Мәжіліс отырысында отандық жеңіл өнеркәсіптің дамуы талқыланды
«Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс кеңесінің отырысы өтіп, оның барысында отандық жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселелері талқыға салынды. Пікірталасқа ҚР ҰКП, Қазақстанның Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы өкілдері, сонымен қатар бірқатар отандық кәсіпорындар басшылары қатысты.
Жеңіл өнеркәсіп – адамдар өмірінің деңгейін көтеру және қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған отандық экономиканың әлеуметтік-бағдарлы құрамдастарының бірі. ҚР жеңіл өнеркәсібі ірі және орта кәсіпорындарында жұмыс жасайтын жалдамалы жұмыскерлер саны шамамен 14 мыңды құрайды (олардың жартысы – әйелдер).
Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худованың айтуынша, тоқыма және тігін өнеркәсібі ішкі нарығының қажеттіліктері тек 10%, аяқ киім бойынша 1% қанағаттандырылған. Кәсіпорындардың өндірістік қуаттылықтары толық жүктелмеген. Мысалы, аяқ киім бойынша бар-жоғы 15%-ға, тоқыма бұйымдар бойынша 33%-ға, шұлық-ұйық өнімдері бойынша орташа алғанда 22%. «Медиатекс» ЖШС директоры Олег Носов өз ойында жүрген жеңіл өнеркәсіптегі үш негізгі түйткілді атады: ішкі нарықтың қорғалмағандығы, заңнаманың жетілмегендігі және өндірілетін өнімнің өзіндік құнының жоғарылығы.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов атап өткендей, саланың негізгі түйткілі тиімділіктің төмендігі және жобалардың өтелімдігінің ұзақ мерзімі салдарынан инвестициялық тартымсыздық, кәсіпорында айналымдық қаражаттың жетіспеушілігі, сондай-ақ тоқыма кәсіпорындары жұмысының негізгі шикізат жеткізушілері болып табылатын ауыл шаруашылық өндірушілеріне тәуелділігі болып отыр.
Жеңіл өнеркәсіптегі жағдайды жақсарту үшін Елбасы тапсырмасы бойынша ҚР Инвестициялар және даму министрлігі үстіміздегі жылдың қазан айында сала түйткілдерін шешуге бағытталған Іс-шаралардың кешенді жоспарын жасап шықты. Құжат талдап тексеруді және осы іс-шаралар орындалуының мерзімін нақтылауды талап етелі. Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар жеңіл өнеркәсіп дамуын қолдау бойынша Үкіметке бірқатар нақты ұсыныстар жасады.
ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2019 жылға дейін Жеңіл өнеркәсіпті дамыту іс-шараларының кешенді жоспарын жетілдіру және жүзеге асыру бойынша ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен бірлескен жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр, сонымен бірге жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары түйткілдерін бұдан әрі шешуге дайын екендігін білдіреді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: