Жоғарғы сот «Батыс-Мұнай» компаниясына салынған 700 миллион теңге көлеміндегі айыппұлдың күшін жойды
Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары сотта бір жыл бойы өңірдегі ірі кәсіпорынның мүддесін қорғады. Компания Батыс Қазақстанда күрделі жөндеумен және мұнай-газ ұңғымаларын бұрғылаумен айналысады.
Ақтөбедегі өңірлік палатаның деректері бойынша, былтырғы жылы «Батыс-Мұнай» жоспардан тыс салықтық тексеріс нәтижелеріне өзінің келіспеушілігін білдірген еді. Сондықтан да компания сотқа жүгінеді. «Біз салық департаменті мамандарының компания жеткізушілерінің бекітілмеген үлгідегі тауарлық-көлік жүкқұжатын ресімдемеуі салдарынан «Батыс-Мұнай» ЖШС-ның дизель отынын сатып алу дерегіне күмәнданып отырғанын анықтадық», - дейді ӨКП сарапшысы Руслан Күйшінов.
Заңнамаға сәйкес мұндай жүкқұжаттар бастапқы бухгалтерлік және есептік құжаттар болып есептелмейді. Сондықтан да компанияны салық және өсімпұлымен қоса 700 миллион теңгеден астам сомада айыппұл төлеу күтіп тұр еді. Өңірлік палата құқықтық блогының сарапшылары іс материалдарын зерттеп шығып, салықтардың үстеп есептелуінің заңдылығына шүбә келтіріп, сотта компанияның мүддесін танытады. Нәтижесінде былтырғы жылдың сәуір айында Ақтөбе облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен салық тексерісінің нәтижелері заңсыз деп танылды.
Салық департаментінің өкілдері өз кезегінде апелляциялық шағыммен, ал іс бойынша қатысушы прокурор апелляциялық қарсылықпен Ақтөбе облыстық сотының сот алқасына жүгінеді. 2014 жылғы маусым айында Ақтөбе облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Кейін салық департаменті қадағалау шағымын береді, ал облыстық прокуратура кассациялық қарсылық енгізеді. Нәтижесінде апелляциялық алқа қаулысы мен МАЭС шешімінің күші жойылады.
«Нәтижесінде «Батыс-Мұнай» ЖШС Жоғарғы Сотқа қадағалау шағымын береді. Бүгін азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі Жоғарғы Сот қадағалау алқасының қаулысымен Ақтөбе облыстық соты кассациялық алқасының қаулысы өзгертілді. Аппелляциялық саты қаулысы өзгеріссіз қалдырылды. Сәйкесінше, Ақтөбе облысы МАЭС шешімі де сол күйінде қалды», - деп жаңалықпен бөлісті Руслан Күйшінов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: