Еуразиялық экономикалық одақта доллар мен еуродан бас тарту мәселесі қаралмайды
2014 жылғы 27-28 қарашада Ресей Федерациясының Қазан қаласында «Еуразиялық интеграция: жетістіктері мен түйткілдері» екінші Қазан қоғамдық форумы өтті. Форумда Ұлттық төлем кеңесі Директорлар кеңесінің төрағасы, Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының вице-президенті Александр Мурычев ЕАЭО аясында доллармен және еуромен елдераралық операцияларға тыйым салуды енгізуді қарастыру қажеттігі туралы ұсынысын айтты.
Ұлттық палата Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шартта ЕАЭО мүше мемлекеттер резиденттерінің арасындағы өзара есеп-айырысуларда шетелдік валюталарды қолданудан бас тарту (тыйым салу) көзделмегенін хабарлайды. Еуразиялық экономикалық комиссия ақпаратына сүйенсек, қазіргі уақытта мұндай құжатты әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ.
ЕАЭО аясындағы келісілген валюталық саясат сыртқы сауда және инвестициялық операцияларда ұлттық валюталар ролін көтеруге талпыну мен ұлттық валюталарға деген сенімді қамтамасыз етуге бағытталған экономикалық саясат жүргізуді болжайды.
ҰКП ойынша, сыртқы сауда операциясын жүргізу валютасын таңдау кәсіпкерлік субъектісінің құқығы болып табылады. Бірқатар жағдайларда өзара есеп-айырысуда бизнесменнің шетелдік валютаны қолдануы валюталық тәуекелдерді хеджерлеудің қарапайым құралы болып табылады.
Ұлттық палата ЕАЭО мүше мемлекеттерінің сыртқы сауда операциялары кезінде ұлттық валюта ролін көтеруі сыртқы сауда қызметіне қатысушылар үшін тыйымдар мен шектеулер орнатуға емес, ынталандырулар топтамасын құруға негізделуге тиіс деп сенеді.
Аталмыш мәселеге орай ҰКП пікірінше, доллар мен еуродан бас тарту туралы мәлімдеме Александр Мурычевтің жеке ойы болып табылады және кәсіпкерлердің ресми көздер ұсынған ақпаратқа бағдарлануын сұрайды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: