Кәсіпкерлер ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына төленетін мүшелік жарна мөлшерін өз бетінше анықтайды
Кәсіпкерлер ендігі жерде ҚР ҰКП-ға мүшелік жарна мөлшері мен төлем тәртібін өз беттерінше анықтайтын болады. Бұл туралы ҚР Ұлттық палатасының Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов Астанада өткен брифингте хабарлады. Күтіліп отырғандай, ҰКП Съезі 2015 жылғы 27 қаңтарда жарна мөлшерін өзгерту және оны төлеу жүйесін жетілдіруге қатысты шешім қабылдайды.
«2015 жылғы 1 қаңтардан бастап мүшелік жарналар саралануы, икемділігі мен одан босату мәселелері біздің жоғарғы орган – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Съезіне берілді. Бұл қимылымыз демократиялы, дұрыс әрі ашық. Кәсіпкерлер өздерінің сайланған өкілдері арқылы, ашық түрдегі талқылау арқылы жарна деңгейлерінің түрлерін, одан босатылатындар туралы шешім қабылдайтын болады. Бұған атқарушы аппарат қатыстырылмайды. Біздің міндетіміз – қағидаларды, ұстанымдарды қалыптастыру, Съез делегаттарына ақпарат беру ғана, ал олар шешім қабылдайтын болады», – деп баса айтты Абылай Мырзахметов.
Үкімет бекітетін жарнаның шекті мөлшері сол деңгейінде қалады; шынайы төленетін сома төмендейді, деп нақтылап кетті ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы. Сонымен қатар, оның айтуынша, төлем жүйесінің өзінде және тәртібінде айтарлықтай жағымды өзгерістер күтілуде.
«Егер үлкен холдинг болса, онда оның иесі, мәселен, компанияның жартысы үшін ғана төлей алады делік, – деп кейбір талқыланатын ұсыныстарды атап кетті Абылай Мырзахметов. – Егер компания жұмыскерлерінің 50 немесе одан жоғары пайыздағы бөлігі – дене мүмкіндігі шектеулі адамдар, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары өкілдері болса, онда мұндай кәсіпорындар төлемнен босатылуы мүмкін».
Басқарма Төрағасы Ұлттық палата қызметінің экономикалық әсері туралы журналистер сауалына бірнеше нақты мысалдармен жауап берді. Кәсіпкерлер құқығын қорғау желісі бойынша: бір жыл ішінде 4,5 мың өтініш келіп түскен, оның үштен бірі бизнесмендер пайдасына шешілген, соның ішінде 8,5 млрд-қа жуық сомадағы айыппұлдар, өсімұлдар және басқалары күшін жойды.
Соңғы оқиғалардың бірі – Шығыс Қазақстанда компания 470 миллион теңгені үнемдеп қалды. Бұл оған бұрындары есептелген және кейін күшін жойған айыппұл сомасы болатын. Бизнестің заңды құқығы мен мүддесін қорғау желісі бойынша ғана экономикалық әсер – 8,5 миллиардқа жуық теңге. Бұл сома ҰКП аппаратын ұстауға кететін шығындардан асып отыр. Сонымен қатар, аса зор «жанама» әсер де бар, мысалы жер дауларының шешілуі. Тек қана құқықты қорғау жөнінде мысалдар келтіріп отырғанымды баса айтамын. Айталық, мысалы, интеграциялық процестердегі ҰКП қызметі туралы, ҰКП қорғап қала алған жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау бойынша отандық бизнес ұстанымын еске алуға болады. Егер бұл орын алмағанда, қазақстандық бизнеске, біздің бағалауымызша, 20 миллиард теңге мөлшеріндегі қосымша жүктеме түсер еді», – деп жауап берді ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы.
Бүгін, 2015 жылғы 14 қаңтарда ҚР ҰКП орталық аппаратында Басқарма Төрағасының брифингі өткенін естеріңізге сала кетейік. Брифинг барысында ресейлік валюта әлсіреген жағдайда ішкі нарықты қорғауға қатысты Ұлттық палатаның ұсыныстары түсіндірілді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: