Рубль бағамының төмендеуіне орай қазақстандық экспортшылар ақшалай түсімнің 25 пайызына жуық көлемінен айрылуда
ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Тамақ өнеркәсібі комитеті Хатшысы Ербол Есенеев Қазақстанның тамақ өнеркәсібінде қалыптасқан жағдайға түсінік бере отырып, осындай мәлімдеме жасады.
Хатшы сөзіне сүйенсек, ресейлік рубль бағамының түзетілуіне орай өнімін Ресейге экспорттайтын қазақстандық тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары ресейлік өндірушілермен тең емес бәсекелестік жағдайына ұшырап отыр, бұл қазақстандық тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына түрліше әсер етуде.
«Рубль бағамының төмендеуі қазақстандық экспортшылар ақшалай түсімінің орташа алғанда 25 пайызға дейін азаюына және ресейлік шикізаттың арзандауы салдарынан отандық тауарлардың бір бөлігінің біршама арзан ресейлік өніммен алмасуына алып келді», - деп түсіндірді Ербол Есенеев, - бұл жағдай шекара маңы өңірлеріндегі кәсіпорындарға көп дәрежеде әсерін тигізді».
Ұлттық палата өкілі мәлімдегендей, «етті қайта өңдеу, сүт, сүт-май, кондитерлік, ұн тарту және астықты қайта өңдеу сияқты салалар ерекше сезімтал болып отыр».
Сонымен қатар, көптеген отандық ірі кәсіпорындар Ресейде жасалған ыдыстарды, орамаларды, затбелгілерді, сонымен қатар Қазақстан аумағында өндірілмейтін шикізаттың кейбір түрлерін, және де технологиялық жабдықтарды импорттайды.
«Бұл жағдайда отандық кәсіпорындардың өз сауда саясатын қысқа мерзімдік және ұзақ мерзімдік кезеңдерге дұрыс құруы мүмкін болмай отыр», - деп түсінік беріп кетті Тамақ өнеркәсібі комитеті Хатшылығының басшысы.
Өткен кезең (2014 жыл) нәтижелері бойынша отандық тағам өнімдерін өндірудің жылына орташа алғанда 10-12 пайызға тұрақты өсуі жүруде. Алайда, Ербол Есенеев атап өткендей, ҰКП алдын ала есептеулері бойынша, 2015 жылғы бірінші тоқсан үшін өндіріс көлемінің айтарлықтай төмендеуі жүруде. Бұл, бірінші кезекте, рубль бағамының түзетілуіне және әлемдік экономикадағы дағдарыстық процестерге байланысты болып отыр.
Сондай-ақ отандық тамақ өнімдерін өндірушілер ЖІӨ үлесі шамамен 3 пайызды құрайды, ал бұл шамамен 6,7 млрд АҚШ доллары.
Дей тұрғанмен, Тамақ өнеркәсібі комитеті Хатшысының пікірінше, торығуға себеп жоқ. «Кез-келген бизнес – бұл қашан да жаңару. Бұл біздің кәсіпорындар үшін бизнестегі шынығу және мектеп. Ал алдымызда ДСҰ да бар және жағдайдан шығар жол табу да керек. Бір жағынан бұл отандық кәсіпорындар үшін өз жайғасымын ел ішінде де, шетелде де нығайту үшін жақсы мүмкіндік», - дейді Ербол Есенеев.
Ол сонымен бірге отандық өндірушілердің өндірісті оңтайландыру жолымен өндіріс шығындарын азайтуды қайта қарауы қажет екенін атап өтті. «Өз бизнесін дұрыс ұйымдастырған және өндірістің бүкіл процестерін дұрыс басқара отырып, өз орнын тапқан ең ірі кәсіпорындар ғана аман қаларына сенімдіміз», - деп түйіндеді ҚР ҰКП Тамақ өнеркәсібі комитеті Хатшысы.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: