«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес-омбудсменнің қызметі Қазақстанмен шектелмейді

2018 жылғы 14 Қараша
2736 просмотров

2014 жылы Президент жарлығымен Қазақстандағы Бизнес-омбудсмен институтының заңдық негізі қаланып, 2016 жылы жұмысын бастады деп жазады 7kun.kz.

Бұған себеп: бизнестің жүйелік мәселелерін, мемлекеттік органдармен байланысын, заңнаманың жетілдірілмеген тұстарын түзеу қажеттігі. Ең арғы мақсат — бизнестің дамуы үшін билік пен бизнес арасында алтын көпір болу.

Бұл тек бізде ғана бар құрылым емес. Тарихын терсек 1808 жылға кетеміз. Дәл осы жылы Швецияда алғашқы омбудсмен институты пайда болып, 1809 жылы Швеция парламенті бұл лауазымды іске қосты.

Әлемде омбудсмен институттары түрлі басқару нысанындағы 50-ден астам елде бар: президенттік республикаларда (Финляндия, Франция, АҚШ), парламенттік республикаларда (Швейцария, Австрия, ГФР), конституциялық монархияларда (Дания, Норвегия, Швеция, Испания, Австралия, Нидерланд, Ұлыбритания, Канада). Посткеңестік кеңістікте бизнес-омбудсмен институттары Украинада, Грузияда, Ресейде, Өзбекстанда қызмет жасап жатыр.

Тиімділігін дәлелдеген омбудсмендық институт соңғы жылдары Қазақстанда әртүрлі салада іске қосыла бастады. Бизнес бағытындағы бұл қызметке — Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл (бизнес-омбудсмен) қызметіне Елбасының Өкімімен Болат Палымбетов тағайындалған болатын.  Құзіреті жоғары. Тікелей тек Президентке есеп береді.

Анықтама:

Омбудсмен-бұл конституциямен немесе арнайы заңмен үкіметтік мекемелердің, министрліктер мен ведомстволардың қызметін бақылауға уәкілеттік берілген лауазымды тұлға.

Не істеді?

7kun.kz Бизнес-омбудсменнің баспасөз қызметіне сұрау салып, осы сұраққа жауап іздеген. Жеткен жауапқа қарасақ 2 жылда болымды, толымды қызмет жасалғаны байқалды.

Бүгінге дейін бизнес-омбудсмен барлық облысты толық аралап, өңірлердегі кәсіпкерлермен кездесіп, жергілікті жердегі кәсіпкерлік климаттың ахуалын олардың өз ауыздарынан естіп біліпті. Бұдан кейінгі әрекет облыс әкімдерімен, прокурорлармен кездесіп, бизнестің барлық түйткілді мәселелерін бірге саралап, қорытынды шығарған.

Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде өңірлерде бизнес-омбудсмен жәрдемімен көптеген түйткілді мәселелер өз шешімін тапқан.

Мысалы, барлық өңірлерде бар мәселе жер телімінің нысаналы мақсатының бас жоспарға және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес келмеуі салдарынан оны алуда туындайтын мәселе оң шешімін таба бастаған.

Сондай-ақ, барлық әкімдіктер сайттарында елді мекендердің міндеттелген жоспары бойынша ақпараттар орналастырылды. Барлық облыстарда жер телімдерін аукциондар арқылы беру жұмысы жанданды.

«Жалған кәсіпкерлік» туралы бап алынып тасталынды. «Жалған кәсіпкерлікпен» күрестегі алғашқы жеңіс те бизнес-омбудсмен араласқан соң оң нәтиже көрсетіпті.

Кәсіпкерлік кодекс бойынша бизнес-омбудсмен кәсіпкерлер арасындағы дауларға араласпайды. Оның негізгі міндеті — кәсіпкерлер құқықтарының сақталуын қадағалау, мемлекеттік органдар кәсіпкерлердің қызметіне заңсыз араласқан жағдайда, туындаған мәселені шешуге көмектесу болып табылады.

Бүгінгі күнге дейін бизнес-омбудсменнің атына 724 өтініш түскен. Ал жалпы бизнесті қорғау бойынша келгені 25 813 өтініш.  Бұл проблемалардың 90%-ы жергілікті сипатта —  жер алу, құрылыс, салық мәселесі, сатып алулар, әкімшілік кедергілер және т.б. мәселелер. Негізінде бұл мәселелердің барлығын жергілікті жерлерде шешуге болады. Алайда, кәсіпкерлер өз өңірлерінде жауап таба алмағандықтан, Астанаға жүгінуге мәжбүр.

Шешімі бар ма?

Омбудсменнің алдына келген барлық мәселе «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, Бірыңғай тізімге енгізіледі. Мәселен қазір онда 601 мәселе енген, оның 472-сі оң шешімін тапқан.

ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, рұқсат беру жүйесі оңтайландырылған, лицензиялар мен рұқсаттардың 72%-ы, яғни, саны 1115-тен 315-ке дейін қысқартылған. Бақылау-қадағалау саласындағы  мәселелерді шешу үшін біршама іс-шаралар әлі де іске асырылып жатыр.

2017 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексіне түзетулер енгізіліп, бизнеске әсер ететін баптардың 78%-ы,410 баптың 323-і, қайта қаралды. Айыппұлдар 30%-ға қысқарған, айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеу және айыппұлдың орнына ескерту жасау қарастырылған, ал 30 бапта тәркілеу және лицензияның қолданылуын тоқтата тұру алынып тасталды.

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен бірлесе отырып, салық және кеден заңнамасын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілген. Мысалы, адалдық принципі енгізілді, енді Салық кодексі нормаларының анық емес тұстары салық төлеушінің пайдасына түсіндіріледі. Бұл істерге бизнес омбудсмен бел шешіп кіріскен.

Ашықтық керек

Бизнес омбудсменнің ұстанымы ашықтық болуы керек.  Өйткені барлық мәселенің шешімі – ашықтық. «Халық бақылауы» болуы үшін де ақпаратты ашық жариялау керек. Сонда көп түйін шешіліп, салада серпіліс болады. Бизнес-омбудсмен бұл бағытта да жұмыс жүргізуде.

Бизнес-омбудсменнің қызметі Қазақстанмен шектелмейді

Бизнес-омбудсменнің тағы бір мақсаты – шетелде қиын жағдайға тап болған қазақстандық кәсіпкерлерге жәрдем көрсету. Отандық кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелері бұл күні халықаралық деңгейге көтерілді. 2017 жылдың қыркүйегінде Қазақстан мен Ресей бизнес-омбудсмендерінің форумы ұйымдастырылып, оған Ресейдің 40 өңірінен өкілдер қатысқан болатын. Форумда өзара көмек көрсету және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған. Бірлескен жұмыс арқасында Қазақстан және Ресей аумағында кәсіпкерлік субъектілерінің мүліктік және заңды құқықтары қорғалып, Мәскеу мен Атырауда бірлескен кездесулер өткізілген. Биылғы жылы Өзбекстанның бизнес-омбудсменімен де осындай келісімге қол қойылды.

Енді қазақстандық кәсіпкерлер Ресей мен Өзбекстан аумағында мемлекеттік органдармен қарым-қатынас кезінде проблемаларға тап болса, екі елдің бизнес-омбудсмендерінің құқықтық қолдауына сене алады.

«Қазірдің өзінде қазақстандық және ресейлік бірнеше кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары қорғалды. Мәселен, «Электр желілерін монтаждау 110-500» ЖШС-нің РФ аумағында ұрланған, сомасы 10 млн теңгені құрайтын мүлкі  қайтарылды, Челябинск облысында «NORD-KAZTRANS PV» ЖШС-нің мүлкін ұрламақшы болған күдікті адамдар ұсталды, Қостанай облысы аумағанда «ТехКомплект» ЖШҚ-ның мүлкі қамаудан босатылды және т.б. мысалдарды көптеп келтіруге болады», — дейді омбудсменнің баспасөз қызметі.

Жақында ғана Ресей мен Қазақстанның бизнес-омбудсмендерінің екі елдің кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау саласындағы бірлескен ынтымақтастық жөніндегі қол жеткізілген уағдаластықтары шеңберінде  Солтүстік Қазақстан облысы экспорттаушыларына Ресей шекарасында бөгет жасамайтын болды. Бүгінде, Ресейдің барлық бизнес-омбудсмендерімен жұмыс жүргізіліп жатыр. Алтай өлкесі, Свердлов облысы, Ставрополь өлкесі және Татарстан Республикасы бизнес-омбудсмендерінің арқасында қазақстандық кәсіпкерлердің бірқатар мәселелері шешімін тапты.  Қазақстан мен Ресейдің, Өзбекстанның шекара маңы әрекеттестігінің мүмкіндіктерін барынша кеңінен қолдану үшін барлық жағдай жасалып отыр.

Әйтсе де негізгі жұмыс жергілікті бизнеспен жасалуда. Соның салдары бүгінде барлық облыста басшылық кәсіпкерлермен жиі кездеседі.  Бизнес өкілдері түрлі комиссиялар құрамына кіргізілген.

Түйін

Істелген іс аз емес. Көз жеткені — Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі билік пен бизнес арасындағы көпір бола алды. Түйін осы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер