«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Абылай Мырзахметов: Халықтың әл-ауқаты мен шағын орта бизнестің дамуы-Жолдаудың басты тақырыбы

2018 жылғы 06 Қазан
7315 просмотров

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»  атты Жолдауына қолдау білдіру мақсатында Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысында сөз сөйледі.

Елімізде жүргізіліп жатқан барлық реформалар, бірінші кезекте, қазақстандықтардың әл-ауқатынан көрініс табуы тиіс және бұл биылғы Жолдаудың басты тақырыбы, деді Абылай Мырзахметов.

«Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға ерекше назар аударады. ШОБ үшін, әсіресе шикізаттық емес сектор үшін несиелендірудің қолжетімділігі өте өзекті мәселе және уақтылы көтерілуде. Президент нақты міндет қойды: бірінші кезекте қажетті барлық тауарлар ел ішінде өндірілуі тиіс. Бұл азық - түлік, киім-кешек, аяқ киім, жиһаз. Бұл тек тапсырма ғана емес, отандық өндірушілерді қолдау бойынша нақты шешімдер», - деді Абылай Мырзахметов.

Импорт алмастыруды жандандыру Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының жандануына оң әсер етеді, деді «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы. 

«Валюта бағамының тұрақсыздығынан импорт қымбаттап отыр, бұл халықтың әмиянына ұрады. Сондықтан, мұндай тәуелділікті болдырмау үшін халық тұтынатын бірінші кезектегі тауарларды ел ішінде шығару қажет. Екіншіден, отандық өндірістерді қолдау-бұл азаматтарымыздың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету. Кәсіпорындар тапсырыспен жұмыс істейді, олар салық төлейді, елде жаңа жұмыс орындары пайда болады», - деп айтты Абылай Мырзахметов. 

Ағымдағы жылы «Атамекен» сегіз сала бойынша 2000-нан астам кәсіпорынды паспорттауды жүргізді. Сауалнама компаниялардың өндірістік қуаттарының жүктелім деңгейінің жеткіліксіздігін көрсетті, ол небәрі 57% - ды құрады. Бұл кәсіпорындар  мемлекет тарапынан қосымша тапсырыстарды қажет етеді дегенді білдіреді.

«Президент көтерген бұл мәселе шешіледі және «Атамекен» осы бағытта Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуге дайын», - деді Абылай Мырзахметов.

ҚР Өнеркәсіптік кәсіпорындарының өзекті проблемасы - ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділіктің болмауы. Абылай Мырзахметовтың пікірінше, екінші деңгейлі банктер тарапынан қысқа мерзімді және жоғары пайыздық мөлшерлемемен несие берудің қазіргі шарттары бизнесті дамытуға және жаңғыртуға көмектеспейді.

«Президент бұл мақсатқа 600 млрд теңге бөлінетінін және қаражат халық тұтынатын тауарларды шығаратын жобаларға ғана берілетінін айтты.  Қаражатты бөлу Үкіметтің қатаң бақылауында болады. Біз өз тарапымыздан белгілі бір міндеттемелерді алатын кәсіпорындардың тізімін ұсынуға дайынбыз», - деді спикер. 

Абылай Мырзахметовтың айтуынша, Президент Жолдауының негізгі тақырыптарының бірі- бизнеске салықтық рақымшылық жасау қажеттілігі туралы тапсырма. 

«Бизнес бұл үшін Мемлекет басшысына дән риза. Негізгі қарызды төлейтін кәсіпкерлерге өсімпұлдар мен айыппұлдар есептен шығарылады. Бұл өте маңызды және негізгі борыштың төленуі үшін ынталандырады», - деді ҰКП Басқарма Төрағасы.

Жолдау аясында айтылған тағы бір маңызды мәселе – кәсіпкерлікті дамыту және жер телімдерін бөлу ашықтығы үшін кедергісіз орта қалыптастыру. Жыл басынан бері «Атамекенге» кәсіпкерлерден екі мыңнан астам шағым түсті, оның 16% жер қатынасына қатысты. 

«Әсіресе ауылдық жерлерде жер мәселелерінің ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Адамдар фермерлікпен айналысқысы келеді, шаруашылығын «Бастау» жобасы бойынша кеңейткісі келеді. Мал шаруашылығын дамытқысы келетін фермерге, жеке кәсіп ашқысы келетін кәсіпкерге жер жоқ. Қазір Ұлттық палата Ақтөбе облысында скрининг жүргізіп жатыр. Жеті жыл бұрын бұл жерлер біреудің меншігі болып бекітілген, алайда осы жылдар бойы ол жер іссіз тұрып қалған. Мұндай мәселелерді құқық қорғау органдарымен бірлесіп бақылауға алып, шешу қажет», - деді Абылай Мырзахметов.

Ұлттық палатада Жолдаудың адами капиталды дамытуға, атап айтқанда болашақ мамандарды оқыту сапасына және оларды одан әрі жұмысқа орналастыруға дер кезінде баса назар аудару керек деп санайды. Дәл осы нарық оқу бағдарламаларының сапасына баға беруі тиіс және мемлекеттік тапсырыс тек сұранысқа ие кадрларды дайындайтын колледждер мен жоғары оқу орындары арасында бөлінуі тиіс.

«Бұл маңызды, Мемлекет Басшысы: орта және жоғары білім беру ұйымдары үшін негізгі критерий - жұмысқа орналасу деп айтты. «Атамекен», әрине оны қолдайды!»,- деді Абылай Мырзахметов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер