ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен прокуратура органдарының бірлескен қызметінің бағыттары талқыланды
Астанада ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев және Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалығымен бейнеконференция түрінде отырыс өтті.
Бейнеконференцияда ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Бас прокуратураның бірлескен жұмысының әрі қарайғы бағыттары қарастырылып, прокуратура органдары мен өңірлік кәсіпкерлер палаталарының әкімшілік кедергілерді анықтау және оларды жоюға бағытталған бірлескен іс-шараларының типтік жоспарына қол қойылды.
ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев жоспардың әр тармағының орындалуы күнделікті бақылауда болатынын мәлімдеп, осы жоспардың жүзеге асырылуының алдын ала қорытындысын келесі өтетін бейне конференцияда талқылауды ұсынды.
Сонымен қатар іс-шарада Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және өңірлік палаталар жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестердің атқарып отырған жұмысы жайлы айтылды. «Бұл отырыстарда кәсіпкерлер құқықтарының бұзылуы фактілері туралы ашық айтылады. Туындап отырған түйіткелдерді көрсете отырып, нақты шенеуніктің осындай мәселелерді шешуде жауапты тұлға болып табылаты мәлімделеді. Кеңестің көшпелі отырысы Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Алматы, Қостанай қалаларында өтіп, 21 шенеуніктің аты-жөні аталды. Кәсіпкерлер құқығын қорғау қызметі шенеунік пен кәсіпкер арасында дұрыс өзара әрекеттестікті және құқық қолдану тәжірибесін қалыптастыруға бағытталған», - деп атап өтті Тимур Құлыбаев.
Сондай-ақ, Тимур Құлыбаев соңғы төрт айда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен барлық өңірлік палаталарға кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштер саны бір жарым есеге артқанын және Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғаннан бастап қазіргі уақытқа дейінгі аралықта бизнесті қорғау бойынша Ұлттық палатаға кәсіпкерлерден жалпы саны 3500 өтініш келіп түскенін атап өтті.
ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметовтың айтуынша, Ұлттық палатаға кәсіпкерлерден келіп түскен 3500 өтініштің ішінде 2200 өтініш-хаттар өңірлік палаталарға келіп түскен. Оның ішінде 20% немесе 459 өтініш жер қатынастары, сәулет және құрылыс бөлімдеріне, 11% немесе 258 өтініш – салық органдарына, 7% немесе 157 өтініш мемлекеттік және басқа да сатып алулар саласына қатысты болған.
Бас прокуратура және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратының қызметкерлері кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштерге жасалынған талдау негізінде бірлескен іс-шаралардың типтік жоспарынының жобасын әзірлеген. Бұл жоспар жер қатынастары, сәулет және құрылыс органдарының тексерулеріне, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттардың берілуі және өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдерінің қатысуымен сыртқы жарнаманы орналастыруға берілетін рұқсатқа қатысты мәселелерді қарастырады. Сондай-ақ жоспар бойынша антимонополиялық заңнаманың орындалуы, атап айтқанда монополиялық және нарықта басымдық жағдайды иеленген кәсіпкерлерді нарық субъектілерінің тізіліміне қосуда заңдылықтың сақталуы нысанына тексеру жоспарланған.
Бейнеконференцияда ағымдағы жылдың 20 қарашасына дейін өңірлік палаталар мен әкімдіктердің кәсіпкерлер құқығын қозғайтын консультативтік-кеңестік органдарда бизнес өкілдерінің елу пайыздық қатысуын қамтамасыз етуіне қатысты сұрақты көтерді. Ең алдымен, бизнестің жер комиссиясы және бюджеттік комиссиясы, мемлекеттік сатып алулар жөніндегі комиссиялар және өңірлік үйлестіру кеңестеріне қатысуы туралы айтылуда. Қазіргі уақытта мұндай меморандумдарға Астана қаласы, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облысы әкімдіктері мен өңірлік палаталары арасында қол қойылған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: