«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Гүлмира Ыдырысова: Қайырымдылық сән үшін жасалмайды

2018 жылғы 29 Қаңтар
- Павлодар облысы
7710 просмотров

Екібастұз қаласы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы көмек беруге мұршаң болса, оны міндетті түрде орындау керектігіне сенімді

Павлодар облысындағы «Тұрсын» шаруа қожалығының басшысы Гүлмира Ыдырысова тұрмыс тіршілігі қиындаған отбасыларға барды. Олардың қатарында жалғыз өзі көп баланы тәрбиелеп отырған аналар, мүгедек балаларды өсіріп отырған ата-аналар бар.

Осындай игі істің басы-қасында жүрген Гүлмира Ыдрысова бизнеспен айналысу және қайырымдылықты қалай түсінетіні туралы ой бөлісті.

– Гүлмира Хасенқызы, жеке кәсібіңізді қалай бастағаныңыз жайлы әңгімелеп берсеңіз...

– Біздің отбасылық бизнесіміз 1997 жылы басталды. Саудамен айналыстық. 2001 жылдан бастап мемлекеттік коммуналдық мекемелерге тамақ өнімдерін жеткізуге көштік. Ет өнімін алып-сатарлардан алуға тура келді. Сапасы мен бағасы, әрине, әлі де жақсартуды талап ететін. Сапасы жақсы етті жеткізу үшін талай рет шығынға баттық. Сол уақытта өзіміздің шаруа қожалығымызды ашуға шешім қабылдадық. 2005 жылы жанында аздаған құрылысы бар үлкен үй сатып алдық. Сондай-ақ жерді, жайылым мен шабындық жерін жалға алып, 5 сиыр сатып алдық та, осылайша туыстардың қолдауымен жеке кәсіпті бастадық.

– Бизнес құрудың жолын өткерген соң қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер, жеке кәсіпті жүргізуге, дамытуға сеп болып отырған не нәрсе?

– Бастапқыда, әрине, түрлі жайттар орын алды. Жақсысы да, көңіл толмайтыны да бар. Бүгінде еңбексүйгіш отбасының, бірлігі бар топтың, мемлекеттің қолдауының арқасында жақсы жетістікке жеттік деп айта аламын. 8 жылдан бері асыл тұқымдастырумен айналысып келеміз. Қазақстанның ақ бас сиырын көбейтуді қолға алдық. Соңғы екі жылда Герефорд тұқымын тәжірибе үшін бастадық. Тұқымдық бұқалар мен сиырларды тексерілген сенімді қожалықтардан сатып аламыз. Таңдап алу үшін өзіміз де мың шақырымдық жолға шығамыз. Мұның барлығы да мемлекеттің қолдауымен жүзеге асып отыр. Сатып алынған асыл тұқымды малға субсидия төлеу, сондай-ақ селекция шаурашылықтағы мал басын жақсартуға көп көмегін тигізеді.

–Іскер әйелдер кеңесіндегі жұмысыңызға тоқталсақ, қоғамдық жұмыспен бизнесті байланыстыру қиын емес пе?

– Мен Екібастұз қаласының іскер әйелдерін басқарамын. Кеңес құрудағы негізгі идея қаладағы қыз-келіншектердің іскерлік ортадағы күшін нығайту. Біздің мақсатымыз жеке кәсіппен айналысатын және бизнесті енді бастаған қыз-келіншектерге көмектесіп, бизнес-бастамаларының жүзеге асуына, әлеуеттік жобаларды сүйемелдеуге сеп болу. Кеңес беру, оқыту, тәжірибе алмасу, байланысу арқылы атқарылады. Келіншектерге нақты кеңес пен қолдаудың өзі кәсіптің өрлеуіне сеп болып жататын кез аз емес.

Кәсіпкер әйелдердің қатары күн санап артып келе жатқанына қуаныштымын. Мысалы 2017 жылы мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша Кәсіпкерлер палатасының Екібастұз қаласындағы филиалына 300-ден астам қыз-келіншек жүгінді. Оның ішінде 62-і «Бизнес-кеңесші» жобасымен оқудан өтті.  Сонымен қатар 16 қыз-келіншек қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, жүк тасымалдау, наубайхана, тігін өнеркәсібі, жылжымайтын мүлікті жалға беру, сауда салаларында жеке кәсіптерін бастады.

– Іскер әйелдер кеңесіндегі жұмысыңыздан бөлек, қайырымдылыққа да уақыт табасыз. Көмектесу дегеннің сіз үшін қандай маңызы бар?

– Қазіргі таңда көптеген кәсіпкер қайырымдылыққа жақсы көңіл бөліп отыр. Бұл сәндік үшін емес, бизнестің шын көңілмен, жан қалауымен жасайтын әлеуметтік жауапкершілігі. Кәсіпкерлердің елдің де, қоғамның да дамуына қосып отырған үлесі деп айта аламын.

Әлеуметтік жауапкершілікті әрқилы көрсетуге болады. Бизнесмендердің бірі мұқтаж жандарға қамқор, бірі қайырымдылық акцияларына жиі қатысады, енді бірі мектеп, аурухана, жол салып, енді бірі балалар үйін назарға алған. Жақсылықтың шегі жоқ. Әркім қолынан келгенін аямайды.

Игі істі жасырудың қажеті жоқ деп есептеймін. Бұл туралы көп айтылған сайын, жақсылық артып, игі іс жалғасын табады. Қайырымдылық мәдениетін қалыптастырып, бизнестің әлеуметтік бизнесін дамытуға бағытталған «Атамекенім» акциясының берері мол.

Мысалы, Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру» мақаласында жалпы ұлттық патриотизмнің маңыздылығына тоқталған. Біз әлеуметтік сыйластық, туған жерге құрмет, қайырымдылық пен демеушілікке қолдау көрсетуіміз керек.

Мен үшін біреуге қол ұшын созу – дұрыс әрі қажетті іс. Қолыңнан келсе, міндетті түрде орындау керек. Бастысы игі істер жалғасып, үзілмеуі керек. Сонда ғана біз болашаққа қадам басып, қоғамның дамуына үлес қосамыз, бірлігі мығым, жауапкершілігі жоғары ұлтқа айналарымыз да анық.

– Гүлмира Хасенқызы, толымды әңгімеңізге көп рахмет, әр ісіңіз жемісті болып, табысқа жетелесін!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер