Өндірушілер тең жағдайдағы қатаң бәсекеге дайын
Еліміздің етті қайта өңдеу нарығында салмақты шиеленістер орын алуда. Ресейлік рубль құлдырағаннан кейін Қазақстанға көршілес елден тонналаған арзан өнім ағылды. Осындай жағдайда жергілікті өндірушілерге де оңай емес. Қостанай облысындағы ірі ет комбинаттарының бірі «Қарасу-Ет» ЖШС директоры Бауыржан Құшығұловпен бәсекеге төтеп беріп, клиенттен айрылып қалмау жолдары жайлы сұхбаттастық.
- Бауыржан Асылханұлы, егер ЕАЭО құрылғанға дейін және Ресейде орын алып отырған оқиғаларға дейін біздегі ет комбинаттары табысты оңай тауып отырса, ал бүгінгі күннің өзінде шығынға ұшырауда. Алайда Президент бизнесмендерге уақыт барда қамданып алуды бірнеше мәрте ескертіп еді ғой. Комбинатыңыз оқиғаның осылайша өрбуіне дайын болды ма?
- Біздің басымдылығымыз осы оқиғалардың барлығы орын алғанға дейін атымыз танымал болып, тұтынушыларды жаулап үлгергендігімізде болып отыр. Етті қайта өңдеу саласында жүргеніме он жылдың жүзі болды, «Қарасу-Ет» ЖШС-н 2011 жылдан бері басқарып келемін. Осы кезең ішінде өніміміз көпшілікке белгілі болып, тұтынушылардың тұрақты сұранысына ие. Әрине, КО және ЕАЭО құрылуы бәсекелестікті еселеп арттырды, және де қазірде біз дамуға, жетілуге, жаңа технологияларды игеруге әрі енгізуге тиіспіз. Жалпы, нарықтан қалып қоймауымыз керек. Ал бұл үнемі қолдан келе бермейді. Менің ойымша, әзірше түйткілдеріміз көбінесе ішкі сипатта, және де оларды табыспен шешіп жатырмыз. Алайда сырттан да қысым жоқ емес, ол күшті қысым, және де ол бізді алға жылжуға, бір орында тұрып қалмауға қамшылайды.
- Неліктен біздің кәсіпорындар оқиғаның бұлайша дамуын алдын-ала болжай алмады және осыдан келіп сақтандыру шаралары да қолданылмады емес пе?
- Жергілікті нарықта импорттық ет өнімдерінің көп екенін мойындау керек. Бағасы жөнінен бұл өнім жергілікті өндірушілермен салыстырғанда арзанырақ, ал тұтынушылар, өкінішке орай, ең алдымен бағасына қарайды. Кейбір сегменттерде сатудың түсуі тіркеліп отыр. Рубльдің құлауын басқаларға қарағанда жеңілірек өткергеніміздің себебі неде? Себебі болжадық әрі дайындалдық, біздің өз дайындамаларымыз болды. Мәселен, қазір біз өз өнімімізбен еліміздің көршілес өңірлеріне, Астанаға, Қарағанды облысына шығып жүрміз. Қазақстандықтар дәмін татып, бағаласын дейміз.
- Саланы жалпы дағдарыста дей аламыз ба?
- Егер 2013 жылдың қорытындысымен салыстырар болсақ, онда көлемі жөнінен, мысалы, көрсеткіштер төмендеген жоқ. Былтырғы 2014 жылы 10-15% өсім де байқалады. Әрине, биылғы жыл оңай басталған жоқ, дегенмен қаңтар және ақпан үнемі ең қиын айлар. Ал көктемнен бастап сату көлемін, өзім айтып кеткендей, 10-15% ұлғайтатын боламыз. Біз үнемі жаңа серіктестер іздеу үстіндеміз, тауып та жатамыз, бұл дамуға сеп болады. Менің ойымша, әріптестеріміздің де әзірше дүрбелең көтеруіне себеп жоқ.
- Қазірде үкімет және Ұлттық палата деңгейінде қаражат бөлу жоспарлануда. Бұл қаражат өз өнімін дәл осы ішкі нарықта дүкендер, сауда желілері арқылы өркендету мүмкіндігі үшін кәсіпорындардың шығындарын жабады. Біздің бизнесмендерге мұндай шара көмектеседі деп есептейсіз бе?
- Біреулерге сөзсіз көмектеседі. Нақты фирманың сауда желісі кеңейе түссе — сату жөнінен де мүмкіндік артады. Бүгінде бизнестің үні тиісті жерлерге жетіп жатқаны маңызды, бұл жағынан Ұлттық палата күрделі де аса маңызды шоғырландырылған функцияны алып отыр. Біз дөңгелек үстелдер басында кездесіп тұрамыз, түйткілдер жайлы сөз қыламыз, оларды шешу жолдарын ұсынамыз. Бұл тек қана қазіргі жағдай бойынша ғана емес, жалпы сипаттағы мәселелер болып жатады.
- Бизнес тым көп қолдау сұрап отыр дейтін де пікір бар. Мәселен, мемлекеттен...
- Біздің кез-келген бәсекелестермен жұмыс жасауға дайын екенімізді, бәрақ мұның тең дәрежеде жүруге тиіс екендігін түсіну қажет. Және де осы талаптар түрліше, соның ішінде экономикалық шындық салдарынан тең болмай отырса, қолдау қажет-ақ. Бұл таза әріптестік ұстанымы. Қазір субсидиялар келуде, кредиттік қаражат бөлінуде. Бастысы, бұл көмектің қол жетімді болуы, және де бұл жерде көп нәрсені банктер саясаты шешеді.
- Қолдауға сүйену бір бөлек мәселе, оны көрсету екінші мәселе. Әлеуметтік міндеттемелерді де ұмытпау қажет. Сіздің ойыңызша, бизнес пен қоғамның әріптестігі бүгінде қаншалықты тығыз болуға тиіс?
- Қандай жағдай болмасын қызметкерлер жапа шегуге тиісті емес. Әлеуметтік жауапкершіліктің заманауи кәсіпкердің ажырамас құрамдасы екендігіне сенімдімін. «Қарасу Ет», мысалы, жыл сайын спорттық және мәдени іс-шаралар өткізу кезінде көмек көрсетеді. Мүгедек әйелдер қоғамына, саңыраулар қоғамына қолдау көрсетуге тырысамыз. Жеңіс күнін мерекелеуге үнемі қатысып отырамыз, «Мектепке жол» науқаны аясында балаларға көмек көрсетеміз. Мұндай дүниелерден сырт қалуға болмайды, бизнес дегеніміз де адамдардан тұрады ғой. Барлық табыстар мен жетістіктерге осылардың арқасында қол жеткіземіз.
Аслан ҚҰДАБАЕВ
Пікір қалдыру:
Пікірлер: