«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шаруалардың ақпараттық технологияны игеруі бизнес қарқынын күшейтеді

2017 жылғы 26 Желтоқсан
1809 просмотров

Қазақстанда 190 мың фермер бар, алайда олар туралы мәлімет базасы қалыптаспаған

«Қазақстан фермерлері» жобасы көп функционалды жаңа портал іске қосты. Портал шаруа қожалықтарының, ауылдық округтардың, аграрлық ғалымдардың, агрокәсіпорындардың ортақ дерекқорына айналды. Қазіргі уақытта порталға 37 400 адам тіркеліп, 10 135 қолданушы порталда өз веб-парақшасын (аккаунт) ашқан. Әлі де тіркелім белсенді жалғасуда.

Бұл жобаны іске асыру үшін «AgroBiz.kz – агробизнес субъектілері арасындағы қарым-қатынасты дамытудағы жаңа мүмкіндік» тақырыбында Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған қалаларында және оңтүстік өңірлердегі аудан орталықтарында 50 семинар-тренингтері өткізілген. Фермерлер, агрокәсіпорындар өкілдері, Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы аудандық, ауылдық әкімшіліктер қызметкерлері, жалпы алғанда семинарларға 2013 адам қатысты.

Ең бастысы бұл портал шет аймақтардағы фермерлерге ашық нарыққа тікелей жол ашу, олардың тауарларына сұранысты арттыру, делдалдардың жолын кесу идеясын ұстанған. Бұл портал арқылы шаруалар өндірушілерді тікелей таба алады, сондай-ақ мемлекеттік тендерлерге қатысуды меңгереді.

Қазақстанның шаруаларын бір алаңда тоғыстыратын портал өнімді тікелей сатуға айтарлықтай сеп болады. Сатып алушылар агросубъектілермен тікелей байланыса отырып, тауарға тапсырыс береді, делдалсыз, өз бағасында өнім ала алады. Еліміздің шаруалары ғана емес, шетелдік қолданушылар да қызығып отыр.

«Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастықтар қоры» қоғамдық қорының атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаева «Қазақстан фермерлері» жобасы туралы ой бөлісті.

«Қазақстанда фермерлермен жұмыс істейтін қоғамдық мемлекеттік емес ұйымдардың біріміз. Бірнеше жыл бойын «Ауылдық аймақтарды дамыту» жобасы жүзеге асыра отырып, агробизнес орталығы арқылы шаруалармен тікелей байланыс орнаттық. «Қазақстандағы Орталық Азияның Еуразия қоры» КҚ қолдауымен соңғы екі жылда осы жобаны жүзеге асырып келеміз. Бұл жоба алғашқы жылы Алматы облысының үш ауданында жүзеге асырылды. Екінші жылы Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары қамтылды. Бүгінде 40 мыңға жуық шаруа агробизнеске арналған порталға тіркеліп, байланыс орнатып, өз кәсіптерін дамытып келеді», - деді Бақытгүл Шолпанқұлова.

Сонымен қатар Бақытгүл Елшібаеваның ауыл шаруашылығы бизнесімен айналысушылардың сауаттылығын арттыру маңызды екенін атап өтті.

«Бүгінде ауыл шаруашылығы кәсібін қолға алған жандар бұрынғы жүргізушілер, сауыншылар екенін ескерсек, олар бухгалтерлік, заңдық тетіктерді біле бермейді. Сондықтан арнайы семинарлар өткізудің пайдасы мол. Кооперативтер туралы айтсақ, біріккенімен, оның ішкі қызметін реттеп, кімнің немен айналысатыны, өнімді өсіруден бастап тұтынушыға жеткізуге дейінгі аралықтағы логистика, тасымалдау мәселелерін түсініп, шеше алуы керек», - дейді қоғамдық қордың атқарушы директоры.

Бақытгүл Елшібаеваның айтуынша, кооперативтерді құра отырып, фермерлердің сауаттылығын арттыруға, өзара міндеттемелерді бөлісуін, түсініп, ортақ мақсатқа жетуге талпындыру керек дейді.

«Біз «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыстамыз. Агробизнес орталығы арқылы семинарлар өткізіп, бухгалтерлік, қаржылық, заңдық білім беріп, істеп отырған кәсібін шынайы бизнеске айналдыруға ынталандыру. Қазіргі таңда өз ауданымызда 90-100 шаруаға көкөніс өсіру бойынша семинарлар өткізіп келеміз. Алдағы уақытта облыстық, республикалық деңгейге шығуды көздеп отырмыз», - деді «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастықтар қоры» қоғамдық қорының атқарушы директоры.

Ал шаруаларға арналған порталдың жетекшісі Айдос Аманбайдың айтуынша бұл ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің ісін дамытуға мол үлес қосады.

«Бізде Қазақстанда ашық база мәселесі өте қиын. Елімізде 190 мың фермер бар, алайда ол туралы ақпарат табу қиын. Осы заманда интернетте жоқ болсаңыз, бизнесте де жоқсыз деген уақыт келді. Елімізде интернетпен қамту 90%-дан болса, алдағы уақытта бұл көрсеткіш арта түспек. Сондықтан ауыл-аймақтағы шаруалар смартфонды пайдалана отырып бірнеше қызметті ала алады. Агрокарта арқылы қай жерде қандай ферма орналасқанын біледі. Сондықтан фермерлер осы порталда акаунт ашып, тіркеліп, тікелей байланыс орната алады», - деді Айдос Аманбай.

Жоба жетекшісінің айтуынша Қазақстандағы ауылдық округтардағы әкімшіліктердің жеке парақшалары да бар. Өңірдегі аграрлық әлеуетті көрсету маңызды. Елдімекендерге инвестиция тарту міндеті тұр. Сондықтан портал арқылы қай өңірде қанша суармалы жер бар, қанша мал басы бар деген сынды ақпарат толық берілген.

«Ең алдымен оңтүстік өңірлерді алғанның өзіндік себебі бар. Оңтүстік Қазақстан облысында 70 мыңдай, Алматы облысында 43 мыңға жуық фермер бар, Ал Жамбыл облысында 18 мың фермер жұмыс істейді. Фермерлер көп шоғырланған өңірлерді таңдадық. Порталға тіркелген фермерлерге қажетті хабарландыруды 5 минутта-ақ жіберуге болады. Байланыс жылдамдығы ақпараттық жедел жетуіне ықпал етпек», - деп түсіндірді Айдос Аманбай.

Бүгінде электронды алаңды пайдаланып, өндірушілер мен кәсіп иелерінің арасында орнаған байланыстың тиімділігін сезініп отырған кәсіпкерлер қатары аз емес. Солардың бірі Әскер Талман ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа порталды қолдану жайында ой бөлісті.

«Аз уақыттың ішінде порталдың жемісін көріп жатырмыз. Сарығаш ауданында алғаш болып тіркелгендердің бірімін. Біз құс шаруашылығымен айналысамыз. Мысалы біз жемнің неше түрін Қазақстан бойынша іздеп, мыңдаған шақырым жерден таситынбыз. Бүгінде шаруа қожалықтары мені өздері іздеп тауып жатыр. Соя, басқа да жем түрлерін Алматы облысынан тасып келген едік. Портал арқылы жүз шақырым жерде шаруа қожалығы айналысатынын біліп, байланыс орнаттық. Екі жаққа да тиімді. Делдалсыз сатып аламыз. Бұл сайтқа тіркелушілер саны артқан сайын агробизнес дамиды», - деп сенім білдірді кәсіпкер Әскер Талман.

Аталған портал ауыл шаруашылығы бизнесінің субъектілері үшін бірнеше қызмет көрсете алады. «Агрокарта» – сайтқа тіркелген шаруа қожалығы, компания туралы ақпарат беріп, оның орналасқан жеріне дейін көрсетеді. Тіпті қанша шақырым, көлікпен қанша уақыт жүретінді, қанша жанармай шығындайтынды, бензинге қанша қаражат кететініне дейін санаулы секундта есептеп береді. Сонымен қатар «Фермерлер каталогы» – мыңдаған қазақстандық шаруа қожалықтардың біртұтас дерекқоры. Базада шаруа қожалықтардың атауы, иесінің толық аты-жөні, мекен-жайы, е-mail, мобильдік телефон нөмірі және фермерлік шаруашылықтың бағыты, қандай тауар өндіретіні берілген.

Ал отандық әрі шетелдік кәсіпорындар, компаниялар, қаржылық, мемлекеттік агро ұйымдар мен жеке кәсіпкерлер туралы ақпарат «Агрокәсіпорындар каталогына» жинақталған.

Сонымен қатар жергілікті әкімшіліктер өз өңірінің аграрлық әлеуетін енгізетін бөлім, ауыл шаруашылығы саласына тікелей немесе жанама қатысы бар отандық ғалымдар, ғылыми қызметкерлер, эксперт-мамандар туралы базада осы порталда қамтылған. Агросекторға қатысты мемлекеттік түрлі анықтамалықтар, құжаттар, лицензия, сертификаттарды алу үшін электрондық үкімет сайтының керекті парақшаларына да өту, ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер ауылшаруашылығы тақырыбындағы тендерлерге тікелей қатысу қарастырылған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер