«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкелерді тексеруге шектеу шарасы кезінде әділ қызмет етуге үндеді

2014 жылғы 13 Қараша
3837 просмотров

Кәсіпкерлікті дамыту бағытында жасалып жатқан мемлекеттік қолдау өте ауқымды. Әсіресе, халықаралық нарықтағы тұрақсыздықты ескерсек, еліміздегі қолдау шаралары шағын және орта бизнесті дамыту үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашары анық. Шағын кәсіпкерлік саласына Ұлттық қордан қаржы бөлініп, әкімшілік кедергілерді азайту бағытында заңнамалар қабылдануда. Мемлекет басшысы кәсіпкерлік қызметті жақсарту мақсатында түбегейлі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Әсіресе, Елбасы Жарлығы аясында бизнес субьектілерін тексеруге жарияланған мораторий кәсіпкерлердің қызметін жеңілдетті. Бұған соңғы жылдардағы шағын және орта бизнес субьектілерінің артуы дәлел. Атап өткен жөн, бұл көрініс 2008 жылы жасалған мораторийдан кейін де сезілген болатын.

Мораторий шарасының экономикаға әсерін мемлекеттік бюджетке салықтар мен төлемдер есебінен түскен түсімдер көлемі де аңғартады. Осылайша, ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары мораторийдің тек бизнеске ғана емес, мемлекет үшін де тиімді екендігін айтты. Оның айтуынша, тексеру шарасының болмауы құқық бұзушылыққа жол беру емес. «Мораторий бизнесті заңнаманы қатаң сақтауға міндеттеп, корпоративтік мәдениеттің қалыптасуына, тауар сапасының, қызметтер сапасының артуына мүмкіндік ашты», - деді Нұржан Әлтаев.

Тексеруге жарияланған шектеу шарасы бизнесмендердің уақытты ұтымды пайдалануына  жол ашты. Атап өткен жөн, Қазақстан Республикасының «Ұлттық кәсіпкерлер туралы» Заңы бизнес-қауымдастыққа елдегі іскерлік ахуалды жақсартуға, сондай-ақ, қолайлы бизнес-орта қалыптастыру бағытында заңдық нормаларды енгізу құқын берді. Алайда, мораторий шарасын өз пайдасына шешіп, заңды аяқасты еткен кәсіпкерлер де кездескен.

«Астана қаласында заңнаманы жиі бұзған кәсіпкерлер бары анықталды. Әсіресе, қоғамдық тамақтану орындарының иелері, дүкен, алкоголь өнімдерін саудалайтын бильярд демалыс орындары тарапынан заң бұзушылықтар орын алған», - деді Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Әбілқайыр Сқақов.  

Сондай-ақ, департамент басшысы бизнесмендер арасында түсіндіру шараларын ұйымдастыруға атсалысу бағытындағы жұмыстарға Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан үлкен қолдау жасалатындығына үміт білдірді. 

Мораторий мерзімінің аяқталуына 1,5 ай уақыт қалды. ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы уақыт аралығын тиімді пайдаланып, кәсіпкерлік қызметті заңдық нормаға сай жүзеге асыруға шақырады. Нұржан Әлтаев сондай-ақ, бизнесмендерді өңірлік кәсіпкерлер палатасымен байланыса жұмыс істеуге шақырды. Осы арқылы аумақтық мемлекеттік органдармен тиімді әріптестік орнатуға болатынын айтты.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер