«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес-тренер Жазира Тоқабаева: "Кәсіпкер сауатты болуы тиіс"

2017 жылғы 21 Желтоқсан
- Жамбыл облысы
4475 просмотров

Ұстаз болу - ұлы іс

Бала оқыту қашан да оңай шаруа болмаған. Ал, ауылдағы ағайынды бизнес негіздеріне оқытып, қыр-сырын меңгеруге үйрету – нағыз хас шеберлердің ісі. Биылдан бастап жүзеге асқан «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021» бағдарламасының екінші бағыты «Бастау Бизнес» жобасы Жамбыл облысының алты ауданында (Меркі, Шу, Қордай, Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов) жалпы 1125 адам оқытылып, ішінде 296 тыңдаушының бизнес-жобасы қаржыландарылып, жеке кәсіптерін ашты. Жобаның алғашқы жылын сәтті аяқтаған Жамбыл облысының бизнес-тренерлері Тәуелсіздік күні қарсаңында Астана қаласында өткен қорытындылау жиынына қатысты. Ал, Жуалы ауданының бизнес-тренері Жазира Тоқабаева ҚР «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың алғыс хатына ие болды.

-Жазира, сізді шын жүректен лайықты марапатыңызбен құттықтаймын. Кеше ғана нан-тоқаш комбинатында жұмыс істеп, жоғарғы оқу орнында қызмет етіп жүріп бизнес-тренер мамандығынан бір-ақ шығуыңыздың себебі неде? «Бастау Бизнес» жобасы жайында қайдан хабардар болдыңыз?

-8 наурыз мерекесі қарсаңында құрбым тосын сый жасап, 6 наурыз күні хабарласып «Саған лайықты жақсы жұмыс шығып тұр» - деп, тез арада түйіндемемді беруімді өтінді.  7 наурыз күні Астана қаласынан бір кісі хабарласып, ұялы телефон арқылы бірнеше сұрақ қойды. Жауаптарымды қанағат тұтқан ол, 9 наурыз күні Астанаға «Атамекен» ҰКП келуімді сұрады.  Астанаға бизнес-тренерлерге арналған тренингтен өтуге барғанымда өзімнің қандай жобаға келгенімді бірақ білдім. 235-ке жуық Қазақстанның бизнес-тренерлері жиналған семинардан 20 күндік оқудың соңында 100 бизнес тренер іріктелініп алындық. Бизнес тренерлер соңғы турда өздері баратын аудандар туралы презентация жасау керек болды. Әуел бастан жер жаннаты Жуалы ауданын таңдағандықтан, осы аудан туралы Асан қайғының айтып кеткен сөзінен бастап, батыр Бауыржан Момышұлы, жазушы Шерхан Мұртазаның ауыл жастарын, жұмыссыздарды, кәсіпкерлерді жігерлендіретін нақыл сөздерін пайдаланып, презентация әзірледім. Асылдың сынығын, көненің көзін көрген мекеннің маған берген рух-жігерінің арқасында сүзгіден сүрінбей өттім деп ойлаймын.

-Бизнес тренерлердің оқыту тәсілі жалпыға ортақ екені белгілі. Десек те,  өзге әріптестеріңізден ерекшеленетін оқыту әдістеріңіз болды ма?

- Қатты ерекшеленуге ұмтылған жоқпын. Мен ауыл тұрғындарына сабақты барынша қарапайым әрі түсінікті тілде жүргізуге тырыстым. Берілген тапсырмаларды өзім бірге жүріп орындаймын,  күрделі экономикалық терминдердің мәнін қазақшалап ашып, түсіндіріп отырдым. Күнделікті сабақтың түсініксіз өткізілмеуіне және әрбір тыңдаушының сұрағы жауапсыз қалмауына мән бердім. Себебі, егер де, бір модуль түсініксіз болса, одан кейінгі модульге деген қызығушылығы жоғалуы мүмкін.  Біз батыс елдерінің экономикалық оқулықтарында немесе интернет жазбаларында кездесетін сан мыңдаған мысалдарды, атақты миллионерлер мен миллиардерлердің  табысқа жету жолдарын айтып,  біз ауыл тұрғындарын жігерлендіру екі-талай. Керісінше, оларға көзбен көрген, жақсы таныс, өз елімізде табысқа жеткен  қазақстандық кәсіпкерлердің бизнес жолы жақсы әсер етеді деген оймен ауданда кәсібін дөңгелетіп жүрген кәсіпкерлердің сабаққа қатысуын жиі қамтамасыз етуді жөн көрдім.

-Сіздің ойыңызша, бизнес тренер деген кім? Қандай болу керек?

-Өздеріңізге белгілі, тренер ол көбінесе спорттық салада қолданылатын термин.  Яғни,  тренер дегеніміз спортсмендерді спорттық жарыстарға  немесе қандай да бір нәтижеге жетуге дайындайтын адам. Ал, «бизнес тренер»  ол адамдарды бизнеспен айналасуға, бизнесте қандай да бір нәтижеге жетуге дайындайтын адам. Жобада бизнес тренерлер қазір көп адамдар түсіне бермейтін «коучер»  қызметін атқарады. Коучер деген ол тек ғана тренер емес, ол өзінің тыңдаушысын әр бір қиындықтарды қалай жеңуге болатынын көрсетеді және үйретеді. Бастау Бизнес жобасының басқа жобалардан ерекшелігі де осында, біз тыңдаушыларды оқытып қана қоймай, сонымен қатар өз кәсібін бастағанға дейінгі барлық қиындықтарға төтеп беруге үйретеміз.

-Жоба аясында оқытқан топтарыңыз туралы айтып өтсеңіз.

-Жуалы ауданында жалпы 6 легте 182 адам оқыды. Әр топ – бір төбе. Алғашқы кезде ауыл тұрғындары тек тез арада несие алуды ғана көздеп келеді. Сондықтан біз сабақ барысында бизнес құрудағы негізгі мақсат – тек қаражатпен шектелмейтінін түсіндіреміз. Егер, алғашқы топтағы тыңдаушының көңілінен шықпасаңыз, кейінгі топтарда адам жиналуы екіталай. Сондықтан, сабақ барысында топтағы командалық жұмыстарға көбірек көңіл бөліп, теория мен практиканы ұштастыра өткізуге көңіл бөлдім.  Бесінші топтағы оқу Жуалы ауданы орталығынан 30 км жерде орналасқан Ақтөбе ауылдық округінде өтті. Дәл осы ауылда АӨК мүшелері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, белсенді түрде сабаққа қатысатын. Әр тыңдаушыммен әлі күнге дейін байланыстамын.

-Ауылды жерлердегі жобалардың арасында қандай идеялар басымдыққа ие?

-«Түгін тартсаң майы шыққан»  Жуалы жері мал және егін шаруашылығы үшін өте қолайлы өлке. Тіпті Жуалының етін, сүтін, қымызын арнайы іздеп жүріп сатып алатын тұтынушылар облысымызда аз емес. Сонымен қатар, әр облыста бекітілген индикативтік жоспарға сәйкес несие көбіне сүт бағытында мүйізді ірі қара мал басын көбейту және мал бордақылау үшін беріледі деп бекітілген. Жуалы – облыстағы шағын аудандардың бірі болғанымен аймақта төрт бірдей сүт қабылдайтын зауыт мен пункт бар. Яғни, сүт бағытында бизнесін бастағандар үшін өткізу нарығын іздеудің қиындығы тумайды. Ал, бордақылауға келер болсақ, қазіргі таңда Бастау Бизнеске оқыған үш тыңдаушы өз ауылдық округтерінде АӨК құрды. Соның ішінде «Атамекен-Бастау» АӨК 22 миллион тұратын мал сою цехын мемлекеттің елу пайыз субсидиясымен жеңілдетілген несие алды.  Одан бөлек, қызмет көрсету саласы, бала бақша ашу, тігін цехын ашу, автокөлік жөндеу орталықтары және тағы басқа да бизнес идеялар болды.

 -Жалпы, бұрындары ауылды жерде жұмыс істеу ойыңызда болды ма?

-Ауылда туып өскендіктен ауылды елді-мекенде жұмыс істеу мен үшін таңсық дүние емес. Қазірде елімізде шалғайдағы ауыл-аймақтар да өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Жұмысым сүйікті ісіммен ұштасты. Әр тыңдаушымның жобасы жүзеге асып, ісін өрге дөңгелеген сайын бойымды бір қуаныш кернейтін.  Бұл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп атқарған жұмысымның жетістігі, деп білем. Ауылдық жерде жұмыс істегеннен қашпаймын. Менің ойымша ауылды көркейтуге әрбір азамат ат салысуы қажет.

-Бастау Бизнес жобасы аясында Сіз халыққа не үйреттіңіз, халық Сізге не үйретті?

-Біздегі оқыту бағдарламасы 12 модульден тұрады. Соның ішінде бизнес ойлау психологиясынан бастап, бизнес идеяны қалыптастыру, маркетинг, өнімді өткізу нарығы, бизнес жоспарды жазу және оны қорғау сияқты маңызды тақырыптар, сондай-ақ бизнесті бастау үшін кәсіпкерге ең маңызды салық, құқықтық мәселелер, мемлекеттік бағдарламаларды да толық үйретеміз. Мен ауыл тұрғындарына барынша қарапайым түрде бизнесті бастаудың қыр-сырын үйретуге тырыстым. Ал, халықтан мен не үйрендім? Ауылға бизнес-тренер болып барғаныммен мен ауыл шаруашылығының маманы емес екені белгілі. Әр топтағы тыңдаушыларымның ішінен көшбасшыларын таңдап алып, солардың мысалында сабағымды қызықтырып өткізуге тырыстым. Сабақтан бос уақытымда аудандағы жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлердің бизнесімен танысуға көп уақытымды жұмсадым. Сонымен қатар, әр тыңдаушымның осы жобаға үміт артып, бизнесін бастауға бел буып келгені мені әрқашан жігерлендіріп отырды.

-Жазира, жалпы қалай ойлайсыз, оқуға бір ай уақыт жеткілікті ма?

- Осыған дейін бір күндіктен бастап бір апталыққа дейін әр түрлі бизнесті бастау бойынша курстар оқытылды. Ол сертификаттармен несие алып кәсібін ашқандардың қатарында басым көпшілігі несиесін қайтара алмай немесе несиесін қайтарып болған соң кәсібін жауып, қайтадан жұмыссыздар қатарын толықтырып отырған да бар. Бұлай дейтін себебім, қолдарында бірнеше сертификаттары бар жұмыссыздар, тіпті бірнеше мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алғандар, несиесін жауып «Бастау Бизнес» жобасына келіп оқыды. Себебі, бір күнде  кәсіп ашуды толық меңгеру мүмкін емес. Сондықтан бір ай уақыт, аз да емес, көп те емес, ең қолайлы мерзім деп ойлаймын.

-Жобаның алғашқы жылы жемісті болды деуге толық негіз бар. Жамбыл облысы жылды жоғары көрсеткішпен тәмамдады. Келер жылы қай ауданның тұрғындарын оқытуды мақсат етіп отырсыз?

-Негізі, Жамбыл облысындағы аудандардың тұрғындарын оқытудан бас тартпаймын. Алайда менің ойымша бір ауданда бір бизнес тренер кемінде екі жыл жұмыс істеуі қажет. Себебі, биылғы жылы оқығандардың барлығы бірдей несиеге қол жеткізе алмады. Келесі жылға қаржының жетіспеушілігінен қалып кеткен тыңдаушылар да бар. Сондықтан келесі жылы да Жуалы ауданына барғаным биылғы тыңдаушыларым үшін де тиімді болар еді.  

-Сұхбаттыңызға рахмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Бота Батырбекова

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер