бабы 3 тармағында көзделген құрылыс процесінің барлық аспектілерін толық көлемде көрсетпейтін» салудың үлгілік ережелерін өзгертуге қолдау көрсетілді.
ҰКП бұл ережелер аталмыш нормативтік актілерде көзделген құрылыс процесін тәптіштеуге тиіс, сонымен қатар бұл процесті оңтайландыруға тиіс деп есептейді. Соның ішінде, ережеде ұсынылуға қажет құжаттар тізбесі, осы мәселеге уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар тізбесі мен функциялары көзделуге тиіс. Онда сонымен қатар мемлекеттік монополия ұйымының келісуі, бекітуі, ұсынылған құжаттарды қарау мерзімдері, бас тарту негіздемелері және құрылысты реттеудің басқа да маңызды мәселелері реттемеленуі керек.
Сонымен қатар, 2015 жылы облыстар, Астана, Алматы қалалары әкімдіктері мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменттерінің қызметіне қоғамдық мониторинг басталмақшы. Сонымен қатар сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласы қатысушылары үшін біліктілік талаптары мен құжаттар тізбелерін жетілдірумен айналысатын жұмыс тобын құру да жоспарда бар. ҰКП сондай-ақ салудың үлгілік ережесі және сараптау жұмыстары мен инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын сарапшыларды аттестаттау ережесі жобасына түзетулер даярлау үшін ұсыныстар қалыптастырмақшы.
Осы салаға жетекшілік ететін мемлекеттік органдар өкілдерінің ҰКП бастамаларына қолдау көрсетіп отырғаны көңіл қуантады. «Құрылыс жабдығына қойылатын талаптардың барынша шағын тізбесін белгілеу қажет – біз мұны қолдаймыз», - деді Кеңес жұмысына қатысып отырған Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, ТКШ және жер ресурстарын басқару істері жөніндегі комитет төрағасының міндетін атқарушы Михаил Косачев. Оның айтуынша, «заңнамаға аккредиттеу, аттестаттау және лицензия беру туралы түзетулерді бастамаламақшы» болып отырған Парламент Мәжілісінің депутаттары да тыс қалмайды.
Ғани Қасымов қорыта келе ҰКП көшпелі отырыстар тәжірибесін жалғастыратынын атап өтті. «Біз олардың саны мен сапасын айтарлықтай ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», - деп түйіндеді Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес басшысы.
Жанар Бірлікқызы
Пікір қалдыру:
Пікірлер: