ҚР ҰКП басшылығы Елбасының алдында бір жылдық жұмыс нәтижелері туралы есеп берді
Бүгін Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев пен ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовты қабылдады. Олар Елбасыға Ұлттық кәсіпкелер палатасы құрылған сәттен бастап бір жыл ішінде атқарған қызметінің нәтижелерін ұсынды.
Тимур Құлыбаев Президентке Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметіне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Төралқа, Басқарма және өңірлік дирекциялармен қоса Ұлттық палата басқару органдарының жұмысы жайлы сөз қозғады.
«Төралқа комитеттерінде жұмыс салалық және өңірлік қағидат бойынша жөнге салынған. Бас прокуратурамен әрекеттестік орнатылған. Тоқсан сайын Асқат Дауылбаев облыстық прокуратуралар басшыларымен аймақтық жиналыстар өткізіп отырады, онда кәсіпкерлердің өтініштері талқыланып, қажет шаралар қолданылады», – деді Тимур Құлыбаев.
Ұлттық палатаның барлық өңірлердегі қызметінің басты бағыты бизнестің құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерді төмендету, жергілікті мазмұн мен мемлекеттік сатып алулардағы ашықтықты көтеру, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін талдау, тариф түзілісі, адами капиталды дамыту, өңірлік даму карталары, қаржы ресурстарының қолжетімділігі және сыртқы экономикалық қызмет болып табылады.
Ұлттық палата Төралқа Төрағасы сонымен қатар жер қатынастары, қала құрылысы және желілерге қосу процедуралары салаларында әкімшілік кедергілерді төмендетудің маңыздылығын атап өтті. Өңірлерді дамыту картасына келер болсақ, олар табиғи-климаттық жағдайларды, өндіріс пен тұтыну теңгерімін, бұрыннан келе жатқан инфрақұрылым мен іскерлік белсенділікті талдауды ескере отырып қалыптасатын болады. Өңірлік карта жобаларына инвестициялар Қазақстанның қайта құрылған Сыртқы сауда палатасы арқылы тартылмақшы.
Ұлттық палата бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын, заңнаманы тексеруді жүзеге асыруға белсенді түрде тартылған. ҰКП экономика салаларындағы өзекті мәселелерді шешу үшін жол карталарын даярлау жұмыстарын жүргізуде. Оған мысал АӨК және жер қойнауларын пайдаланушылардың сатып алуларындағы жергілікті мазмұн бойынша жол карталары болып табылады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кейін заң жобаларында, үкіметтік шешімдерде, мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясатта көрініс табатын бизнестің шоғырландырылған ұстанымын әзірлейді.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударатындығын және бизнеске жан-жақты көмек пен қолдау көрсететіндігін баса айтты.
«Келер жылы бизнесті тексеруге шектеудің әрекеті тоқталады. Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ өз жұмысын бастайды. Демек бизнесмендердің жаңа шарттардағы бәсекелестікке дайын болғаны дұрыс. Сонымен қатар, «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясаты Қазақстанда бизнестің дамуына кеңшілік беріп отыр. Әрбір кәсіпкер өз орнын тауып, нарыққа «кірігуге» тиіс. Ал Ұлттық палата мен мемлекет өз тарапынан оған бар жағдайды жасауы керек. Бұл шаралардың жаңа кәсіпкерлік құрылымдар мен бизнестегі жаңа тұлғалардың пайда болуына септесетіндігіне сенемін», – деді Қазақстан Президенті.
ҚР ҰКП басшылығы өз кезегінде Елбасының жаңа Жолдауын үлкен құлшыныспен қабылдағанын атап өтті.
Кездесу барысында 2015 жылдан бастап жоспарлы тексерулердің орнына тәуекелдерді бағалау жүйесінің әрекет ете бастайтындығы айтылып кетті. Мораторий әрекет етіп тұрған қалған бір жарым жыл ішінде кәсіпкерлер осыған дайындалып, құжаттарын ретке келтіруге тиіс. Сонымен бірге ҰКП салық дауларын сотқа дейінгі тәртіпте тиімді түрде реттеу механизмін пысықтауда.
Ұлттық палата басшылығы Елбасыға бизнеске арналған қаржы ресурстарының қолжетімділігін көтеруге бағытталған бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Соның ішінде, ұсыныстар дедолларлау және экономиканы ұлттық валютамен қамтамасыз етуге; экономиканы ынталандыру және БЖЗҚ механизмдерін қолдану жолымен теңгеге мөлшерлемені төмендетуге; қаржылық сауаттылықты жүйелі түрде көтерудің ұлттық бағдарламасын енгізуге және т.б. қатысты болды.
Ұлттық палата адами капиталды дамытуға үлкен мән береді. ҰКП арқасында қазірде 206 колледжде экономиканың 11 басымдылықты саласы бойынша 83 мамандықты қамтитын дуалды оқытуды енгізудің Жол картасы жүзеге асырылуда. 2016 жылға қарсы 600-ден астам кәсіпорынның тапсырысы бойынша 10 000-нан астам маманды даярлау жоспарланып отыр.
Ұлттық палата басшылығының ойынша, осы мәселелердің барлығын Үкіметпен, орталық мемлекеттік құрылымдармен, сондай-ақ жергілікті атқару органдарымен әрекеттестіктің нақты жүйесін құра отырып тиімді түрде шешуге болады. Кәсіпкерлер мүдделерін қозғайтын барлық консультативтік-кеңесу органдары жартылай ҰКП өкілдерінен тұруға тиіс. Бұл олардың қызметіндегі ашықтықты барынша қамтамасыз етеді.
Кездесу қорытындысы бойынша Елбасы қаралған мәселелер бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: