ҰКП Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізуді қолдайды
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу бастамасына қолдау көрсетті.
Бүгін Астанада ҰКП арнайы үндеуін жария етті.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес-қоғамдастықтың жетекші бірлестігі ретінде Қазақстан Халықтары Ассамблеясы Кеңесінің президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы үндеуіне қатысты өз ұстанымын жариялауды маңызды деп есептейді» - деп мәлімдеді ҚР ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.
«Барлығымыз да әлемдік тұрақсыз экономиканың куәгері болып отырмыз. Әлемдік экономика жөніндегі 2015-2016 жылдарға арналған болжамдар көңіл қуантпайды. Металдар мен мұнай бағасы айтарлықтай төмендеп кетті. Саудадағы серіктестеріміздің ахуалы қиындауда.
Қазақстан үшін 2015 жылғы сыртқы экономикалық ахуал 2014 жылмен салыстырғанда кенет нашарлап кетуі мүмкін.
Қазақстан осындай жағдайлардан тыс қала алмайды, және де қазірдің өзінде экономика дағдарыстық құбылыстар қысымын бастан кешуде.
Сонымен қатар ел экономикасы беріктігінің қоры айтарлықтай жоғары. Елбасының бастамасымен дағдарысқа қарсы "Нұрлы жол» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары жасақталады, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіледі.
Мемлекет шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі шараларды қолдануда.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Осы шаралардың барлығы Қазақстанның дағдарыс кезеңін абыроймен жеңіп, одан бекініп шығуы үшін, шешуші шарт болмақшы.
Осыған байланысты біз мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу идеясын бір ауыздан қолдаймыз.
Бұл барлық мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың белгіленген экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмылуына септесетін болады.
Еліміздегі кәсіпкерлік қоғамдастық елдің тұрақты әрі болжалды дамуына бағытталған бастамаларды үнемі қолдап келеді және қолдай да беретін болады» - деп баса айтты Ұлттық палата үндеуін жариялаған Абылай Мырзахметов.
14 ақпанда Астанада Қазақстан Халықтарының Ассамблеясы (ҚХА) Кеңесінің отырысы өткенін, онда Кеңес мүшелерінің ҚХА атына азаматтардан келіп түсіп жатқан Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу бастамасы жөніндегі көптеген өтініштерді бір ауыздан қолдайтындықтарын білдіргенін еске саламыз. ҚХА Кеңесі мүшелерінің ойынша, өсіп келе жатқан әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу республиканың "Нұрлы жол" бағдарламасын тиімді түрде жүзеге асыруына әрі елімізді дамытудағы ұзақ мерзімдік басымдылықтарды жүзеге асыруды жалғастыруға мүмкіндік береді. "Осындай қиын кезде барлық қазақстандықтарды Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жанынан табылуға шақырамыз. Президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу арқылы экономика өсуін бекіту, жүргізіліп отырған саясаттың сабақтастығын қамтамасыз ету маңызды. Бұл бастама іс жүзінде баламасыз. Сонымен қатар, келесі, 2016 жылы президенттік және парламент сайлауларын өткізу мерзімі бір уақытта келеді. Конституция нормаларын мүлтіксіз орындау мақсатында оларды әр уақытта өткізген дұрыс", - деп мәлімдеген болатын ҚХА.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: