«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекенде» өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бизнесті өзін-өзі реттеу келешегі талқыланды

2018 жылғы 04 Қазан
3152 просмотров

«Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы алаңында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында өзін-өзі реттеуді енгізу мәселесі талқыланды.

ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов отырысты аша отырып, 2015 жылы «Өзін-өзі реттеу туралы» Заң қабылданғанын еске салды.

«Заң қабылданған сәттен бастап міндетті өзін-өзі реттеу екі салада енгізілді: бағалау қызметі және Заң консультанттарының қызметі. ҰКП жанынан өзін – өзі реттеу мәселелері бойынша тиімді өзара іс-қимыл жасау мақсатында өзін-өзі реттеуді дамыту мәселелері бойынша жеке Комитет құрылды. Оны тәжірибелі заңгер, мемлекет және қоғам қайраткері Ұлан Байжанов басқарады. Қыркүйек айында Комитеттің бірінші отырысы өткізілді. Қазір Комитет жұмысының негізгі бағыттарын анықтау үстіндеміз», - деді Рустам Жүрсінов.

Кеңес аясында кәсіпкерлік субъектілері тап болған өзекті мәселелер айтылды.

«Қазіргі уақытта өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында сарапшыларды оқыту қиын жағдайда тұр. Сондай - ақ, сараптама жүргізу сапасы мәселесі де туындады, - деп атап өтті «Тәуелсіз газ Қауымдастығы» ЗТБ өкілі Олег Попов. - Мұнда өзін-өзі реттеуді енгізу әлеуеті бар».

«Қазақстанның лифтілер одағы» ЗТБ ӨРҰ президенті Нұрлан Кенжебаев газбен жабдықтау саласында бақылаудың болмауына назар аударды. Аталған қызмет түрі жергілікті атқарушы органдар тарапынан да, бизнес тарапынан да жауапкершілікті күшейтуді талап етеді.

Н.Кенжебаев Астана қаласында лифт шаруашылығына қызмет көрсету саласында ерікті өзін-өзі реттеуді енгізу бойынша жобаны табысты іске асыру нәтижелерімен бөлісті.

Ағымдағы жылдың маусым айында Ұлттық палата, Астана қаласының әкімдігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі және «Қазақстанның лифтілер одағы» ЗТБ арасында Астана қаласында лифт шаруашылығына қызмет көрсету саласында өзін-өзі реттеуді енгізу пилоттық жобасын іске асыру бойынша бірлескен меморандумға және жол картасына қол қойылған болатын.

Кеңесте атап өткендей, мұндай тәжірибені өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы басқа да қызмет түрлеріне қолдануға болады.

Отырысты қорытындылай келе, Рустам Жүрсінов жақын арада Ұлттық палата салалық қауымдастықтардың ұсыныстары негізінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында өзін-өзі реттеу элементтерін кезең-кезеңмен енгізудің тұжырымдамалық негіздерін дайындап, ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен талқылауға шығаратынын атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер