«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіп бастаудың тетігі

2017 жылғы 16 Қараша
2118 просмотров

Ауылда кәсіпті қалай бастау керек? Табысты қызмет саласын қалай табуға болады? Кәсіпкерлікті дамытудың басты тетігі қайсы? Міне, осылар –  кәсіп бастаушылардың бас ауыртар сұрақтары

Қазір ауылдық жерлерде жұмыссыздарды оқыту, соның ішінде, кәсіпкерлік дағдыларын үйретуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар әзірленген. Солардың бірі – «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту». Оның шеңберінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау Бизнес» жобасын жүзеге асырды. Негізгі мақсат – шалғай ауылдарда жұмыссыз жүрген жастарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды кәсіп бастауға үйрету және қолдау. Курстың қатысушылары бір айдың ішінде кәсіпкерлік негіздерін үйретеді: қаржылық сауаттылық, маркетинг және заң мамандығы негіздері, бизнес жоспарлар мен шешендік дағдылар.            

Жобаны іске асыруы жыл басынан бері қолға алынған. Жалпы, облыста «Бастау Бизнес» жобасы 6 ауданды қамтиды. Осы уақытқа дейін 966 шәкірт дәріс алды. Олардың ішінде 220 адам өз кәсібін ашты. Көбісі мемлекеттен шағын несие алып, өз идеяларын іс жүзінде қолданып отыр.             Кәсіпкерлер палатасында белгілі болғандай, «Бастау Бизнес» түлектері негізінен мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және жүк тасымалдауға ыңғай танытады. Себебі, аталған салалар ауылдық жерлерде сұранысқа ие. Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП оларға барынша жақсы жағдай жасап келеді.

 Мәселен, Андрей Зелевский мүмкіндігі шектеулі жан болса да, өзінің идеяларын іскеп асырғысы келеді.           

  – Дәріс алған соң полимерлік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша бизнес-жобаны  қорғадым. Ұзақ уақыт бойы жеке ісімді ашу идеясы болды. Осы ретте ойыма «Бастау Бизнес» сап ете қалды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ҚР Дін істері және азаматтық қоғамы министрлігі өткізген конкурстың жеңімпазы болдым. Кейінірек «Мобильді  полимерлік қалдықтарды қайта өңдеу» атты өзімнің жобам гранттық қаржыландыруға ие болды, – дейді «Бастау Бизнес» жобасының түлегі Андрей Зелевский.

Андрей Зелевский бұл қаржыға шағын кәсібін дөңгелетуге жабдықтар сатып алды. Бір айдан соң қоқысты қайта өңдеуді бастайды.  Әулиекөл ауданының тұрғыны Рыскүл Ақдәулетова «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір ай білім алды. Өз сөзінде тәуекелге  барып, екі миллион теңге көлемінде шағын несие алғанын айтты. Бұл ақшаға 10 бас ірі қара мал сатып алды. Оның айтуынша, бұл жоба жастарды ауылда қалдыруға және өз бизнесін бастауға ынталандырады. — Ауылдың малын бағатын жастар шығып келеді. Тек қана қорықпау керек. Әр істің басында сені қиыншылық күтіп тұрады. Әрі қарай шаруа оңалып, жетістікке жете бастайсың. Мемлекет те жағдай жасап отыр, барлығы өз қолымызда, – деді кәсіпкер.    

 Ангелина Синева


Еншілес ұйымдар

Серіктестер