«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық тұрмыстық химия өнімі импортты қашан алмастырады?

2018 жылғы 28 Мамыр
4921 просмотров

Үй ішін тазалықта ұстау, жеке бас гигиенасы, тері күтімі – адамзаттың күнделікті атқаратын процедараларының бірі. осы ретте тұрмыстық химияның маңызы зор. Сіздің ас үй мен жуыну бөлмеңізде қандай тазалық құралдары тұр? Отандық тауар түрлерінен хабарыңыз бар ма? Сапаға мән бересіз бе? Тұрмыстық химияны сатып алуға айына қанша қаражат жұмсайсыз? Экологиялық қауіпсіздікке мән бересіз бе? Отандық нарықты бірге саралап көрелік.

2018 жылғы қаңтар-сәуірде 2017 жылғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда өнеркәсіптік өндірістің индексі 105,1%-ды құрады. Өндіріс көлемінің төмендеуі Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды. Өсу республиканың 14 өңірінде тіркелді.

Жамбыл облысында фосфатты шикізат, қант, фосфор, фосфорлы тыңайтқыштар және портландцемент өндірісі жоғарылады (116,2%). Қостанай облысында темір шекемтастары және қойыртпалары, жеңіл автомобильдер, ұн және макарондар өндірісі өсті (112,5%). Атырау облысында шикі мұнай өндірісі көлемінің жоғарлауы есебінен өнеркәсіптік өндірістің индексі 111,6%-ды құрады. Оңтүстік Қазақстан облысында уран және торий кендері, бензин, дизельдік отын, керосин және портландцемент өндірісі жоғарылады (108,3%). Шығыс Қазақстан облысында мыс кендері және қойыртпалары, күнбағыс майы, тазартылған мыс және жеңіл автомобильдер өндірісі жоғарылады (106,6%). Алматы облысында өңделген сүт, қант, алкогольсіз сусындар, дәрі-дәрмектер және электр аккумуляторлар өндірісі өсті (104,2%). Алматы қаласында күнбағыс майы, өңделген кофе және шай, және теледидар қабылдағыштары өндірісі өсті (103,1%). Астана қаласында алкогольсіз сусындар, тауарлық бетон, тазартылған алтын және қара металдан немесе алюминийден жасалған конструкциялар өндірісі өсті (100,1%).

Осыншама мәліметтің ішінен химия өнеркәсібі, оның ішінде тұрмыстық химияға қатысты ақпарат жоқ. Себебі Қазақстанда тұрмыстық химия заттарын шығару өндірісі енді-енді қолға алынған. Демек, осы саладағы импортты алмастыру тетіктерінен бұрын жергілікті қамтудың да үлесі тым төмен болып отыр.

Елімізде парфюмерия өнімінің тек 5%-ы ғана отандық өнеркәсіпке тиесілі. Тазарту пасталары мен кір жуатын ұнтақтар 99%, ал жуу құралдарының 95,7% сырттан тасымалданады. Былтыр 2016 жылмен салыстырғанда сабын, жуу құралдары мен парфюмерия өндірісі өскен. Дегенмен ұнтақ және паста өндірісі күрт төмендеген, атап айтқанда 77%-ға дейін азайған.

Тұрмыстық химия өндірісі Қазақстанда мүлдеп тоқтап қалған жоқ. Әр өңірде аздап қолға алынып келеді. Елімізде тұрмыстық химия шығарумен 30-ға жуық компания айналысады.

Мысалы бүгінде Маңғыстау облысында тұрмыстық химия өнеркәсібі қолға алынған. Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылында сұйық сабын, тұрмыстық тазарту құралдары шығарылады. Компания әуел баста Маңғыстау облысында тұрмыстық зарттарды таратумен айналысқан. 2017 жылдан бастам тұрмыстық химия, оның ішінде сұйық сабын мен тазарту құралдарын шығаруды қолға алған. Айналым қаражаты үшін 14%-дық несие алған.

Сонымен қатар Павлодардағы тұрмыстық химия өндірісінің өнімдері Ресейге шығарыла бастаған. Павлодардағы кәсіпорын 5 жыл ішінде 200-ге жуық өнім түрін шығарылады. Тазарту құралдары, бальзам, сусабын түрлері шекараға жақын аймақ тұрғындарына кеңінен таныс. Сонымен қатар қатты сабын шығаруды қолға алған. Осы өнімдерімен Ресей ғана емес, Беларусь Республикасының да нарығына шығару жоспарланған.

Ал Көкшетау қаласында орналасқан «Тұрмыстық химия зауыты» ЖШС 1950-жылдардың соңында құрылған. Аяқ киімге арналған крем шығарудан бастаған зауыттан тұрмыстық химия құралдары шығарылып келген. Бұл зауыттан шыққан кір жуатын ұнтақ, желім, ағартқыштар мен тазарту құралдары республика көлемі таралып келген. Бүгінде экологиялық таза әрі қауіпсіз зат шығаруға бсымдық берген компания үй, ас үй, кеңсе мен көлікке арналған тазарту құралдары шығарылады. Биологиялық еруі, адамға қауіпсіздігіне баса назар аударылған.

Қазақстан нарығына танымал компаниялардың бірі – «Аврора Холдинг» ЖШС. Компания басшысы Данияр Алшанбаевтың айтуынша елімізде тұтынатын тұрмыстық химия өнімдерінің 95% сырттан жеткізіледі. Осы көрсеткішті төмендетіп, импорттық тауардың қатарына отандық өнімді енгізуді қолға алған компания жуу-тазарту құралдары мен косметикалық, яғни шаш және дене күтімен арналған екі бағытта өндірісті іске қосқан. Өнімнің сапасын жоғары етіп қана қоймай, қаптамасын да назар аударған. Бәсекелестерден ерекшелену үшін  инновациялық технологияны қолдана отырып, этикетканы өнім ыдысына бірден басады.

Нарыққа 2015 жылы шыққан компания бастапқыда өнімнің 94 түрін ұсынған, ал бүгінде сатылымға 200-ге жуық тауар түрі шығарылады. Procter & Gamble Company, Unilever, Henkel Group секілді қуатты компаниялармен бәсекелестікке түсіп отырған компанияға тұтынушылардың сенімінен шығу оңай емес.

Мұндай кедергіге отандық «Уркер Косметик» компаниясы да тап болған. Компания дистрибьютерлік желі құрып, республикалық барлық аумағын қамтып, сауда орындарына шығарыла бастағанымен өнімге деген сұраныс болмаған. Тұрғындар отандық тауардың сапалылығына сеніммен қарамайды. Дегенмен, жергілікті өндіруші компанияларға көрсетіліп отырған қолдаудың арқасында соңғы екі жылда компания нарыққа қайта бет бұрған. Бұл компания негізінен халықтың орташа сегментіне арнап, арзан, бірақ сапалы өнім ұсынуды қолға алған.

Ал Алматы қаласында орналасқан «Адал плэнт» компаниясы «SULU» брендімен қатты иіс сабын шығаруды қолға алған. Бүгінде өнімдерін Моңғолия, Қырғыстан, Қытай нарығына да экспорттауды бастаған компания сапаға ден қойып отыр. Компания өкілдерінің айтуынша абиғи қоспалармен дайындалған сабын шетелдік өнімнен кем түспейді. Тіпті алғаш болып Қазақстан өндірісінде балаларға арналған сабын шығаруды бастады.

«Біздің компания 2012 жылы құрылды. Ол уақытта елімізде сабын мүлде шығарылмайтын, негізінен Ресейден тасымалданатын. Әуел баста кәсіби маман іздеу мәселесі тұрды, себебі біздің елімізді бұл саланың мамандары тапшы. Ал Түркия – сабын өндіруде көшбасшы. Сондықтан әлемдік тәжірибесі бар маманды шақырып, елімізде кадр дайындауға кірістік», – дейді өткенге ойша оралған «Адал плэнт» ЖШС директорының орынбасары Толқын Исабекова.

Қанша жерден сапалы әрі отандық өнім болғанына қарамастан нарықтағы бәсекелестік қатаң. Тұтынушылар «P&G», «DURU», «Чистая линия» секілді нарық алыптарының өнімдерін пайдалануды әдетке айналдырған әрі осы компаниялардың өнімдерін кез келген дүкеннен оңай табуға болады. Халықтың сенімінен шығып, сапалы өнім өз елімізде де өндірілетінін дәлелдеу мақсатында «Адал плэнт» компаниясы «SULU» брендімен «Алтын сапа» байқауына қатысуға шешім қабылдаған. Байқауға қатысу талабымен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайтынан танысуға болады.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Көркем-дос» зауыты тұрмыстық тазарту құралдарын шығарады. Кәсіпорынның негізі 2013 жылы қаланған. Өндірісте 10-нан астам тауар шығарылады, жылына айына 60 тонна химиялық тазарту құралы өндіріледі. Былтыр «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына қатысқан компания тұтынушылар арасында сұранысқа ие компания екенін дәлелдеді.

Міне, Қазақстан нарығында тұрмыстық химия өндірісіне үлес қосып, импортты алмастыруға өзіндік септігін тигізіп отырған біршама компанияларға тоқталдық. Ал олардағы түйткілді мәселе қандай?

Химия өндірісі, оның ішінде тұрмыстық химияның Қазақстанда қарқынды дамуы үшін бастапқы қаражат, білікті маман, сапалы шикізат пен өткізу нарығы қажет. Жыл сайын ішкі нарықтағы сұраныс артып, оған импорттық тауарлар ұсынылып отырғанда, отандық өндірісті дамытудың негізі бар. Дегенмен тұрмыстық химияны өндірушілердің алдында тұрған басты мәселе: сапалы әрі арзан өнімді көптеп шығару үшін тұтыну ауқымы кең болуы керек, бірақ көп өнім шығармасаң, мемлекеттің ішкі нарығын қамти алмайсың, ал эспортқа шығару үшін өзіндік құны төмен болуы керек. Бұл мәселені шешудің жолы – өндірісті кеңейтіп, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасау.

Отандық өндірісті дамытуға әрқайсымыз атсалыса аламыз. Дүкен сөрелерінен «Қазақстанда жасалған» белгісі бар тауарларды көптеп сатып алып, қолдасақ, сала дамиды, өнімдердің сапасы артады, қазақстандық тауарөндірушілер экспортқа шығып, бәсекеге қабілетті болады. Осылайша жұмылған елдің тұрмыстық химиясы индустриясы жетілмек. Ал шикізаттың түр-түрі: сілтілер, қой жүні, мұнай қалдықтары, күміс иондары, түрлі май қоспалары, күріш суы, жұмыртқаның ағы мен сарысы елімізде жетіп артылады әрі сапасы бірінші сұрыпты. Демек салаға жаппай қолдау ғана керек...

Қарлыға Телман


Еншілес ұйымдар

Серіктестер