«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Макулатураны сыртқа шығаруға салынған тыйым жұмыртқа бағасына қалай әсер етпек?

2019 жылғы 11 Наурыз
3608 просмотров

Қазақстанда жұмыртқа бағасы 1-2%-ға арзандауы мүмкін. Оған қайта өңделетін қағаз, картон және макулатураны сыртқа шығару бойынша 11 наурыздан заңды күшіне енген тыйым себеп.

«Жұмыртқа бағасының шамамен 10%-ы – қаптама құны. Қазақстанда жылына 5 млрд дана жұмыртқа шығарылады, сәйкесінше, оған 180 млн ұяшық керек. Ұяшықтар макулатурадан жасалады, демек, шамамен 2 млрд теңгені ұяшықтарға жұмсаймыз. Тура сонша қаражат қораптарға жұмсалады. Яғни, елдің жұмыртқа өндіру саласы жыл сайын 4 млрд теңгені қаптамаға шығындайды. Ұяшықтар мен қораптарды өндіретін отандық зауыттар арзан шикізаттың болмауы себепті құс фабрикаларының қажеттілігін 100%-ға орындай алмай келген. Арзан макулатура сыртқа кетіп отырған», – деді  «Қазақстанның жұмыртқа өндірушілері қауымдастығының» президенті Максим Божко.

 Оның айтуынша, макулатура экспортына салынған тыйым арқылы нарықтағы ұсыныс артып, престелген қайталама шикізат бағасы 10-15 теңгеге арзандайды. Егер жұмыртқа қаптамасы 10%-ды алса, ал макулатура құны шамамен 10-20%-ға төмендесе, онда соңғы өнім 1-2%-ға арзандауы мүмкін.

 «Біріншіден, біз стратегиялық шикізат – макулатура бағасының арзандауын күтеміз. Екіншіден, аталған сектордың инвестициялық тартымдылығы жақсарады, өйткені бізде арзан шикізат бар. Бүгінде қазақстандық нарыққа ірі түрік холдингі қызығушылық танытып отыр. Биыл Қазақстанда қорап шығаратын 3 зауыт ашылғалы жатыр. Біз қуаттылығы мықты компанияларды тартпақпыз және бұрын қаптаманы Ресейден сатып алып жүрген көп кәсіпорын жуық арада отандық өндірушілердің өніміне көшуі мүмкін», – деді «Қазақстан қаптамашылары қауымдастығының» басшысы Батырбек Әубәкіров.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер