Ісін бастаушы кәсіпкерлер Астанада тегін бизнес-алаңға ие болды
Астанада «Бизнес-алаңдарды субсидиялау» байқауы өтіп, оның қорытындысы бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «MultiSpace» коворкинг-орталығымен бірге ісін бастаушы кәсіпкерлер үшін 2 ай мерзімге бизнес-алаң ұсынды. Байқауға қатысушылар сонымен қатар бизнес ашу және оны өкендету бойынша пайдалы кеңестер мен ұсыныстар алды. Кездесуге жобалардың әлеуетті инвесторлары – «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Астана Innovations» АҚ және «Kazakhstan Venture Fund» өкілдері шақырылды. «Әркімнің өз талабы бар, және де көбінесе кәсіпкерлер қайда және қалай жүгінуді білмей жатады, сондықтан да біз барлық маңызды инвесторларды бір бөлмеге жинап отырмыз», – деп атап өтті «MultiSpace» коворкинг-орталығының басшысы Эмиль Малджанов.
«Коворкинг-орталық басшылығы мен ҚР ҰКП өзара түсіністікке келіп, осының нәтижесінде Келісімге қол қойдық. Осы Келісімнің аясында бүгін ісін бастаушы кәсіпкерлер үшін байқау өткізіліп отыр», – деп ақпараттандырып кетті ҚР ҰКП Төралқа мүшесі Талғат Доскенов. Ол сонымен қатар жастар кәсіпкерлігі, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту тұрғысында бұл іс-шараның маңыздылығын атап өтті.
Байқау финалына 100 қатысушы арасынан 10 үміткер шықты. Олар іс-шара ұйымдастырушыларына және әлеуетті инвесторларға өз жобаларын көрсетті.
Байқау нәтижелері бойынша Бауыржан Қанкин бизнес-алаң алғандар арасынан табылды. Ол бала күтушілерді таңдауға арналған www.supernanny.kz сайтын жетілдіру және өркендету жөніндегі жобасын таныстырған еді. Сайт жетістікпен жұмыс жасауда, алайда оны жақсарту үшін белгілі бір қаржылай салымдар талап етіледі. Талғат Доскенов ісін бастаушы кәсіпкерге өз ұсыныстарын жеткізді: «Жас аналарға әрбір тіркелген күтушінің қызметі жайлы ақпаратты көбірек беру қажет. Себебі ата-аналар көбіне өз баласын қалдыратын адамға сене бермейді де, олар туралы бәрін біліп алуды қалайды. Әрбір ата-ана өзіне сай келетін адамды таба алуы үшін, сайттың деректер базасын кеңейту қажет. Қазір дүние бір орында тұрған жоқ, және де көптеген ата-ана баласының ерте жастан шет тілін үйренгенін қалайды, сәйкесінше, олар бірнеше тілді білетін күтушіні іздейді». Инвесторлар жас кәсіпкерге бизнес-серіктес іздеудің орнына «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» Акционерлік қоғамына жүгінуді ұсынды. Онда төмендетілген мөлшерлемемен субсидия алуы мүмкін.
Римма Адееваға да бизнес-алаң ұсынылды. Ол BI (Business Intelligence) ІТ-сервисін дайындау – Қазақстан және ТМД бойынша статистикалық деректер беру жүйесін таныстырды. Байқаудың қазылар алқасы қатысушыға жобасын өркендету үшін екі ай ішінде жүз әлеуетті клиент табуды ұсынды. Ол табыспен жүзеге асырылған жағдайда ҚР ҰКП және «MultiSpace» коворкинг-орталығы жүйенің бұдан арғы дамуын қолдамақшы.
Тақырыптық тренингтер мен семинарлар өткізу бойынша «Сократ» Тұлғаны дамыту орталығының директоры Мәдина Тілеуханова қала тұрғындары үшін сынамалық бизнес-тренингті табыспен өткізген жағдайда коворкинг-орталықтың тұрақты қолдауына ие болады. АСМ-32СС мысалында стандартты тип желісіндегі автоклавсыз газды бетон өндіру бойынша жобаны жасаушы Асқар Орынғалиға бизнес-жоспар жасап, жобаны субсидиялау мүмкіндігін алу үшін «Даму» Қорына жүгіну ұсынылды. Оқытушы Салтанат Исабекова қазақ тілін үйренудің авторлық әдістемесін өркендетуді қаржыландыру бойынша бизнес-әріптес тауып алды.
ҚР ҰКП мұндай форматтағы бизнес-жобалар презентациясын тұрақты негізде өткізіп тұруды жоспарлап отыр. Келесі кездесуде бас қосатын әлеуетті инвесторлар саны көбейтілмекші.
Инвестициялық комитеттің келесі кездесуіне қатысу үшін мына жерде өтінім беріңіз.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: