«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордада 9,2 млрд.теңгеге 600 келісімшарт жасалды

2018 жылғы 12 Қазан
- Қызылорда облысы
4230 просмотров

Қызылордада отандық тауарөндірушілерді қолдау мақсатында жыл басынан бері 9,2 млрд.теңгеге 600 келісімшарт жасалған. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты.  

Жақында ғана Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында ішкі нарықты отандық тауарлармен толтырудың маңыздылығын айтқан болатын. Осы орайда, өңірде жергілікті тауарөндірушілерді қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтсақ.

«Ең алдымен, 2016 жылы жергілікті тауарөндірушілерді қолдау жөніндегі облыстық комиссия құрылды. Комиссияның маңыздылығы сол, біріншіден облыс әкімінің өкімімен құрылып, комиссияға Кәсіпкерлер палатасының басшысы мен облыс әкімінің орынбасары тең төрағалық етеді. екіншіден, комиссия мүшелігіне мүдделі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен палатаның, қауымдастықтар және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері енген», - дейді Палата директоры.

Айта кету керек, комиссияның жұмысшы органы Кәсіпкерлер палатасы. Биылдың өзінде тауарөндірушілермен және құрылыс мекемелерімен 10 кездесу, комиссияның 6 отырысы өткізілген.

Палата басшысының айтуынша, комиссияның жұмыс шеңберінде сатып алудың жылдық жоспарындағы 100 млн. теңгеден асатын ірі құрылыс нысандарына жүйелі түрде талдау жүргізілуде. Осы жұмыстар нәтижесінде бүгінгі таңға жалпы сомасы 32,3 млрд.теңгені құрайтын 39 ірі құрылыс объектісі анықталған. Аталған объектілердің жергілікті өнім үлесін анықтау бойынша «К» қосымшасына талдау жасалып, жалпы сомасы 16,7 млрд. теңгеге ұсыныс берілген. Бүгінгі күнге 9,2 млрд. теңгеге келісімшарт жасалды.

 Бұдан бөлек, мердігер «Бақ Береке 2030» ЖШС-і жергілікті тауарөндірушілер «Вега Пром» ЖШС мен «НұрлыТау ЛТД» ЖШС-і араларында меморандум жасалды.

Ғалымбек Жақсылықов жергілікті тауарөндірушілерді қолдауда орталықтандырылған шешімді қажет ететін мәселелер де бар екенін айта келе: «Ұлттық кәсіпкерлер палатасына Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидасының жергілікті өнім үлесін анықтау бөлігінде конкурстық құжаттаманың талабына жергілікті өнім үлесін орындау туралы талаптарды қосу, жинақ ведомостінде көрсетілген жоспарлы жергілікті өнім үлесін бақылауда тапсырыс берушілердің жауапкершілігін қатаңдату, мемлекеттік сатып алу веб-порталында жергілікті өнім үлесі туралы есептің тапсырыс беруші мен мердігер мекемелерден басқа да  тұлғаларға ашықтылығына қатысты ұсыныстар бердік. Бұл мәселелер шешісе, біздің кәсіпкерлерімізге айтарлықтай қолдау болар еді», - деді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер