Шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге қойылған шектеу нәтижелері – ҚР ҰКП зерттеуі
Бизнес-ортаны бұдан арғы түбегейлі жақсарту мақсатында «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» ҚР Президентінің 27.02.2014 жылғы № 757 Жарлығымен 2014 жылғы 2 сәуірден бастап 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий енгізілді.
ҚР Президентінің осы Жарлығының ережелерін ескере отырып, жеке кәсіпкерлік субъекілерін тексеру саны туралы мәліметтерді, Статистика жөніндегі комитеттің статистикалық деректерін және басқа да ақпаратты талдай келе, мынадай қорытынды жасауға болады.
1. 2014 жылғы тексерістер талдауы 2013 жылмен салыстырғанда («ҚР мемлекеттік органдары жүзеге асыратын тексерулерді тағайындау туралы актілерді тіркеу туралы» ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есептер жөніндегі комитетінің № 1-П формасындағы есебі), мынаны көрсетеді:
- 2014 жылғы 9 ай ішінде тексеріс тағайындау туралы тіркелген актілердің барлығы 70 967 немесе былтырғы жыл деңгейінен 33,0% (2013 жылы – 214 759);
- сонымен бірге жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеру 28 109, үлес салмағы – 39,6% (2013 жылы - 64,6%). Яғни ШОБ субъектілерін тексеруге енгізілген мораторий арқасында тексерулер жағдайы түбегейлі өзгерген, егер былтырғы жылы тексерістердің 2/3-сі жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты болса, үстіміздегі жылы, керісінше, тек 1/3;
- соның ішінде шағын бизнес - 15 609, барлық тексерулердегі үлес салмағы 22,0% (2013 жылы – 43,8%) немесе жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеруден 55,5% (2013 жылы – 67,9%);
- орта бизнес - 5509, барлық тексерулерден үлес салмағы 7,8% (2013 жылы – 15,3%) немесе жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеруден 19,6% (2013 жылы – 23,7%);
- жалпы шағын және орта бизнес – 21118 тексеріс, барлық тексерістерден үлес салмағы 29,8% (2013 жылы – 59,1%) немесе жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексеруден 75,1% (2013 жылы – 91,7%).
2014 жылы ШОБ тексерулерінің саны сөззсіз төмендеуімен қоса (мораторий де осыған бағытталған еді) тексерістердің жалпы санындағы ШОБ тексерістері үлес салмағының да айтарлықтай екі есе төмендегені байқалады. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексерулердегі ШОБ тексерулері үлес салмағының төмендеуі мұндай көп емес, 2013 жылғы 91,7%-дан 2014 жылғы 75,1% дейін. Басқаша айтқанда, 2014 жылдың 3 тоқсанындағы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жасалған әрбір төрт тексерістің үшеуі ШОБ субъектілеріне қатысты болған.
Тәуекел топтары жағынан жүргізілетін тексерулер құрылымы айтарлықтай өзгерген. Сонымен, 2014 жылғы 9 айда жоғары тәуекел тобымен тексерудің үлес салмағы 38,2% құраған (тәуекел дәрежелері бар 44 313 тексеруден 16 939), өткен жылдың сәйкес кезеңі үшін 18,7% болғанда. Яғни мораторийдің енгізілуі мемлекеттік органдардың жоғары тәуекел тобындағы тексерістердің үлес салмағын екі еседен артық арттыруға мүмкіндік берді, бұл да шешімнің дұрыстығын растайды. Біздің ойымызша, бұл топтағы тексерістердің үлес салмағы басқа тексерістерден кем дегенде 50% асуға тиіс.
Орта тәуекел тобындағы тексерістердің үлес салмағы төмендеген және 2013 жылғы 9 ай ішінде 23,5% жағдайында 18,2% құрап отыр. Біздің пікірімізше, бұл мақсаттар тұрғысынан онша дұрыс емес қозғалыс. Бұл топтағы өсімге қол жеткізу қажет.
Елеусіз тәуекел тобындағы тексерістердің үлес салмағы 2013 жылғы 9 айдағы 57,8% жағдайында 43,6% құрады. Бұл топта төмендеуге қарай жылжу белгіленіп отыр, алайда оның қарқыны болмашы ғана. Ерекше қажеттілік жоқ жерде «үрей» тудырудың қажеті қанша, деген сауал туындайды, одан да тексерістер санын арттырумен емес, олардың тиімділігіне, атап айтқанда, бұзушылықтар тәуекелі жоғары жерге жұмылған дұрыс сияқты. Біздің ойымызша, тексерістерден үлес салмағы жоғары тәуекел тобында шамамен 60%, орта тәуекел тобында – 30-ти%, ал елеусіз тәуекел тобында – 10 %-дан аспауға тиіс.
Анықталған бұзулармен тексерістердің үлес салмағы сонша өзгермеген. 2013 жылы да, үстіміздегі жылы да ол 47-50 % деңгейінде қалып отыр, сәйкесінше, нәтижесіз тексерістердің де үлес салмағы өзгермеген деуге болады (шамамен 50-53 %).
Заңсыз тексерулер мөлшері күрт төмендеген, бірақ тексерісер тағайындау туралы актілерді тіркеуден бас тарту саны бұрынғыша жоғары деңгейде қалып отыр (2014 жылғы 8 ай ішінде 550 акт). Тіркеуден бас тартудың себебі көбінесе «Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүзеге асыратын тексерістерді есепке алу және бақылау, бірыңғай мемлекеттік тіркеу жүргізу туралы нұсқаулықтың» 11 тармағы 14 және 15 тармақшаларын бұзу, атап айтқанда, хабарлама туралы деректердің жоқтығы, немесе алда болатын тексеріс туралы жеке кәсіпкерлік субъектісіне хабарлау мерзімін сақтамау, және де тексеріс жүргізу тәртібін және талаптарын реттемелейтін нормативтік-құқықтық актілер талаптарын бұзу болып табылады.
Соңғы жылдары тексерістер санын ретке келтіру және қысқарту үшін көп нәрсе жасалды. Бірқатар мемлекеттік органдарда тексерістерді тағайындағанда басшылыққа алынатын тәуекелдерді басқару жүйелері енгізілген, қызмет көрсету стандарттары енгізілген, камералдық бақылау элементтері белсенді түрде қолданылады, электронды түрде қызметтердің кең ауқымы ұсынылады және т.б. Осы әрекеттердің арқасында мемлекеттік органдардың жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізетін тексерістер саны соңғы жылдары үнемі қысқартылады. Сонымен, 2013 жылы жеке кәсіпкерлік субъектілерінде 183 503 тексеріс жүргізілген, 2012 жылы –246 946, 2011 жылы - 282 157, 2010 жылы – 349236, яғни соңғы 4 жылда ғана (2014 жылғы мораторийге дейін) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізілетін тексерістер саны екі есеге жуық қысқарып отыр. 2014 жылғы 9 айға келер болсақ, 2013 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізілетін тексерістер саны бес есеге төмендеген. Бизнес те бұған барабар жауап қатып отыр – іс жүзінде барлық көрсеткіштер бойынша айтарлықтай өсім байқалады.
Тікелей 2014 жылғы 2-3 тоқсандағы деректер (2014 жылғы 1 сәуірден 30 қыркүйекке дейінгі аралық), яғни ШОБ субъектілерін тексеруге мораторий жарияланған тұс, мынаны көрсетеді:
- тексерістер тағайындау туралы тіркелген актілер 37 593 немесе былтырғы жылғы деңгеймен салыстырғанда 24,7% (2013 жылы – 152 394);
- сонымен бірге жеке кәсіпкерлік субъектілерінде 8 503, былтырғы жыл деңгейінен – 8,3% (2013 жылы – 102 614);
- оның ішінде шағын бизнес - 2820, орта бизнес - 931, жалпы шағын және орта бизнес - 3750 тексеріс, барлық тексерістерден үлес салмағы 10,0% (2013 жылы – 62,0%) немесе жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізілген тексерістерден 44,1% (2013 жылы – 92,1%).
Тәуекелдер тобы жағынан жүргізілетін тексерістер құрылымы айтарлықтай өзгерген. Сонымен, 2014 жылғы 2-3 тоқсанда жоғары тәуекел тобымен тексерістердің үлес салмағы 44,3% құраған (тәуекелдер дәрежелерімен 33 383 тексерістен 14 786 ), ал өткен жылдың сәйкес кезеңі үшін көрсеткіш 18,6% болып отыр. Яғни мораторий енгізу мемлекеттік органдардың жоғары тәуекел дәрежесіндегі тексерістердің үлес салмағын екі жарым есеге арттыруына көмектескен, бұл да дұрыс шешім болып табылады. Орта тәуекел тобымен тексерістердің үлес салмағы төмендеген және 17,4% құрайды, ал 2013 жылғы 2-3 тоқсанда бұл 22,1% болған. Елеусіз тәуекел тобындағы тексерістердің үлес салмағы 38,3% құраған, ал 2013 жылғы 2-3 тоқсанда бұл 59,2% болған. Бұл тәуекел тобында төменге қарай қозғалыс белгіленген, бірақ бұл топта тексерістің қырық пайызға жуық болуы тым көп.
Анықталған бұзулармен тексерістердің үлес салмағы соншалықты өзгермеген. 2013 жылы да, үстіміздегі жылы да ол 47-50 % деңгейінде қала береді, сәйкесінше, нәтижесіз тексерістердің үлес салмағы да іс жүзінде өзгермеген (шамамен 50-53 %).
Ескертпе. Талдау жүргізу кезінде ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің «ҚР мемлекеттік органдары жүзеге асыратын тексерістерді тағайындау туралы актілерді тіркеу туралы» № 1-П формасындағы есебінің деректері 1.09.2014 жылға дейін ғана болды, сондықтан да 2014 жылғы 9 ай ішіндегі және 2-3 тоқсандағы бірқатар көрсеткіштер 2014 жылғы сәуір-тамыз айларындағы тенденцияға қарай осы арақатынаста орнатылды. Дегенмен де, күтілетін ауытқулар болмашы ғана және жалпы қорытындыларға әсер етпейді.
2. 2014 жылғы ШОБ субъектілеріне тексерістерге қойылған мораторийдің жедел нәтижелері (ҚР ҰЭМ Статистика жөніндегі комитетінің мәліметтері бойынша) төмендегілерді мораторийдің жағымды нәтижесі деп есептеуге болатынын көрсетеді:
- тіркелген ШОБ субъектілері санының өсуі. Мораторий әрекет еткен бірінші тоқсанның өзінде (2014 жылғы сәуір-маусым) тіркелген ШОБ субъектілерінің саны 15 606 бірлікке артқан (заңды тұлғалдар – 3 742-ге, жеке кәсіпкерлер – 14 011-ге), ал жарты жылда (2014 жылғы сәуір-қыркүйек) – ұлғаю 57 741 бірлікті құрады (заңды тұлғалар – 7 105-ке, жеке тұлғалар – 48 202-ге);
- ШОБ белсенді субъектілері санының өсуі. 1.10.2014 жылға дейінгі жай-күйі бойынша 1.10.2013 жылмен салыстырғанда белсенді ШОБ субъектілерінің саны 99 644 бірлікке немесе 13,2%-ға артқан. Осылайша, ШОБ субъектілеріне тексеріске қойылған шектеулер әрекет еткен жарты жыл ішінде ғана белсенді субъектілер санының өсу қарқыны соңғы 9 жылдағы жылдық орташа өсу қарқынынан екі есеге дерлік асып түсіп отыр (7,5%). Сонымен бірге, осы 6 айдағы белсенді ШОБ субъектілері санының өсімі өткен жолғы мораторий нәтижелері бойынша өсімнен бір жарым есе асып түскен (2008 жылы 64 445 субъектіге өскен);
- ШОБ-та жұмыс жасайтындар санының өсімі. 1.07.2014 жылға дейінгі жай-күйі бойынша 1.07.2013 жылмен салыстырғанда ШОБ-та жұмыс жасайтындар саны 146 664 адамға немесе 5,7%-ға ұлғайған, ал 2014 жылдың бірінші тоқсанында (мораторий енгізілгенге дейін) жұмыс жасайтындар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мүлдем өзгермеген, керісінше 0,1% төмендеген. Оның үстіне, ШОБ субъектілерін тексеруге қойылған мораторий әрекет етіп тұрған 3 ай ішінде ғана жұмыс жасайтындар санының ұлғаюы соңғы 9 жылдағы өсудің жылдық орташа қарқынынан асып түскен (4,6%);
- ШОК субъектілерінің өнім шығаруының айтарлықтай өсуі. Сонымен, 2014 жылғы бірінші жарты жылдықта ШОК субъектілерінің шығарған өнімі 5 776,4 млрд. теңгені құрады, ал 2013 жылғы сәйкес кезеңде бар-жоғы –4 193,8 млрд. теңге, 1 582,6 млрд. теңгеге немесе 37,8% ұлғайып отыр. Ал 2014 жылғы бірінші тоқсанда (мораторий енгізгенге дейін) өсім бар-жоғы 20,3% құраған. Осылайша, ШОК тексеруге жарияланған мораторий әрекет еткен бір тоқсанда ШОК субъектілерінің соңғы 9 жылдағы өнім шығарудағы жылдық орташа өсімінің көрсеткіші бір жарым есе артып отыр (27,1%);
- ШОБ-тағы еңбек өнімділігі бойынша да жағдай осыған ұқсас. Сонымен, 2014 жылғы бірінші жарты жылдықтағы ШОК-тағы бір жұмыс жасаушыға шаққанда еңбек өнімділігі 2,1 млн. теңгені құраған, ал 2013 жылғы сәйкес кезеңде – 1,6 млн. теңге, өсім 31,3% болды. Яғни 2014 жылғы бірінші жарты жылдықта (негізінде екінші тоқсанда) соңғы 9 жылдағы жылдық орташа өсіммен салыстырғанда ШОК-тағы еңбек өнімділігінің (өткен жылдың сәйкес кезеңіне қатысты алғанда) бір жарым есе жоғары өсіміне қол жеткізіліп отыр (21,9%). Өткен жолғы мораторий кезеңінде осындай жағдай қалыптасқан, онда 2008 жылы ШОБ субъектілеріндегі еңбек өнімділігі 190,1% ұлғайған еді;
- аталмыш сандық көрсеткіштердің өсуі (тіркелген субъектілер саны, белсенді субъектілер саны, жұмыс жасайтындар саны, өнім шығару көлемі және еңбек өнімділігі) сапа жағына өсіп отырғаны анық, бұл ШОК субъектілерін тексеруге қойылған шектеудің тікелей нәтижесі. Өткен жолғы мораторийдің (2008 жылғы) жоғарыда келтірілген деректері мен нәтижелері мұны айқын растап отыр. Сонымен, 2005 жылдан бастап 2013 жылға дейінгі кезеңде шағын кәсіпкерліктегі белсенді субъектілер саны 69,9%, жұмыс жасаушылар саны 20,7% өссе, ал өнім шығару 2,5 еседен артық ұлғайған (266%). ШОБ субъектілерінде де осындай жағдай – 2005 жылдан бастап 2013 жылға дейінгі кезеңдегі белсенді субъектілер саны 71,8% өскен, жұмыс жасайтындар саны 40,5%-ға, ал өнім шығару өсімі 584,2% (6 есе дерлік) құраған. 2014 жылғы аралық нәтижелер де мұны растайды, әсіресе, ШОК-та жұмыс жасаушылар өсімі, ШОК субъектілері өндіретін өнім көлемінің ұлғаюы және еңбек өнімділігінің өсуі жағынан;
- Қазақстан экономикасына мораторийдің жағымды әсеріне тағы да бір дәлел ҚР мемлекеттік бюджетіне түсетін салықтар мен төлемдер түсу қозғалысынан көрінеді. Шынымен де, 2008 жылы (өткен жолғы мораторий әрекет еткенде) түсімдер өткен жылғы деңгейінде қалды, 2009 жылы тіпті шамалы төмендеді (8,7%), алайда 2010-2011 жылдары-ақ ШОБ тексеруге өткен жолғы мораторий жүргізілген кезеңде негізі салынған жағымды тұстардың нәтижелері (субъектілер, жұмыс жасайтындар санының және өнім көлемінің өсуі) өз жемісін берді – бюджетке түсім өсімі алдындағы кезеңдерге шаққанда 2010 жылы 129,1%, ал 2011 жылы 134,6% құрады. 2014-2015 жылдары ШОК субъектілерінен бюджетке түсімнің өсуін күту толығымен негізделген, себебі өндііріс көлемі мен еңбек өнімділігінің өсуі бюджетке жеке және корпоративтік табыс салықтары түсімінің ұлғаюына тіке пропорциялы түрде әсер етеді, ал жұмыс жасаушылар санының өсуі – бюджетке жеке табыс және әлеуметтік салықтар түсуінің ұлғаюына. 2014 жылғы бюджетке түсімнің жедел деректері бұны растайды: 2014 жылғы 9 айдағы жалпы түсім былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 8,3% ұлғайған, кәсіпкерлерден ЖТС бойынша – 9,7%, еңбекақыдан ЖТС –13,4%, заңды тұлғалардан (мұнай секторын қоспағанда) КТС – 19,4%, әлеуметтік салық –14,0%.
Жоғарыда келтірілген деректер Елбасының 2014 жылы шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жариялау шешіміне ШОБ-тың барабар жауап қатқанын көрсетеді. Бизнес-климатты жақсартуға бағытталған бұл шешім жалпы кәсіпкерлікті және әсіресе ШОБ-ты қолдауға және оны дамытуға бағытталған бірқатар ықпалды шаралардан тұрады. ШОБ та бұны дәлелдеп отыр.
ШОБ тексеруге жарияланған мораторий бизнестің мемлекеттік органдар жүргізетін ешкімге қажеті жоқ тексерістерден еркін тыныстауына мүмкіндік берді. Қауіпсіздік, сонымен қатар заңдылық мәселелері күшін жоймағандықтан, мораторийдің жүз пайыздық емес екенін атап өту қажет. Және де мемлекеттік органдар көбіне-көп еш нәтиже бермейтін, тек мемлекеттік органдар мен бизнестің өздерінің негізгі міндеттерін атқаруына бөгет болатын ойсыз әрі сансыз тексерістер жүргізбесе де, жағдайды қадағалауды жалғастырып жатыр.
Жалпы жеке кәсіпкерлік субъектілерін, соның ішінде ШОБ субъектілерін тексерудің жалпы санын қысқартуда, елеусіз дәрежедегі тәуекелдегі тексерістердің үлес салмағы күрт төмендеп (2013 жылғы 9 айда 57,8% -дан 2014 жылғы 9 айда 43,6%-ға дейін), сәйкесінше тәуекелдің жоғары деңгейіндегі тексерістердің үлес салмағы ұлғайды (2013 жылғы 9 айда 18,7%-дан 2014 жылғы 9 айда 38,2%-ға дейін). Тексерістер бойынша сауалдар жеткілікті, мысалы, нәтижесіз тексерістердің үлес салмағы айтарлықтай өзгермейді (жартысынан көбі), алайда жағымды жылжулар да белгіленіп отыр. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Бақылаушы органдар тексеру керек екен деп емес, қажет болған жағдайда ғана тексеруге тиіс. Тексерушілерді әрбір тексерісте бұзушылықты анықтауға бағдарлаудың қажеті жоқ. Бұзушылықтар «профилактикасымен» айналысу, ескертуге бағытталған алдын алу шараларын әзірлеп, енгізу қажет. Бизнесті өз ісін құқықтық алаңда жүргізуге, тексерушілерден қорықпай, ең төмен моральдық және қаржылай шығынға әкелетін тексерістерге назар аударуға үйрету қажет. Тексерушілер көрінеу кінәлілерді масқаралаушы жазалаушы орган емес, бизнес құруға көмектесуші серіктестерге айналуға тиіс.
3. 2014 мораторийдің күтілетін нәтижелері болашақтағы тексерістерді реттеумен бірге (жоспарлы тексерістерді тоқтату; мемлекеттік органдардың ТБЖ енгізуі; жоспардан тыс тексерістер тағайындау үшін негіздемелердің қысқартылуы; рұқсаттар мен хабарламалар бойынша, кәсіпкерлік үшін жағдайды түбегейлі жақсарту бойынша, өзін-өзі реттейтін ұйымдар бойынша заң жобаларын, Кәсіпкерлік кодексін және т.б. қабылдау):
- тексерістерді жүргізуге деген ұстанымдарды жазалаудан ескерту немесе профилактикалыққа өзгерту, тексерістердің біршама мақсаттық бағыттылығына қол жеткізу;
- тексеруші мемлекеттік орган үшін тексерістер өз мақсаттық тобын болашақта реттеу саясаты мен тәжірибесін түзету мақсатында оның проблемалары мен жетістіктері туралы объективті және сенімді ақпараттың алғашқы көзі болуға тиіс;
- ШОБ тіркелген және белсенді субъектілері санын, жұмыс жасаушылар санын, өнім шығару көлемін, еңбек өнімділігін және ШОБ дамуының басқа да көрсеткіштерін ұлғайту, бұл ақырында ҚР Президенті қойған негізгі міндет – Қазақстан ЖІӨ-ге ШОБ үлесін арттыруға септесетін болады;
- кәсіпкерлер тексерушілерге алаңдамайды және өз қызметкерлерін өндірістік емес мақсаттарға алаңдатпайды, оларда өздерінің негізгі қызметі үшін уақыт табылып, бұл өндіріс көлемі мен бизнестің өзін ұлғайтуға мүмкіндік береді;
- тағы да бір маңызды мәселе – ақша. Тексерістер жүргізгенде болжанбаған өндірістік емес шығындар да туындап жатады (өнімнің бір бөлігін сараптамаға алып кету, тексерушілер үшін қосымша жұмыс орындары, қосымша көлік шығындары, қағаз, байланыс, шығыс материалдары және т.б.);
- бизнестің өндірістік емес шығындарын төмендету, себебі бизнес сотта тексеру нәтижелеріне дауласқан кезде үлкен шығындар шегетіні белгілі (мемлекеттік баж, сараптама, адвокаттар және т.б.);
- тексерулер жүргізгенде тексерушілер тарапынан жемқорлық көріністерінің ең жоғары тәуекелі туындайтыны ешкімге құпия емес. Кәсіпкерлер тексерушілерден «босатылуға» мәжбүр болады, тіпті кейде бұзу болмаса да («керек болып қалар», «бірдеңе тауып алып жүрсе» және т.б.). ең төмен бағалай бойынша бұл «өтемдердің» жалпы сомасы (тек тексерістер бойынша ғана) – бірнеше миллиард теңге, бұны ШОБ субъектілері, мысалы, өндірісті дамытуға қолданар еді;
- кәсіпкердің ертеңгі күн үшін алаң болмауы да маңызды. Ол қандай да бір әлі келмейтін айыппұл салуға, табысын, өнімін алып қоюға және басқа да мәселелер үшін ешкімнің келмейтініне сенімді болады. Кәсіпкерде өз бизнесін жақсартуға және кеңейтуге қосымша ынта пайда болады;
- тексерістерге мораторий өз қызметін қатаң түрде қолданыстағы заңнама аясында жүзеге асыру бойынша кәсіпкерлердің өздерінің жауапкершілік деңгейін көтеруді болжайды.
Кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша респонденттердің көпшілігі мемлекеттік органдар тарапынан жиі болатын тексерістер кәсіпкерлік қызмет дамуына кері әсер етеді деп есептейді; тексерістер жүргізуге мораторий енгізудің мақсатқа лайықтығын сұралғандардың көпшілігі растайды (80%-ан астам); бақылаушы органдардың тексерістері шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің дамуын бөгейді.
Демек, шағын және орта бизнес субъектілерін тексреуге мораторий жалпы экономикадағы бұл сектордың ролін күшейтуге бағытталған, бизнесті қолдау бойынша мемлекет тарапынан жасалған тиімді шаралардың бірі болып табылады. Іс жүзінде құқықтық қатынастар және құқық қолдану бағыттарының барлық салаларын тексеріспен жаппай қамту да орын алып тұрады, ал мораторий енгізу, сонымен қатар мемлекет тарапынан кәсіпкерлік құқығын қорғаудың осыған ұқсас шараларын қолдану тексеруші органдар тексерістерінің саны мен сапасын қысқартуға және ретке келтіруге ғана емес, ШОБ субъектілерінің өз қызметі нәтижелерін жақсартуына ынталандыруға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер өз кезегінде мемлекеттік органдарға кәсіпкерлік қызметпен айналысумен тікелей байланысты қолданыстағы заңнама нормалары бойынша түсіндіру іс-шараларын көбірек жүргізуді ұсынады.
Мораторий – бұл елдегі жағымды кәсіпкерлік климат қалыптасу бойынша, «мемлекет – бизнес» координаттар жүйесіндегі қарым-қатынастар құру бойынша келесі қадам.
Мораторий жүргізу кезеңінде ШОБ барлық негізгі көрсеткіштерінің өсімі субъектілер мен жұмыс жасаушылар саны, өнім өндіру көлемі мен еңбек өнімділігінің іс жүзіндегі өсімімен ғана емес, ШОБ субъектілерін заңдастырумен де, өз қызметін жасырып келген кәсіпкерлерді «көлеңкеден» шығарумен де шартталады. Бұған дәлел ШОБ тіркелген субъектілері өсімінің алдында ШОК белсенді субъектілері санының басымдылықты өсімі бола алады. Ал бұл ШОБ белсенді субъектілері санының жай ғана өсімі емес, бұл ШОБ-тағы жалдамалы жұмысшыларды заңдастыру, ШОБ саласында ресми жұмыс жасаушылар санының ұлғаюы (демек жұмыскерлерге төленетін еңбекақыны да заңдастыру), әсіресе қолма-қол ақшамен есеп айырысуда жұмыс жасайтын ШОБ субъектілері өндіретін өнім көлемін заңдастыру (азық-түлік өнімдері, көпшілік қолданатын арзан тауарлар өндірісі, сауда, қызмет көрсету және т.б. салаларда).
Ақырында шағын және орта бизнес субъектілерінде тексеріс жүргізуге мораторий мемлекеттік қолдаудың басқа да шараларымен бірге ҚР Президенті алға қойған негізгі мақсат – ШОБ-тың ҚР ЖІӨ-ге үлесін арттыруға қол жеткізуге септеседі.
4. Жүргізілген талдауға орай мынадай негізгі қорытындылар жасауға болады.
4.1. Жағымды:
- ШОБ субъектілерін тексеруге енгізілген мораторийді ескере отырып тексерістермен арадағы жағдай түбегейлі өзгерді, егер былтырғы жылы тексерістердің 2/3-сі дәл осы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тисе, ал үстіміздегі жылы, керісінше, тек 1/3;
- тәуекел топтары жағынан жүргізілетін тексерістер құрылымы айтарлықтай өзгерді. Яғни мораторий енгізу мемлекеттік органдардың жоғары тәуекел тобындағы тексерістердің үлес салмағын екі еседен астам ұлғайтуға мүмкіндік берді;
- ШОБ тіркелген субъектілері санының өсуі;
- ШОБ белсенді субъектілерінің басымдылықты өсуі;
- ШОБ-та жұмыс жасайтындар санының өсуі;
- ШОБ субъектілерінің өнім шығаруының айтарлықтай өсуі;
- ШОБ-та еңбек өнімділігінің басымдылықты өсуі;
- ақырында сандық көрсеткіштердің өсуі ҚР Президенті алға қойған негізгі міндет – ШОБ-тың Қазақстан ЖІӨ-ге үлесін арттыруға септеседі;
- сандық көсреткіштердің өсуі сапаға ауысары анық. ҚР мемлекеттік бюджетіне салықтар мен төлемдердің түсу қозғалысы өткен жолғы жүргізілген мораторийден кейін бюджетке түсімдер көлемінің артқанын көрсетеді. 2014-2015 жылдары да ШОБ субъектілерінен бюджетке түсімдер өсуін күту толығымен негізді;
- тексерістер жүргізуге деген ұстанымдарды жазалаудан ескерту немесе профилактикалыққа өзгерту, тексерістердің біршама мақсаттық бағыттылығына қол жеткізу;
- кәсіпкерлердің өздерінің негізге қызметі үшін уақыт босату;
- бизнестің өндірістік емес шығындарын қысқарту;
- жемқорлық көріністері тәуекелін қысқарту;
- кәсіпкердің ертеңгі күнге деген алаңсыздығы мен сенімділігі;
- кәсіпкерлердің өз қызметін қатаң түрде қолданыстағы заңнама аясында жүзеге асыру бойынша жауапкершілік деңгейін көтеру;
- «мемлекет – бизнес» координаттар жүйесіндегі қарым-қатынастар құру бойынша, елде жағымды кәсіпкерлік климат қалыптастыру;
- ШОБ субъектілерін заңдастыру, өз қызметін жасырып келген кәсіпкерлерді «көлеңкеден» шығару.
4.2. Жағымсыз:
- Жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексерудегі ШОБ тексерудің үлес салмағын төмендету айтарлықтай емес (2013 жылғы 91,6%-дан 2014 жылғы 75,1% дейін), 2014 жылғы 9 айда жеке кәсіпкерлік субеъектілерін әрбір төрт тексерудің үшеуі ШОБ субъектілеріне қатысты болған. 2014 жылғы 2-3 тоқсанда жүргізілген 8503 тексерістің жартысы дерлік ШОБ-қа тиесілі болып отыр (3 750);
- Елеусіз тәуекел тобында төмендеу қарқыны белгіленді, бірақ оның қарқыны жеткіліксіз, себебі жоғары тәуекел тобымен тексерістердің үлес салмағы шамамен 60% болуға тиіс, орта тәуекел тобымен – 30%, ал елеусіз тәуекел тобымен – 10 %-дан аспайды;
- анықталған бұзулармен өткен тексерістердің үлес салмағы іс жүзінде өзгермейді, яғни тексерістердің жартысы бұзуларды анықтамайды, алайда бұл тексерістер жүргізіледі, бюджет ақшасы, кәсіпкерлердің уақыты мен қаражаты жұмсалады. Тексерістер нәтижелерінің болмауы мемлекеттік органдар ТБЖ қателігінен, не болмаса тексерістер барысындағы жемқорлықтан хабар береді. Бақылаушы органдар керек болған соң емес, қажет жағдайда ғана тексеруге тиіс (мысалы, өмірге, денсаулыққа, қоршаған ортаға және т.б. қауіп төніп тұрған жерде). Бұзуларды анықтау (анықтамау) – бұл мемлекеттік органдар талдауға, қорытынды жасауға және жеке кәсіпкерлік субъектілері қызметін реттеу тәртібін, формасы мен мазмұнын түзетуге тиіс статистика ғана;
- тексеру тағайындау туралы актіні тіркеуден бас тарту саны жоғары деңгейде қала береді (2014 жылғы 8 айда 550 акт). Тексерістер тағайындау туралы заңсыз актілер шығарған шенеуніктерді жазалау туралы ақпаратты жариялау қажет;
- ірі бизнесті тексеру санының төмендеуі жөнінде сауалдар туындайды: 2013 жылғы 2-3 тоқсанда 8 148 және 2014 жылғы 2-3 тоқсанда 4 753, яғни ірі бизнес субъектілерін тексеру саны екі есеге дерлік төмендеген.
2014 жылғы ШОК белсенді субъектілері санының өзгеруі
2014 жылғы ШОҚ субъектілері еңбек өнімділігі, теңге
Пікір қалдыру:
Пікірлер: