ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес жұмысының нәтижесі
ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің жыл бойғы жұмысының қорытындысы талқыланған кеңейтілген отырыс өтті. Отырысқа ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов және өңірлік палаталар жанындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестердің төрағалары қатысты.
«Кәсіпкерлер құқығын қорғау – Ұлттық палата жұмысының негізгі басымдық бағыты болып табылады, бұл «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңының басты нормаларының бірі. Ұлттық палата оған заңмен жүктелген 40-тан астам қызметтер мен міндеттерді атқарады. Ұлттық палатаның бір жылда атқарған жұмыс нәтижесі оң серпін байқатып отырғаны өз алдына сөзсіз нәтиже. Жалпы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы жылы Үкіметпен өзара жұмыс бағыттарын анықтап, мемлекеттік органдармен келісімдер, меморандумдарға қол қойды, жұмыс топтары құрылды; Парламентпен сындарлы өзара әрекеттестік қарым-қатынас орнатылды. Келер жылы өңірлерде жұмыс жасауды барынша күшейтуді жоспарлап отырмыз. Қаңтар айынан бастап облыстарға жұмыс сапарымен баруды жоспарлаудамын, айына 2-3 өңірдің тыныс-тіршілігімен танысамыз. Жұмыс сапарлары барысында облыс орталықтары деңгейінде ғана емес, аудандардағы мәселелермен етене танысатын боламыз», - деді Абылай Мырзахметов. Сондай-ақ, Басқарма Төрағасы 2014 жылдың 21 желтоқсанына дейін қызметтері кәсіпкерлік мәселелеріне қатысты жергілікті консультативті-кеңесу органдарда өңірлік кәсіпкерлер палаталары өкілдерінің 50-пайыздық қатысуы туралы әкімдіктермен келісімдерге қол қою аяқталатыны жайлы атап өтті.
Жұмыс қорытындысы сандық көрсеткіште
ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бизнес құқығын қорғау бойынша ағымдағы жылы (Кеңестің құрылу сәтінен бастап) 3 800 өтініш келіп түскен: 1 200 – орталық аппаратына, 2 600 өңірлік палаталарға (ӨКП). Кеңестердің 78 отырысында 220 мәселе қарастырылды (17 – ҰКП орталық аппаратында және 61 – өңірлік палаталарда). 103 мәселе бизнесмендер пайдасына шешілген. Шағым-арыздардың басым бөлігі Алматы (20), ВКО (17) және Алматы облысы (14) өңірлік кәсіпкерлер палаталарында қарастырылған. 2014 жылғы қыркүйектен бастап ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің көшпелі отырыстарын өткізу тәжірибесі жолға қойылған. Осы уақыт аралығында кеңес төрағасы Ғани Қасымов және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма мүшелерінің қатысуымен өңірлерде 9 отырыс өткізілді.
ҰКП орталық аппараты және өңірлік палаталар сарапшыларының көмегімен жалпы сомасы 8,4 миллиард теңге көлемінде кәсіпкерлік субъектілеріне салынған айыппұлдар мен өсімақылардың күшін жоюға қол жеткізілді.
Кәсіпкерлер тарапынан түскен өтініштердің басым бөлігі 590 арыз (16%) мемлекеттік және құқық қорғау органдары әрекетіне қатысты. Жер қатынастары, сәулет-құрылыс саласы бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапына қатысты 552 шағым (15%) келіп түскен. Мемлекеттік орган және ұлттық компаниялардағы сатып алу үдерісіне қатысты 385 арыз (10%), 326 (9%) өтініш салықтық құқық бұзушылықтарға қатысты, көлік саласы бойынша 192 (5%) өтініш түсті. Сондай-ақ, 137 шағым табиғи монополия субьектілеріне қатысты (4%), арыз-шағымдардың (3%), яғни 125 шағым сыртқы экономикалық қызметке, әсіресе, кеден қызметіне, ал, 104 шағым агроөнеркәсіп кешені саласында туындаған мәселелерге қатысты.
«Осы бір жыл ішінде екі бірдей маңызды міндет орындалды. Алғашқысы – Кеңес құрылымы мен жұмысының өзін жүйелеу. Екіншісі – Кеңестің міндетін, қызметін орындау. Осы кезге дейін ҰКП жанындағы кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі Кеңес өңірлік Кеңеспен жұмыстың ретін жүйелеп алды. Осылайша, кәсіпкерлер құқы мен бизнесмендердің мүддесін қорғауда бірлесіп жұмыс істеп отырмыз», - деді ҚР ҰКП кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі Кеңестің төрағасы Ғани Қасымов.
Кеңестің өтініш арыздарды талқылау нәтижесі бойынша шығарылған қарары мәселені талқылап, шешім шығару үшін мемлекеттік және жауапты сала органдарына жолданады. Осылайша, кеңес мүшелері прокуратура органдарына туындаған мәселеге қатысты бірлескен тексеру жүргізу жөнінде ұсыныс жасайды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке жауапты тұлғаларды тәртіптік жазаға тарту туралы ұсыныс жасайды. Сондай-ақ, Кеңес қоғамдық мониторинг жүргізу туралы шешім қабылдайды.
Табысты нәтиже
Жоғарыда айтылғандай, Кеңесте қаралған 100-ден астам іс кәсіпкерлер пайдасына шешілді. Айталық, Кеңес пен Бас прокуратураның бірлескен іс-әрекеті арқасында «Райффайзен Лизинг Казахстан» ЖШС-ін 4,5 млн. доллар көлеміндегі мүліктен айыру дәйегін болдырмады. Сондай-ақ, алматылық «Стофарм» ЖШС-не Кедендік бақылау департаменті белгілеген 18 млн. теңге төлем туралы хабарламаның күші жойылды. Кәсіпкерлерге жер телімдері беріліп, балалар орталықтарын салуға мүмкіндік жасалды. Астана, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау және Қостанай облыстарында электр энергиясы үшін алдын-ала төлем жасау талабының күші жойылды. Кеңес мүшелері мен Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы прокуратурасының күш салуымен «Исламбекова А.» жеке кәсіпкерлігі кафесі алдында жөндеу жұмыстары кезінде бұзылған тас жолды атқарушы билік органдары жөндеп берді. ҰКП кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі департаменттің атсалысуымен «СеверПтица» АҚ-на негізсіз салынған 30 млн. теңге көлеміндегі айыппұл туралы шешімнің күші жойылып, мемлекеттік энергобақылау органдарының «Астана-Энергия» акционерлік қоғамын тексеру шаралары екі есе азайтылды.
Сенімді әріптестік
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Бас прокуратура арасындағы бекітілген меморандумға сай, өзара сенімді әріптестік орнады. Күні бүгін 2014 жылға арналған іс-шаралар жоспары толықтай орындалды. Сондай-ақ, кәсіпкерлерден түскен өтініш-арыздарды сараптаудан соң, ҰКП мен Бас прокуратура әкімшілік кедергілерді жою жөніндегі бірлескен іс-шаралардың типтік жоспарын жасады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасына түскен өтініш-арыздар негізінде прокуратура кәсіпкерлер құқығын қорғауға қатысты прокурорлық 10 наразылық жолданып, оның ішінде 7 наразылық Жоғары сот шешімі бойынша қанағаттандырылды. Бұдан бөлек, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР ҰЭМ Тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі комитет пен «ҚР Жоғары соты жанындағы соттар қызметін қамтамасыз ету департаменті» ММ меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен ортақ келісім бекіту межеленуде.
«Біз қазірдің өзінде заңдағы қай норманы алып тастау керектігін, заңнамаға қандай қосымша түзетулер енгізу керектігін білеміз. Уақыт келеді, біз бұдан да зор, ауқымды мәселелерді көтеріп, олардың шешілуі жолында қызмет ететін боламыз. Біз келер жылдарға жоспар жасап қойдық. Әлбетте, межелеген міндеттерді орындайтынымыз анық», - деп қорытындылады өз сөзін ҚР ҰКП кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі Кеңестің төрағасы Ғани Қасымов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: