Қазақстанның шыны өндіруші компаниялары жабылуға таяу
Отандық кәсіпкерлер Ресейдегі экономикалық жағдайға орай шығын шегуде.
Қазақстанның шыны өнеркәсібі белгілі бір қиындықтарды бастан кешуде. Атап айтқанда, шыны өнімін өндіру бойынша негізгі екі зауыт - «ЕуроКристалл» ЖШС (Шымкент қаласы) және Алматы қаласындағы «САФ шыны компаниясы» жабылуға таяу.
Кәсіпорындардағы жұмысшылардың жалпы саны 908 адамды құрайды, 2014 жылы 166 828 952 бірлік шыны ыдыс өндірген. 2015 жылы зауыттар өндіріс көлемін 1,5 есе ұлғайтуды жоспарлаған, алайда қалыптасқан жағдайға орай өндіріс 90 пайызға төмендеген. Ресейлік тауар бағасының отандыққа қарағанда екі есе төмендігін ескере отырсақ, шыны өндірушілер зор шығынға батуда. Кәсіпорын басшылары айтып кеткендей, РФ өндірушілерінің бағасы қазақстандықтарға қарағанда екі есе төмен (12,6 теңге және 26,7 теңге). «САФ» АҚ наурыз айында өндірісті толық тоқтатуды жоспарлап отыр.
«Бүгінгі таңда зауыттағы жағдай айтарлықтай салмақты. Үшінші ай бірде бір тапсырыс алмай отырғанымыздың салдарынан кәсіпорынға жабылау қаупі төніп тұр», - деді «САФ» Шыны компаниясы» АҚ директоры Нұрлан Шәріпов.
Оның айтуынша, Қазақстанның шыны саласындағы түйткілдер өткен жылдың қаңтар айында, ресейлік өндірушілер тарапынан қатаң демпинг салдарынан отандық нарыққа арзан шыны ыдыс қаптап келген кезде басталған еді.
«Ресейлік рубль девальвациясы жағдайды қиындатып жіберді де, 2014 жылғы желтоқсан айында біздің өнім сапасы мен саны бірдей бола тұрып ресейлікке қарағанда тура екі есе қымбат тұратын болды. Осы сәттен бастап бізде тапсырыс жоқ», - деп түйткілімен бөлісті Нұрлан Шәріпов.
Ресейлік рубль құны әлі де түсіп жатқандықтан, көзге көрінерлік жақсару байқалып жатқан жоқ. Зауыт директоры айтқандай, егер мұндай жағдай сақталып қалса, онда бір айдан соң кәсіпорын жабылады.
«500 адамды шығарып жіберуге мәжбүр боламыз. Барлық өнім қоймада жатыр, ақша дайын өніммен тоқтап қалды. Салық, шикізат, энергия тасығыштарды төлей алмаймыз, яғни жағдай ауыр», - деп түсінік беріп кетті Нұрлан Шәріпов.
Сонымен бірге шыны компаниясының басшысы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әрекетінің арқасында отандық шыны өндірушілердің түйткілі жайлы Қазақстан Үкіметіндегілер құлағдар болып жатқанын баса айтты. Нұрлан Шәріпов олардың түйткілі бойынша жоғары деңгейде шешім қабылданып, отандық шыны өндірушілерге көмек көрсетілетініне сенеді. Оның үстіне кәсіпорын екі-үш аптаға ғана шыдайтындықтан, көмек жедел көрсетілуге тиіс.
Бір айта кететіні, «САФ» шыны компаниясы Қазақстан нарығында 15 жыл бойы қызмет еткен. Осы жылдар ішінде кәсіпорын өзін көрсете алды, клиенттік базасы да қалыптасып үлгерді.
«Ресейлік арзан рубль қысымымен зауытты тоқтатып, шамамен 500 адамды қысқартуға тура келетіндігі өкінішті. Зауытта шамамен 1 мың адам жұмыс жасаған да кездер болған. Біз ай сайын ел бюджетіне шамамен 500 млн. теңге көлеміндегі аударымдар жасап тұратынбыз. Қазір не істерімізді білмейміз, себебі жағдай жақсарар емес. РФ рублінің түсуі жалғасуда, және де ресейлік арзан бөтелке құны да сақталып отыр. Ал біздің клиенттеріміздің барлығы Ресейге кетіп қалды», - деп назаланды Нұрлан Шәріпов.
Шыны зауыты директорының айтуынша, бүгінде үш пештің біреуі ғана жұмыс жасайды. «Ай сайын шамамен 200 млн. теңге көлемінде шығын шегіп жатырмыз. Кезінде компания зауыт құрылысына кредит алған болатын және әлі күнге дейін сол қарызын төлеп болған жоқ», - деп қосты ол.
Екінші деңгейлі банктердегі екі шыны зауытының кредиті 11 млрд теңгеден астам соманы құрайды.
Кәсіпкер мемлекеттен тауардың жылжуын, арамза бәсекелестер әрекетін бақылау түріндегі көмек күтіп отыр.
«Мемлекет көмегі арзан импорттық ыдысқа тосқауыл қоюда көмектессе дейміз. Бүгінде біздің кәсіпорын ғана емес шамамен 300 адам еңбек етіп жатқан Шымкент қаласындағы «ЕуроКристалл» ЖШС-ға да қауіп төніп тұр. Зауыт жылына 60 млн ыдыс шығарады. Олардың түйткілі де дәл біздікіндей, және де олар жақында өндірісті тұжыруды жоспарлауда», - дейді Нұрлан Шәріпов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: