Тимур Құлыбаев: Прокуратура мен ҰКП әрекеттестігі кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жүйесін құрады
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы прокуратура органдарымен әрекеттесе отырып ел ішінде кәсіпкерлер құқықтарын қорғау бойынша жүйе құрады. ҚР Бас прокуратурасында өткен кәсіпкерлер құқықтарын қорғау мәселелері бойынша бейнеконференцияда ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев осындай мәлімдеме жасады.
Сонымен бірге ҰКП Төралқа басшысы кәсіпкерлер құқықтарын қорғау бойынша бүгінде бастау алған жүйелік жұмыстың екі тараптан да жүргізілуге тиіс екендігін баса айтты. Кәсіпкерлердің өздерінің заңгерлік және қаржылық сауаттылықтарын көтерген маңызды, себебі «олар өз құқықтарын білуге тиіс, тексеруші органдар тарапынан оларға қойылатын талаптардың қаншалықты заңды екенін түсінуге тиіс». Сонымен бірге, оның айтуынша, кәсіпкерлерде Ұлттық кәсіпкерлер палатасына да, құқық қорғау құрылымдарына да қорғаныш сұрап жүгіну мүмкіндігі үнемі болуға тиіс.
Маусым айының соңында өткен соңғы бейнеконференциядан бері кәсіпкелердің өз құқықтарын қорғаудағы белсенділігінің күшейгені аталып өтті. Келіп түскен өтініштердің саны 1,5 еседен аса өсіп, жалпы саны 3500 өтінішке жеткен, оның үстіне, үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап ШОБ тексеруге мораторидің әрекет ететіндігі де белгілі.
Өңірлердегі кәсіпкерлер бәрінен бұрын жер қатынастары, сәулет және құрылыс жөніндегі жергілікті атқару органдарына, салық және монополияға қарсы органдарға, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар мәселелері бойынша шағымданады.
Ұлттық палата басшысы прокуратура органдарымен өзара әрекеттестіктің республикадағы бизнестің мүддесін қорғаушы ықпалды механизм болып табылатындығын қоса айта кетті.
«Бірлесе әрекет ете отырып, біз ел ішінде кәсіпкерлер құқықтарын қорғау бойынша жүйе құрамыз. Елдің экономикасына зор үлес қосатын да дәл осылар, олар жаңа жұмыс орындарын жасақтайды, мемлекеттің бюджетін толықтырады, осылайша, біздің экономикалық қауіпсіздігіміз бен тәуелсіздігімізді нығайтады», - деп мәлімдеді ҰКП Төралқа Төрағасы.
Тимур Құлыбаевтың сөзіне сүйенсек, әңгіме жүйелік шаралар туралы болып отыр. Кәсіпкерлік қызметке бөгет жасайтын бірқатар нормативтік-құқықтық актілер бар, оларды заңасты актілерін, заңнаманы жақсартудағы бірлескен жұмыстар арқылы анықтау қажет.
«Елдегі кәсіпкерлік орта, бизнес-климат шынымен де қолайлы болуға тиіс – бұл біздің басты міндетіміз. Құқық қорғау органдарымен бірге адамдарды жазалаудың, қандай да бір жекелеген жағдайларды шешудің қажеті жоқ, осы мәселелерді шешуге жүйелік тұрғыдан келу қажет», - деп баса айтты ҰКП Төралқа басшысы.
Тимур Құлыбаев сонымен қатар Елбасының тапсырмасы бойынша кәсіпкерлер құқықтарын қорғау бойынша омбунсмендер институты құрылатындығын хабарлады. Ал омбудсмен кәсіпкерлер құқықтарын қорғаумен байланысты мәселелерді бақылауға мүмкіндік беретін жеткілікті дәрежедегі өкілеттікке ие болу үшін, Ұлттық палата қазірде белсенді жұмыс жасап жатыр.
«Мамандандырылған соттар және төрелік жүйесін құру бойынша, яғни сотқа дейінгі тергеу бойынша ұсыныстар енгіземіз. Қазірде кәсіпкерлер құқықтық алаңда таяу арада қорғалу үшін, Жоғарғы сотпен және Қаржы министрлігімен жұмыс жасаудамыз. Мұндағы мақсат – кәсіпкердің алаңсыз әрі тиімді жұмыс жасауына жағдай жасау», - деді соңында Тимур Құлыбаев.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен меморандумға қол қойылатыны, кәсіпкерлерде жиі туындап жататын салық дауларын барынша азайту мәселелері шешіліп жатқаны белгілі болды.
Мұндай бейнеконференциялар жалғасын табатын болады. Сондай-ақ прокуратура органдары, Ұлттық палата және кәсіпкерлік өкілдерінің қатысуымен өңірлерде көшпелі кездесулер өткізіп отыру да қолға алынатыны шешілді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: