Жас кәсіпкерлер кредит қаражатын орынсыз жұмсайды
Жас қазақстандықтар жеке бизнес ашуға арналған кредит қаражатын көбінесе орынсыз жұмсайды. Бұл туралы бүгін, 24 желтоқсанда өткен ҚР ҰКП Жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі кеңесінің алғашқы отрысы барысында айтылды.
Ұлттық палата Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов қазіргі заман жастарының кәсіпкерліктің қыр-сырына оқытылуы қажет екенін атап өтіп, мысалдар келтіріп кетті. «Жас кәсіпкерлер ақшаға қолын жеткізіп алып, онымен не істерін білмейді. Ата-анасының үйін кепілге қойып, үш миллионға кредит алады. Оның үстіне жеке жүк тасумен айналыса бастайды. «Бизнестің жол картасы» аясында қолдау алады да, такси жүргізумен айналысады. Басқа да орындар бар ғой, оларды да толтыру қажет», – деді Абылай Мырзахметов.
«Қоғамдық пікір» институты зерттеуінің нәтижелері бойынша, жастар кәсіпкерлігін дамытудағы түйткілдердің бірі – әлеуетті бизнесмендерде білімнің жетіспеушілігі. Басқа да кедергілер баршылық: салық мөлшерлемелерінің жоғарылығы, әкімшілік кедергілер мен заңнаманың кемшіліктері. Сонымен бірге, сауалнама қорытындысы бойынша, жастар жеңілдікпен кредиттеуге, тауарларды өткізу нарығын іздеуде мемлекеттік көмекке және басқаларына зәру.
ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанынан Жастар кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі кеңес құрылғанын естеріңізге сала кетейік. ҚР ҰКП консультативтік-кеңесу органы Қазақстанда осы саланы дамыту үшін және мемлекеттік және қоғамдық құрылымдар әрекеттестігін үйлестіру үшін қажет шаралар кешенін дайындау, сараптамалық бағалау және өркендетуге негізделген. Кеңес құрамына жас кәсіпкерлер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚР ҰКП, ҚР Ұлттық банкі, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры, ҚР Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі өкілдері, сондай-ақ БАҚ өкілдері кірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: