«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мемлекеттік органдар кәсіпкердің құқығын шектеген

2018 жылғы 09 Сәуір
- Қызылорда облысы
3750 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңесінің кезекті отырысы өтті

Отырыста жерге орналастыру қызметі мен жолаушы тасымалына қатысты кәсіпкерлердің өтініштері қаралып, талқыланды. Қызу талқыға түскен мәселе жерге орналастыру қызметіне қатысты болды.

Жалпы Палатаға кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштерге жасалған талдау нәтижесі өтініштердің басым бөлігі жер қатынастар салаларындағы жергілікті атқарушы органдардың әрекетіне келетіндігін (27%), маңыздылығы бойынша екінші кезекте тұрған мемлекеттік сатып алу (23%)  екендігін көрсетті.

 Соның бірі - Палатаға бір топ кәсіпкерлерден келіп түскен жерге орналастыру қызметін бәсекелестік ортада жүзеге асырудағы проблемалық мәселелер туралы ұжымдық арыз.

 Арызда ашық бәсекелестік ортада белгіленген жерге орналастыру қызметтерін бірқатар тапсырыс беруші мемлекеттік мекемелердің Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментімен бір көзден шарттар жасасу арқылы алып, осы салада қызмет көрсететін өзге кәсіпкерлердің құқығы шектеліп отырғаны айтылған.

Кеңес мүшелері мәселені қарау барысында осындай бірнеше фактімен танысты.

Атап айтқанда, Арал ауданы Ақирек ауылдық округі өткен жылдың қазан айында 16 млн.413 мың теңгеге жерге орналастыру қызметі бойынша жариялаған лотын алғашында электронды конкурспен өткізіп, кейін облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің ұсынысымен деп тоқтатып, бір көзден алу тәсілімен Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментіне берген.

Мұндай жағдай, жалпы құны 65 млн.317 мың теңгені құрайтын қызметті ұсынған Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, сондай-ақ 52 млн.232 мың теңгеге қызмет ұсынған Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан орын алған.

 

Негізі жерге орналастыру қызметін тиісті рұқсаты бар кәсіпкерлік субъектілері көрсете алады. Алайда, мемлекеттік органдар қызметті ұсыну барысында тек монополиялық компаниялар ғана көрсете алады деген желеумен 1 ғана мекемеге беруді шешіп, тиісті құжаттарын тапсырған 20-ға жуық кәсіпкердің құқығы шектелген. Атап айтқанда, бәсекелестік нарықтық жұмысты, яғни кәсіпкер көрсете алатын қызметті мемлекеттік органға берген.

Кеңес отырысында облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Марат Егембердиев:

«Электронды конкурс өткізуді тоқтату бұл мәселеге қатысты емес, өзге жіберген қателіктері үшін тоқтатылды. Ал бұл ұсынысымызды аталмыш мемлекеттік органдар өзге мақсатта пайдаланды», - деді.

Бұл жайтқа қатысты отырыста Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев:

«Егер мемлекеттік орган тарапынан берілген ұсынысты бұрмалау фактілері болған болса Әдеп кеңесінде қарауға әзірміз. Мәселенің мән-жайын толық баяндап бізге ұсыныңыздар», - деген ұсыныс берді.      

Кеңес қорытындысымен аталмыш мәселеге қатысты Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне Сырдария және Қармақшы аудандық ауылшаруашылығы бөлімдерінің жерге орналастыру жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алуларының заңдылығына тексеру  жүргізу, нәтижесі бойынша аталған мемлекеттік сатып алудың қорытындысының күшін жою шараларын ұйымдастыру,  Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне орналастыру жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алуларды заң талаптарын бұза отырып өткізген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесін қарау ұсынылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер