Ғани Қасымов павлодарлық кәсіпкерлерді өз проблемаларын ашық түрде жеткізуге шақырды
Барлық жауапты құрылымдар бірлесе күш шоғырландырғанда ғана бизнестің жүйелік проблемаларын тиімді түрде шешуге болады.
ҚР ҰКП жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес Төрағасы Ғани Қасымов осылай деп мәлімдеді. Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасында өткен республикалық Кеңестің көшпелі отырысының барысында негізгі назар дәл осыған аударылды.
Оның сөзіне сүйенсек, жинақталған проблемаларды ашық мәлімдейтін, сонымен бірге бизнес мәселелерінің шешілуіне кедергі келтіріп отырған тұлғалардың атын атайтын да күн келіп жетті.
«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басты функцияларының бірі – бизнеске қатысты әрекеттердің заңдылығына қадағалау жүргізу. Біз осы мәселе бойынша құзыретті органдармен меморандумдар жасастық, жалпы түсінік, мақсаттылық бар, демек, нәтиже де осыған сәйкес болуға тиіс», - деп атап өтті Кеңес төрағасы.
Ол сонымен қатар облыс кәсіпкерлерінің Палатамен жеткілікті деңгейде белсенді әрекеттестік орнатпай отырғанын баса айтты. Ғани Қасымов мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста кез-келген қиындық туындаған жағдайда облыс кәсіпкерлерін Өңірлік палатаға жүгінуге шақырды.
Кеңесте қаралған бизнес үшін жүйелік кедергілердің арасында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды (ИКИ) дамыту және жайластыру бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» Бағдарламасына қатысушылардың, агроөнеркәсіп кешені және өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру саласындағы проблемалы мәселелер, Ақсу қаласындағы жер телімдерін өткізу проблемалары, сондай-ақ табиғи монополия субъектісінің жылу желісі жобасын қарау мерзімін бұзу проблемасы болды.
Атап айтқанда, «ҚР Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға сәйкес инспекциялауға жатпайтын, қалпына келтіріліп жатқан нысандарға қатысты инспекциялауды жүзеге асырған жергілікті ҚСҚБ Басқармасы экс-бастығы Еркін Нұрмахановтың әрекеттері заңға қайшы деп аталды. Палата мемлекеттік қызметкер жүріс-тұрысын қарау туралы ұсыныспен облыстың Тәртіптік кеңесіне жүгінді. 2014 жылғы наурыз айында Еркін Нұрмаханов өз еркімен жұмыстан кетеді.
Қашыр ауданының кәсіпкері Татьяна Мамадалиева ИКИ жүргізу мәселесі бойынша көмек сұрап Кеңеске жүгінді, ол 2011 жылы «ЖҚЖК-2020» бағдарламасы бойынша көкөністер өсіру үшін жылыжай кешенін дамытуға 3 млн. теңге көлеміндегі микрокредит алған екен. Алайда атқарушы органнан оңды қорытынды алғаннан соң бағдарламаның жекелеген ережелері әлі күнге дейін жүзеге асырылмаған.
«Арынов» ШҚ да осындай жағдаятқа тап болды. Отырысқа қатысушылардың ойынша, ИКИ жүргізу проблемасы бойынша жауапты лауазымды тұлғалар Павлодар облысы Қашыр ауданы әкімі Нұржан Құлжан мен Қашыр ауданы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің экс-бастығы Рүстем Райысов болып табылады.
«Смағұл» ШҚ «Павлодар облысы бойынша Халық Қазақинстрах» Халық банкінің Еншілес сақтандыру компаниясы» АҚ филиалымен 2011 жылы жасалған Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шарты нормаларының орындалуына қол жеткізе алмай жүр. Оның мәселесі де Кеңесте айтылды. Бұған жағымсыз ауа-райы жағдайына ұшыраған егіс далаларын тексеруде Ертіс ауданы кәсіпкерлік бөлімі жол берген өрескел бұзушылықтар себеп болған дейді. Бұл кәсіпкер тарапынан үлкен шығынға алып келген. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының пікірінше, Ақсу қаласындағы жер проблемалары бойынша жауапты лауазымды тұлға Ертіс ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің бастығы Болатбек Шәріпов болып табылады.
Павлодар облысы Ақсу қаласындағы өткір проблема жер телімдерін беру жүйесі болып отыр. «Айнакөл тоған шаруашылығы» ШҚ 2011 жылы уақытша жер пайдалануға жер телімін алады, алайда бірнеше айдан соң әкімдік телімді ұсыну туралы қаулының күшін жояды. Үш жылдан астам уақыт бойы кәсіпкер Евгений Орленко уақытша жер пайдалану құқығын ұсыну туралы өтінішпен төрт рет жүгінген. Алайда осы күнге дейін кәсіпкерге жер телімі берілмеген.
Сонымен қатар Кеңес екі кәсіпкер - «Теплоучетсервис» ЖШС мен «Павлодар жылу желілері» ЖШС арасында туындаған даулы мәселені зерттеді. Соңғысы табиғи монополия нысаны болып табылады. Мәселенің мәнісі «Теплоучетсервис» ЖШС барлық жобаларды монополиспен келісіп отыруға міндетті болғандығында болып отыр, ал монополист өз кезегінде ұзақ уақыт бойы жобаларға келісімін бермей келген, және де оларды қарау мерзімдерін бұзып отырған.
ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес Төрағасы Ғани Қасымов әрбір мәселе бойынша шұғыл шаралар қолданып, кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартумен прокурорлық тексерістер жүргізуді тапсырды.
«Осындай жүйелік проблемалардың болуы бизнес мәселелері саласындағы артық бюрократия жайлы хабар береді. Бұған жол бермеу керек. Кеңестің міндеті – кәсіпкерлерге жайлы жағдайды қамтамасыз ету. Олар тұрақты дамуға сенімді болуға тиіс және Кәсіпкерлер палатасы тұлғасындағы тіректі сезінуге тиіс», - деп қорытты Ғани Қасымов.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: