Миллиард сөреде жатпайды
Отандық тауар өндірушілерді қолдауға бюджеттен миллиард теңге бөлінбекші.
Мемлекет отандық тауар өндірушілердің ірі сауда желілерінде сөрелерді жалға алуын қаржыландыруды көздеп отырғаны жайлы ақпарат көптеген сауалдар туындатты. Отандық тауар өндірушілер үшін сөрені жалға алуға әрбір өңір бойынша қанша ақша бөлінбекші? Нақты кәсіпорындарға қаншасы беріледі? ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Құрбанбаева ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұстанымын көрсетіп берді.
«Біз Қазақстанда өз желілері бар ірі ритейлдердің өкілдерімен кездесулер, консультациялар жүргіздік, сауда базарларының басшыларымен сөйлестік, және де мынаны анықтадық: тауарлардың көпшілігі - нан, сүт өнімдері, жұмыртқа, консервілер, көкөністер, ет – әлеуметтік маңызы бар тауарлар тобына жатады, осыған орай бүгінде орындар жалгерлік ақыны төлеусіз ұсынылады», - дейді ҰКП төрағасының орынбасары.
Алайда егер сауда желілері жалгерлік ақыны алмайтын болса, осы миллиардты бөлудің қажеті қанша? Мүмкін, бұл ақшаны бюджетте қалдырған орынды шығар? «Болмайды», – дейді Гүлнар Төретайқызы. Себебі тауарларды өркендету мен логистика –шығынды іс.
«Сауда желілері дегеніміз – сөрелер, алаңдар бере отырып, сауда қызметтерін көрсететін құрылымдар екенін түсіну керек. Олар тауарларды сөрелерге орналастырумен, оларды сұрыптаумен, бөлшектеп салумен, тез бұзылатындарды іріктеумен айналысады, бағасын қояды, сөрелердегі тауарлардың жағдайын қадағалайды, оларды көрнекі қалыпқа келтіреді. Бұл – сауда желілерінің жұмысы. Және де оған ақша төленеді. Оның үстіне, желілердегі жұмысқа жеткізушінің дайындығы нашар болған сайын, сауда желісінің де үстеме шығыстары еселене түседі. Осыдан кейін олар осы үстеме шығыстарды, сәйкесінше, жеткізушіге ұсынады. ҚР сауда желілері сөрелеріндегі біздің отандық тауарлардың тұруын қымбаттататын да осы», - деп түсіндірді Гүлнар Құрбанбаева.
1 миллиард теңге – бұл тауар өндірушілердің осы түйткілді шешуіне көмектесуге тиіс, сонымен қатар олардың қазақстандық тауарды ҚР сауда желілерінде дұрыс жайғасуына көмектесуге тиіс қаражат.
«Заңда бұрын жұмсалып қойған қаражатты өтеу арқылы көмек көрсету мүмкіндігі жазылғанына орай, миллиард – бұл тауар өндірушінің өз тауарларын қазақстандық супермаркеттер сөрелеріне жеткізуді жүзеге асыру кезінде шеккен шығындарының орнын толтыратын қаражат», - деп түсінік берді Гүлнар Құрбанбаева.
Орнын толтыруға жататын шығындар арасында көлік шығындары, тауарды сақтау, егер Қазақстанда жасалған болса, жабдықты сатып алу, және жарнама да бар.
«Иә, өзінің жарнама науқанын жасап шығатын отандық тауар өндірушінің шығындары да өтелетін болады», - деп хабарлады ҰКП төрағасының орынбасары.
Ол сонымен бірге тауар өндірушілердің барлығы да жеткізу кестесі мен көлемін нақты ұстануға дайын еместігіне назар аудартты. Бұл да сауда желілері үшін ерекше маңызды.
«Біздің тауар өндірушілер мынаны түсінуге тиіс: дүкен бүгін толып, ертең жартылай қаңырап тұра алмайды. Және де егер сіз ірі супермаркеттің сөрелерінде жұмыс жасауға бел будыңыз ба, оған сәйкес әрекет етіңіз. Яғни егер сізбен келісім-шарт жасалса, оған сәйкес күн сайын, мәселен, сағат 11-де сіз тауарды сөреге қоюға тиіссіз, олар бос тұрмауға тиіс», - деп түсіндірді Ұлттық палата төрағасының орынбасары.
Елена Нефедова
Пікір қалдыру:
Пікірлер: