Өнеркәсіптік кендір шаруашылығын дамытуға кешенді жоспар қажет
ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында ғалым-аграрийлер, мүдделі министрліктер мен ведомстволар өкілдерінің қатысуымен ауыл шаруашылық және өнеркәсіптік қажеттілік үшін Қазақстан аумағында техникалық кендір өсіру және қайта өңдеу мүмкіндіктері талқыланды.
Қазақстанда кендір өсіруді қайта жаңғырту туралы мәселені 2014 жылғы 3 қаңтарда өткен отырыста ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева көтерген болатын.
«Осы күреске бюджеттен қанша ақша кетті? Ол тиімді ме? Бүгінде жабайы өсіп тұрған кендірді жақсы мақсатта, медициналық мақсатта, халық шаруашылығын дамыту мақсатында қолданатын уақыт келген шығар», - деп атап өтті Дариға Назарбаева.
Ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық аграрлық университет профессоры Серік Оразбаев техникалық кендірді қолдану мүмкіндіктері туралы материалды таныстыра отырып, кендір шауашылығы саласының әрекет еткеніне көп өтпегендігін, оның ең гүлденген шағы бұрынғы КСРО кезіне тура келетінін атап өтті. Алайда 1961 жылғы БҰҰ «Есірткі заттар туралы» Бірыңғай Конвенциясының қабылдануына орай кендірді егу және қолдану бойынша кез-келген әрекет әлемдік көлемдегі құқыққа қарсы дүниеге айналды. Осы сәттен бастап саланы тоқтату ғана емес, кендірдің табиғи тоғайларын жою басталып кетті.
«Қазіргі күні кендір шаруашылығын қайта жаңғырту мәселесі өткір болып отыр. Сонымен бірге жылдам шешуді талап ететін бірқатар ғылыми және өндірістік сипаттағы мәселелер анықталды. Осыған орай, мұнда қаралатын түйткілді өзекті деп есептеймін», - деді Серік Оразбаев. Ғалым кендірдің еш қалдық шығармайтындығын баса айтты, бұл қалдықсыз технологиялар мен экология туралы мәселеге сай келіп отыр. Сонымен бірге көптеген өнімдердің майдагерлік тәсілдермен әзірленетіндігі көрініп отыр. Аграрийдің сөзіне сүйенсек, өнеркәсіптік кендірді көлемді түрде қолдану үшін ғылыми тұрғыдан негізделген технологиялар жасап шығу қажет. Қажет болған жағдайда оның өнеркәсіптік-құнды сұрыптары мен будандарының биотехнологиясы мен тұқым шаруашылығы, селекция бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, оларды өсіру және пайдаланудың инновациялық және кластерлік технологияларын әзірлеп, кендір шаруашылығы саласын барлық инфрақұрылымымен қайта жаңғырту үшін инвестициялар тарту қажет болады.
Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар атап өткендей, техникалық кендірдің өнеркәсіптік өндірісін заңдастыру жағынан Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің заңнамасын үйлестіру қажеттігін ескерген дұрыс.
ҚР АШМ ғылым және кадрлық қамсыздандыру департаментінің директоры Ажар Қажыбекованың ойынша, ең алдымен, бұл саланың экономикалық тиімділігі мен рентабельділігіне есептеулер жасау қажет.
Дөңгелек үстелге қатысушылар кендір шаруашылығының экономикалық тиімділігіне орай оның қайта жаңғыртылуының мақсатқа лайықтылығын бір ауыздан құптады. Сонымен қатар, кендір шаруашылығын дамыту мүмкіндіктерімен бірге заңнамалық сипаттағы түйткілдер мен кедергілер баршылық, оны қайта өңдеу үшін техникалық мүмкіндіктер де жоқ.
Осы салаға ақша қаражатын инвестициялау қажеттігі, саланы дамыту бойынша мемлекет пен бизнестің нақты іс-шаралары мен шоғырландырылған ұсыныстарын дайындау туралы да сөз болды.
Жиналыс қорытындысы бойынша шешім қабылданды: Қазақ ұлттық аграрлық университетіне талдау және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы нақты негіздеме ұсыну. АӨК Хатшылығы өз кезегінде мүдделі министрліктер мен ведомстволар атына «Кендір шаруашылығы» тақырыбын бөлінетін гранттар аясында өткізілетін зерттеулер тақырыптарының тізбесіне қосу туралы сәйкес хат жолдамақшы.
Сондай-ақ өнеркәсіптік кендір шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеп, ҚР Үкіметіне ұсынуға шешім қабылданды.
Осы тақырып бойынша материалдармен төменде танысуға болады:
29.09.2014 жылғы 14990 кіріс.PDF
Пікір қалдыру:
Пікірлер: