«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ғалымбек Жақсылықов: «Халық қазір кәсіппен айналысқысы келеді»

2017 жылғы 12 Желтоқсан
1808 просмотров

Қызылорда облысы 2016 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өніміне қосқан өңір салымы – 2,7%.  Қызылорда облысы статистика департаментінің алдын ала мәліметі бойынша 2016 жылы өңірдің ЖӨӨ 1,24 трлн теңгені құрады. Өңірдің ЖӨӨ-сінде шағын және орта кәсіпкерлік ЖҚҚ үлесіне небәрі 13% тиесілі, бұл Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен 10%-ға төмен болған. Ал 2017 жылы өңірдің іскерлік ахуалы қандай болды? Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директоры Ғалымбек Жақсылықұлы айтып берді.

-Ғалымбек Жақсылықұлы,  Қызылорда облысында былтырғы жылмен салыстырғанда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілердің саны артты ма? Көрсеткіштер қандай?

-Қызылорда облысында 2017 жылдың 1 қарашасына сәйкес ШОК субъектілерінің саны 49 471 бірлікті құрап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда олардың саны 103,9%-ға жоғарылады. Ал 2017 жылдың басымен салыстырғанда 103,8%-ға артты. Оның ішінде жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны 37336 бірлік,өткен жылмен салыстырғанда 107,1%-ға өскен. Оның ішінде заңды тұлғалар 4842 бірлік, жеке кәсіпкер 27 142 бірлік, шаруа қожалықтар саны 4952. Жалпы шағын орта бизнесте жұмыс жасап жатқан жұмыспен қамтылған 83 068адам бар.

-Осында өсуге қандай фактор әсер етті?

-Оған себеп, мемлекеттік қолдау бағдарламалары кеңінен насихатталып жатыр. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Бастау Бизнес жобасы іске асып жатыр, халықтың оқуға қатысам деген ынтасы зор. Кәсіп бастағысы келетін азаматттар кәсіпкерлік негіздерін оқып, жобаларын қорғап, жеңілдетілген несие алып жатыр. Жалпы өңірде кәсіпкерліктің дамуына жан-жақты қолдау бар ғой, халық та кәсіпкерлікпен айналысқысы келеді, оған бастамалары да, ұтымды бизнес жобалары да бар.

-Республика бойынша Бастау Бизнес жобасы оң серпін алып, сәтті жүріп жатыр, осы жоба бойынша Қызылорда облысында қандай жобаларға басымдық берілуде?

-«Бастау Бизнес» жобасы біздің облысымызда 5 ауданда: Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі және Жаңақорған аудандарында пилоттық режимде биылғы жылы басталды. Аталмыш аудандарда 937 адамды 1 ай көлемінде оқыттық. Аудан, ауыл азаматтары үшін бағдарламаның тиімділігі – әр ауданға арнайы бизнес-тренердің бөлінуі, яғни бағдарлама аясында оқығысы келген азаматтар облыс орталығында емес, өз аудандарында оқуға мүмкіндік алды. Оның ішінде 532 адам жалпы құны 2 млрд.100 млн.теңгені құрайтын жобаларын қорғады. Бүгінде аталмыш жобалардың 221-і жалпы құны 673,5 млн.теңгеге «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы қаржыландырылды. Жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығына қатысты, оның ішінде мал шаруашылығы. Ал қалғандары қызмет көрсету салаларына арналған.  

-Ал кәсіпкерлік саласындағы Қауымдастықтарды ірілендіру жүріп жатыр ма? Қолға алынды ма бұл жұмыс?

-Бұл жұмыстарды да жүргізіп жатырмыз. Қазіргі кезде аймақта ауыл шаруашылығы, оның ішінде күріш егушілердің мүддесін қорғайтын «Күріш өндеушілер және өндірушілер» қауымдастығы, жергілікті тауар өндірушілердің басын біріктіретін «Қызылорда облысы бойынша жергілікті қамтуды дамыту» қауымдастығы, құрылысшылардың «Қызылорда облысының құрылысшылар» қауымдастығы өз салалары бойынша қызмет атқарып отыр. Биылғы жылдан бастап Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен «Қызылорда» туристік қауымдастығы жұмысын жандандыруда. Палата Қауымдастықпен бірге Қызылорда облысының  туризмді дамытудың  жол картасын, сондай-ақ өңірдің туристеріне арналған жолсілтеме әзірледі.

-Келесі жылға қандай ауқымды жоспарларыңыз бар?

-Жоспарлар жеткілікті. Соның ішінде тоқталып өткім келетіні – жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қатысты. Біз қазір аудан кәсіпкерлерімен ғана емес, ауыл-ауылды да аралап, азаматтармен кездесуді бастап кеттік. Палата үш топқа бөлініп, бір ауылдық округке жақын бірнеше ауылдың кәсіпкерлерін, азаматтарын жинап, кездестік. 73 ауылды аралап, 2000-ға жуық тұрғынмен кездестік. Мақсат – ауыл тұрғындарының ақпаратқа қол жетімділігін қамтамасыз ету және кәсіппен айналысуға шақыру. Келесі жылы да бұл жұмысты жалғастырғымыз келіп отыр. Мүмкіндігінше әр ауылдағы әрбір адамды қамту. Мұнан өзге, «Бастау Бизнес» бағдарламасы биыл пилоттық режимде 5 ауданда ғана өткен болса, келесі жылы қалған екі ауданды қосу жоспарымызда бар. Себебі бағдарламаға деген халықтың қызығушылығы, сұранысы жоғары.

-Палатаға келетін азаматтар көбіне Сіздерге қандай мәселемен жүгінеді?

- Өздеріңіз де білесіздер, Қызылордада толық форматты Кәсіпкерлер үйі жұмыс жасайды. Кәсіпкерлер үйінде бизнесті қолдауға арналған барлық институттар: Кәсіпкерлер палатасы, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік өңірлік орталығы, Жобаларға сараптама жасау орталығы, «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Қызылорда облыстық филиалы, Халыққа қызмет көрсету орталығы, прокурор кабинеті орналасқан. Кәсіпкерлер үйі – бизнес өкілдеріне арналған «супермаркет» десем де болады. Бұл жерде кәсіпкерге өзінің бизнес идеясы мен бастамасын жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалған. Яғни Кәсіпкерлер үйіне бизнес идеясымен келген адам кеңес алудан бастап, кәсібін тіркеу, бизнес-жоспарын әзірлеу, біліктілігін көтеріп, жобасын қаржыландыру, сүйемелдеу сынды мемлекеттік қолдаудың барлық түрлеріне бір жерден қол жеткізе алады. Осы жылдан бастап электрмен, сумен, газбен жабдықтауға қосу және қажетті техникалық шарттарды алу рәсімдерін жеңілдету мақсатымен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы өз қызметін бастады. Айта кету керек, оған дейін бұл қызмет түрлеріне 1,5-2 ай кететін. Қазір кәсіпкерлер 5 күннің ішінде алуда. Қазір бұл қызмет түрлерін электронды форматқа өткізу шаралары жүргізілуде. Нәтижесінде кез келген кәсіпкер үйінен немесе жұмыс кабинетінен шықпай-ақ қызметтерді 3 күннің ішінде алатын болады.Нәтижесінде бүгінде Кәсіпкерлер үйіне келетін қызылордалықтардың саны артты. Мәселен, 10 айдың ішінде қала, аудандағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан 6083 азамат 12 354 кеңес алған. Ал «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясындағы 8 сервистік қызметті алушылар қатары жоспардан асып 198,5 пайызды құрады. «Бизнес-мектеп» компонентінің «Бизнес-кеңесші» жобасы тіпті аса зор сұранысқа ие. Биыл 800 адамды оқытуды жоспарлаған едік, сұраыс көп болып 10 айда 1460 адам біліктілігін көтерді. «Бизнес-Өсім» құрылымы да өңірде танымал. Бұл бағытта биыл жоспарды 120 пайызға орындадық.

-Айтылғандардан өзге Палата қол жеткізген нәтижелі жұмыстарыңыз бар ма? Болса айтып өтсеңіз...

-Жер қатынастары саласы бойынша айтуға болады. Бірнеше жылдан бері кәсіпкерлер кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдері үшін өткізілетін аукциондар туралы ақпаратқа қол жеткізе алмай жүргендіктерін айтып, шағымданып келген болатын. Осы жылдан бастап, республика бойынша тұңғыш рет, жер телімдеріне арналған аукциондар Кәсіпкерлер палатасының алаңында өтетін болып шешілді. Алғашқы шара жақында ғана, қараша айында өтті. Бұл қадам кәсіпкерлер арасында оң резонанс тудыруда.

-Ғалымбек Жақсылықұлы, сұхбатыңызға рахмет.

 

Cұхбаттасқан Балдырған Мәмен


Еншілес ұйымдар

Серіктестер