«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Еуразиялық экономикалық одақ Кеден кодексінің жобасы ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында талқыланды

2014 жылғы 27 Қазан
3651 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Еуразиялық экономикалық одақ Кеден кодексі: мүмкіндіктері және бизнеске төндірер қаупі» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтіп, онда Ұлттық экономика министрлігінің, Қаржы министрлігі Мемлекеттік табыс комитетінің және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері Еуразиялық экономикалық одақ Кеден кодексі жобасының (Одақтың КК жобасы) қалыптастырылған редакциясын талқыға салды.

ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рақым Ошақбаев іс-шараны аша отырып, белорустық-қазақстандық-ресейлік Бизнес-Сұхбаттың талап етуі бойынша Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында Одақтың КК жобасын әзірлеуге бизнес-қоғамдастықтың алғаш рет қатысу мүмкіндігін алып отырғанын атап өтті.

Одақтың КК жобасын даярлау аяқталу кезеңіне жақындап қалды: оның редакциясы қалыптастырылды, осы жылдың қараша айында мемлекетішілік келісу процедураларын жүргізу үшін құжатты Тараптарға жолдау жоспарланып отыр. Еуразиялық экономикалық комиссия ақпаратына сүйенсек, ЕАЭО мүше мемлекеттерде қол қойылып, бекітілген соң Одақтың КК 2016 жылы 1 қаңтарда күшіне енуі мүмкін.

Осыған орай Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мүдделі тараптарға Одақтың КК жобасы қосымшалары бойынша пікір алмасу, оны әзірлеу мен құқық қолдануға қатысты проблемалы мәселелерді көтеру, жекелеген нормалар бойынша шоғырландырылған ұстаным жасап шығу мүмкіндігін ұсынып, «дөңгелек үстел» өткізуді бастамалады.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Салық және кеден саясаты департаментінің Кеден саясаты басқармасының бастығы Ержан Жамбылов Одақтың КК жобасында кедендік құқық қатынастарын реттеуші 16 халықаралық шарттың және халықаралық шарттардың 6 жобасының ережелері жүзеге асырылғанын хабарлады.

«Неше түрлі бытыраңқы нормалардан тұратын көптеген халықаралық шарттардың орнына, мемлекеттер кешенді, логикалық жағынан ретті, жетілдірілген және бүгінгі күн талаптарына жауап беретін құжат алады. Әдетте күшіне ену күнінен өзгеше, халықаралық шарттың жекелеген нормалары немесе баптарын қолдануды бастау мерзімдерін орнататын ЕАЭО КК жобасының өтпелі ережелеріне келер болсақ, объективті себептерге орай оның жекелеген ережелері күшіне енуіне түрлі мерзімдер орнату қажет болатыны қазірден-ақ белгілі», - деп атап өтті Ержан Жамбылов.

ҚР ҰЭМ өкілінің ойынша, Одақтың КК жобасынан бизнес пайда мен артықшылыққа ғана ие болатындығын айтуға болады:

– электронды кедендік декларациялау басымдылығы және жазбашаны тек ерекше жағдайларда ғана қолдану;

– кеден декларациясын тіркеген сәттен бастап төрт сағат ішінде тауардың шығарылуын жүзеге асыру;

– кеден декларациясын оны толтыруда негізге алған құжаттарды кеден органына ұсынусыз беру мүмкіндігі;

– тәуекелдерді басқару бейіні қосылмай қалған жағдайда тауарларды автоматты түрде шығару;

– СЭҚ қатысушыларынан бұрындары тауарларды кедендік декларациялау және алдын-ала ақпараттандыру кезінде кеден органдарына ұсынылған құжаттар мен мәліметтерді бұдан кейін сұрауға тыйым;

– заңсыз әрекеті (әрекетсіздігі) үшін кеден органдарының жауапкершілігін күшейту және басқалары.

ҚР ҚМ Мемлекеттік табыс комитетінен Одақтың КК жобасы бойынша үйлестірушісі Жамбыл Тортаев өз сөзінде пайданың бар екендігін қолдады: уәкілетті экономикалық оператор институтын жетілдіру, жобада алдын-ала ақпарат беру мақсаттарының бекітілуі, ақпараттық технологияларды барынша көп қолдану, ұлттық сегментті қысқарту, СЭҚ қатысушылары мен кеден органдарының арасында қатынас хаттардың электронды формасын орнату және басқалары.

ҚР ҰКП Кедендік әкімшілеу департаментінің директоры Әлихан Мәмбеталин Ұлттық палатаның ойынша халықаралық сауданы жүргізу шарттарын айтарлықтай нашарлататын негізгі алты норманы атады. Ол осы тұрғыдағы қазақстандық бизнестің айтарлықтай қауіптенуі мен ұсыныстарын елемеуіне байланысты Ұлттық палатаның ҚР Ұлттық экономика министрілігіне экономикалық интеграция мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысына шығаруды сұрап, өтініш жібергені жайлы ақпараттандырды. Әлихан Мәмбеталин сонымен бірге Одақтың КК жобасы жазылған тілді жеңілдету қажеттігін, жобаға Еуроодақ үлгісінде шекті нормалар қосуды, сондай-ақ екі ұшты түсіну мүмкіндігіне әкелетін нормаларды алып тастау қажеттігін де атап өтті.

ЕЭК жанындағы кеден заңнамасын жетілдіру жөніндегі Жұмыс тобының құрамында Мәскеуде қазақстандық бизнестің мүддесін ұсынушы, Қазақстандық кеден брокерлері (өкілдері) қауымдастығы кеңесінің төрағасы Геннадий Шестаков Одақтың КК жобасының Киото конвенциясының ережелерін қамтымайтындығын атап өтті, мысалға:

- кедендік ресімдеуге ұсынылатын құжаттар санын қысқарту бойынша;

- тауарларға декларация берген соң кеден төлемдері мен салықтарды төлеу бойынша;

- санкциялар қолданылмайтын қателіктер жіктелуі бойынша;

- кеден қызметі келтірген залалдың орнын толтыру тәртібі бойынша, сондай-ақ кеден қате жіберген жағдайда кеден төлемдері мен салықтарын қайтару тәртібі бойынша.

Одақтың КК жобасына қосылған маңызды проблемалық нормалар қатарына Геннадий Шестаков мыналарды жатқызды:

- кеден декларациясын тек қана тексеруден кейін жоққа шығару мүмкіндігі;

- тауарларды ұстап қалу туралы норма, бұл өткізу орындарында КО және БЭК мүше мемлекеттер есебінен қалдықтарды жою бойынша халықаралық қоқыс тастайтын жердің құрылуына әкеледі;

- Қазақстандағы кеден өкілдерінің біліктілік талаптарының біркелкілігі үшін сақтандыруды алып тастау туралы норма және басқалары.

Сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары Еуразиялық одағының төрағасы Құрманғалий Алдабергенов және Қазақстандық Электр-тұрмыстық және компьютерлік техника мен күрделі техникалық жүйелер сауда компаниялары мен тауар өндірушілер қауымдастығының президенті Сергей Архипкин ҚР ҰЭМ өкілдеріне Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында қарау үшін Алматы бизнес-қоғамдастығының шоғырландырылған ұсынысын шығаруды сұрап, жүгінді. Олардың қатарында төмендегілермен байланысты ұсыныстар бар:

- кеден өкілі мен декларант арасындағы жауапкершілікті ажырату;

- өз бетінше анықталған қателіктер үшін декларант пен кеден өкілінің жауапкершілігін алып тастау;

- тауардың жетіспеушілігі үшін темір жол тасымалдаушысының жауапкершілігі;

- кеден өкілі қызметін тоқтату мүмкіндігі;

- СЭҚ ТН сәйкес тауарларды жіктеу бойынша шешімдерді өзгерту және басқалары.

Ұлттық палатаның сұхбат алаңында мемлекеттік органдар мен бизнес Одақтың КК жобасының бизнеске беретін артықшылықтары мен төндіретін қаупін талқылау, осы жоба бойынша бұдан арғы жұмыстың жүзеге асырылуға тиіс негізгі бағыттарын анықтау мүмкіндігін алды.

ЕАЭО Кеден кодексі жобасына қатысты ҚР ҰКП позициясы мына жерде.

ҚР ҚМ Мемлекеттік табыс комитетінен Одақтың КК жобасы жөніндегі үйлестірушісі Жамбыл Тортаевтың баяндамасы жайлы егжей-тегжейлі мына жерде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер