ҚР ҰКП семинарында Кеден одағының үшінші елдермен еркін сауда мәселелері талқыланды
7 қарашада ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Кеден одағына мүше елдермен еркін сауда туралы келісім жасау тәжірибесі» тақырыбында семинар өтті. Семинарға Еуразиялық экономикалық комиссия, мемлекеттік органдар және Қазақстанның бизнес-қоғамдастығы өкілдері қатысты.
ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев семинарды аша отырып, пікірталас тақырыбының бірегейлігін атап өтті: «Бүгінгі таңда Кеден одағына мүше мемлекеттер үшінші елдермен интеграцияны дамыту жөніндегі бірлескен жұмыстарды жүргізуде. Бұл әлемдік экономиканың даму логикасынан бастау алып жатыр: үш ел ұлттық экономикалары бәсекеге қабілеттігін, әлемде болып жатқан процестерге ықпал ету мүмкіндіктерін көтеру – және де осының салдары ретінде халықаралық нарық талаптарына жетістікпен сәйкес келу. Бұл Ұлттық палата және жалпы бизнес-қоғамдастық тарихында еркін сауда аймағы туралы келісім шарттарын жасаудың алғашқы тәжірибесі. Бұрындары кәсіпкерлер мұндай талқылауға ешқашан қатысып көрген емес».
Қазірде ЕЭК Кеден одағы тараптарымен бірге КО–Вьетнам Социалистік Республикасы форматында еркін сауда аймағын құру туралы Келісім жасасу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын естеріңізге сала кетейік. Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдері еркін сауда аймағын құру өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық тауарлары үшін кеден тарифтерін кезең-кезеңмен жоюды, яғни сыртқы экономикалық қызмет аясында сауданы ырықтандыруды көздейтіндігін түсіндіріп кетті.
«Вьетнамға біз жеткізетін және олар бізге жеткізетін басты тауарлар жөнінен барынша пайдалы шарттарға қол жеткізуге тиіспіз. Қазақстаннан Вьетнамға апарылатын негізгі экспорттық тауарлар асбест пен зығыр тұқымы болып табылады. Олар бойынша кеден баждарының мөлшерлемесі 5 және одан да артық пайыз арасында түрленеді. Келіссөздер барысында көптеген тауар позициялары бойынша Вьетнамның Келісім күшіне енген бетте осы баждарды алып тастайтындығына қол жеткіздік деуге де болады», – деді ЕЭК Сауда саясаты департаментінің тауарлар бөлімі кеңесшісі Дмитрий Попов. Ол сонымен қатар бірқатар позициялар, мысалы, қара металлургия өнімдеріне қатысты мөлшерлемелер бірден емес, өтпелі кезең бойында төмендетілетінін түсіндіріп кетті (тауарлар санатына қарай).
Сонымен қатар, құжат тарифтік қорғаныш орташа деңгейінің 10%-дан 1-2%-ға дейін төмендеуін көздейді. Сарапшылар ойынша, бұл Кеден одағы елдері үшін айтарлықтай экономикалық пайда әкеледі. Сондай-ақ, күтіліп отырғандай, жоғары қосымша құнмен вьетнамдық тауар нарығына жол ашылады, бұл да экономика дамуындағы бір басымдылық болып табылады.
ҚР ҰКП өнеркәсіптік сектор өкілдері мен барлық мүдделі тараптарды заңнаманың негізгі бағыттарын үйлестіруді талқылауға белсене ат салысуға шақырады. ҚР ҰКП Экономикалық интеграция департаментіне ұсыныстарыңызбен және сауалдарыңызбен мына телефон бойынша жүгіне аласыз: +7 (7172) 919 372.
Анықтама. Қазақстанның Вьетнаммен тауар айналымы өсудің жағымды тенденциясына ие. 2010-2013 жыл аралығындағы кезеңде ол 6 есе ұлғайған –$38 млн-нан $237 млн-ға дейін. 2014 жылғы қаңтар айынан қыркүйек айына дейін $185,6 млн құраған. Қазақстаннан Вьетнамға экспортталатын негізгі тауарлар асбест және құрамында асбест кездесетін материалдар (құрылыс материалдары), қара металл өнімдері, күштік қозғалтқыштар, топографиялық аспаптар болып табылады. Негізгі импортталатын позициялар – жеңіл өнеркәсіп өнімдері, тұрмыстық техника, түрлі аппаратура және аяқ киім.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: