Алтын өндіруші компаниялар шикізатты экспорттауға ренталық салықты енгізуге қарсы
ҚР ҰКП Тау-кен және металлургия өнеркәсібі комитетінің кезекті алтыншы отырысында осындай мәлімдеме жасалды. Отырыста құрамында алтын кездесетін шикізаттық тауарларды экспорттауға ренталық салықтың енгізілуі мәселесі талқыланған болатын.
Бұл шараны асыл металдарды қайта өңдеумен айналысатын жаңа аффинаждық кәсіпорын «Тау-Кен Алтын» ЖШС ұсынып отыр. ЖШС басшылығының ойынша, отандық аффинаждық зауыттар республикада өндірілетін жоғары дайындықтағы құрамында алтын кездесетін барлық шикізаттарды қайта өңдеуге қауқарлы. Олар сонымен қатар құрамында асыл металл аз кездесетін күллі өндірілетін шикізатты қайта өңдеу үшін әрекет етіп тұрған алтын шығару, алтын байыту фабрикаларының өндірістік қуаттылықтары жеткілікті деп есептейді. «Ренталық салықты енгізу республика ішінде аффинирленген алтын өндірісінің көлемін айтарлықтай арттырады және алтын өндіру саласы мен жалпы экономика үшін жағымсыз салдарын болдырмайды», - деп сендірді «Тау-Кен-Алтын» өкілдері.
ТӨТМҚ Комитеті және «Қайталама металлургия өнеркәсіпшілерінің республикалық одағы» қауымдастығы мүшелері, сондай-ақ алтын өндіруші кәсіпорындар - «Қазақалтын» ТКК АҚ, «Алтыналмас», «Алтай Кен байыту» және «Брендт» ЖШС ренталық салықты енгізуге қарсы. Олардың ойынша, ұсынылып отырған шара негізсіз әрі лайықсыз болып табылады және алтын өндіру өнеркәсібінің дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Алтын өндіруші кәсіпорындардың ақпаратына сүйенсек, «Тау-Кен Алтын» ЖШС жаңа аффинаждық зауытындағы шығарылатын жоғары дайындықтағы өнімді ұсынылған тарифтер бойынша қайта өңдеу алтын өндіруші компаниялар үшін шығынды болып табылады және шығын өндірістің жоспарланып отырған көлемінде 2-2,5 есе жоғары болып отыр. Бір айта кететіні, «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаждық зауытындағы қайта өңдеу құны тасымалдауға кететін шығынды есептемегенде бір унцияға шамамен $ 5,5 құрайды, ал РФ аффинаждық зауыттары жеткізуді қоса есептегенде бір унция үшін $ 3,7.
ҰКП алаңында өткен талқылау қорытындысы бойынша ҚР алтын шығарушы кәсіпорындарының құрамында алтын кездесетін шикізат экспортына ренталық салық енгізудің лайықсыз екендігі туралы ұстанымын қолдауға шешім қабылданды. Балама ретінде республикалық бюджеттен субсидия, құрамында алтын кездесетін шикізатты жеткізушілерге алдын ала төлем беру және «Тау-Кен Алтын» ЖШС үшін тауар жеткізіп беру кезінде ҚҚС қайтарумен байланысты түйткілдерді жою мәселелерін пысықтау ұсынылып отыр.
Жиналыста сонымен қатар 2015 жылға арналған өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдау шаралары бойынша Іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру барысы жайлы мәселе қаралды. Бұл жоспар тау-кен металлургия кәсіпорындары жұмысының тұрақтылығына және дағдарыс кезеңінде әлеуметтік қысымға жол бермеуге бағытталған. «Өнеркәсіп» бөлімі 19 іс-шарадан тұрады, оның ішінде 12 – қара металлургия бойынша және 7 – түсті металлургия бойынша. Осыған орай Инвестициялар және даму жөніндегі министрліктің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары К.Байытов ҚР ҰКП-ның осы Жоспарды жүзеге асыруға жәрдемдесуін және белсене ат салысуын сұрап отыр.
Жиналыста «Қазгеология» АҚ басшылығы моноқалалар үшін минералдық-шикізаттық базаны орындау үшін геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетіні жайлы баяндады. Комитет мүшелері мен отырыс қатысушыларының ойынша, бұл мәселе моноқалалардың тұрақты дамуы үшін, сондай-ақ қазақстанның геологиялық барлауына әлемнің ірі халықаралық тау-кен компаниялары инвестицияларын тарту үшін өзекті.
Сонымен қатар ҰКП ТМӨ Комитетін құрамына тау-кен металлургия кәсіпорындары өкілдерін қоса отырып, кеңейту жоспарлануда.
Қарлығаш Жүсіпбекова
Пікір қалдыру:
Пікірлер: