«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Олег Савеленко:Бизнес пен мемлекеттік органдардың «сұр» схемалары анықталды

2018 жылғы 13 Қыркүйек
4224 просмотров

Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектеновтың төрағалығымен 2018 жылғы Жол картасын жүзеге асырудың аралық қорытындыларын шығару бойынша селекторлық кеңес өтті.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен бизнесті дамытудың тиімді тетіктерін әзірлеу мақсатында ҰКП мен (МҚІСҚА) Агенттік Тараптар арасындағы ынтымақтастық туралы Келісімді жүзеге асыру бойынша Жол картасына қол қойылған болатын. Оның шеңберінде рұқсат беру функцияларын, мемлекеттік қызметтерді талдау сияқты 5 негізгі міндет бойынша 16 іс-шара өткізу жоспарланған. Олар: Реттеушілік әсерді талдау (РӘТ); лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру; «бір терезе» қағидатын және ақпараттық жүйелерді іске асыруды талдау; ұйымдық-ақпараттық мәселелер.

Жүргізілген талдау өңірлерде анықталған жүйелік проблемаларға негізделген.

Өз баяндамасында ҰКП Кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің басқарушы директоры Олег Савеленко талдаудың әрбір пунктіне толығырақ тоқталды.

«Жүргізілген талдау мемлекеттік қызметті жүзеге асыру және бақылау, рұқсат беру функцияларын орындау кезінде бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимыл тетігінде «сұр схемалардың» барын анықтады. Мысалы, ауыл шаруашылығындағы «сұр схемалар» субсидиялауға жататын ауыл шаруашылығы өндірісінің нақты көлемін арттыру арқылы бюджет қаражатын ұрлаудың сыбайлас жемқорлық белгілерінің бар екенін көрсетті. Лауазымды тұлғалар кәсіпкерлердің өтінімдерін қарау барысында егілген алқаптардың жоғары көлеміне оң көзқарас танытуына ықпал жасаған», - деді Олег Савеленко.

Сондай-ақ, елімізге ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелуге рұқсат беру кезінде құжаттарды бұрмалау, теріс пайдалану түріндегі сыбайлас жемқорлық белгілері болуы мүмкін. Лауазымды тұлғалар базарларды бақылай отырып, кәсіпкерлермен қарым-қатынасқа түседі және ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай келмейтін өнімді белгілі бір төлем үшін сатуға жіберуі мүмкін.

Олег Савеленконың айтуынша, құжаттарды жалғау мысалы Түркістан облысында (бұрын ОҚО) тіркелген. ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды тұлғасы жалған инвесторға 25 215 000 теңге субсидия алуға көмектескен.  ЖШС өкілі субсидия алу үшін барлық қажетті құжаттарды тапсырады, оларға өз кезегінде лауазымды тұлға қол қойған. Сонымен қатар, талдауда экология, құрылыс, сәулет, қала құрылысы, техникалық реттеу және т. б. салалардағы "схемалар" анықталды.

Өз кезегінде, қоғамдық мониторинг және ҰКП әкімшілік кедергілермен жұмыс департаментінің басқарушы директоры Ербол Өстеміров реттеушілік әсер талдауына  (РӘТ) толығырақ тоқталды.

Спикер атап өткендей, РӘТ орталық деңгейде бизнеске қатысты негізсіз қатаңдатуды болдырмау бойынша мемлекеттік органдар үшін тиімді құрал және нақты кедергі ретінде өзін көрсетті.  РӘТ енгізілген сәттен бастап мемлекеттік органдар 216 жаңа реттеуші құралды ұсынды, бұл ретте РӘТ рәсімдері арқылы тек 11% немесе 23 қатаңдату өтті.  

«РӘТ тек енгізілетін реттегіш құралдарға ғана емес, қолданыстағы құралдарға да жүргізілуі тиіс. РӘТ институты 2,5 жылдан астам жұмыс істеп келеді, бірақ  бірде - бір мемлекеттік орган қолданыстағы құралдарға РӘТ жүргізген жоқ», - деп атап өтті Ербол Өстеміров.

Сонымен қатар, баяндамашы атап өткендей, аймақтардағы ахуал өршіп тұр.

«Барлық Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Агенттіктің аумақтық департаменттерімен бірлесіп 2016-2017 жылдары қабылданған 3300-ден астам шешімді зерделеді, 120 шешім шығарылды, онда қатаңдатудың әралуан түрлері бар. Бұл ретте реттеушілік әсерді талдау тек 4 өңірде-Астана, Алматы қалаларында, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында ғана жүргізілген. Нәтижесінде, РӘТ институты өңірлерде тиісті түрде жұмыс істемей отыр», - деді ҰКП Басқарушы директоры.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов ұсынылған баяндамалардың қорытындыларын түйіндей отырып, осы нәтижелерді орталық деңгейінде егжей-тегжейлі зерттеп, Агенттік атынан өңірлерде түсініктеме беруге тапсырма беруді ұсынды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер