«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өңдеу саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлу маңызды

2017 жылғы 15 Қараша
2381 просмотров

Ақтөбе облыстық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Нұрлыбек Мұқанов өңірлік палатаның жұмысымен бөлісті

- Нұрлыбек Бекболатұлы, Ақтөбе өңіріндегі кәсіпкерліктің өзіндік ерекшеліктері қандай?

- Ақтөбе облысы өндірістік өңірлердің біріне жатады. Шамамен кәсіпкерлердің 40% сауда-саттық саласында жұмыс істейді. Неге десеңіз, аталған сала кәсіпкерлік үшін жеңіл болып тұр. Көп қаражаттың қажеті жоқ, кішкентай бір орынды сауда үйлерінен жалға алып, 500-700 мың теңгемен бизнесті бастауға болады. Бизнестің жақсы дамыған тағы да бір саласы  – қызмет көрсету. Кәсіпкерлердің 30 пайызы осы салада жұмыс жасайды. Оған шаштараз, сұлулық салондары немесе автокөлік жөндеу сынды қызмет түрлері жатады. Сонымен қатар, бізді облыс халқының 55% қалада, қалғаны ауылдық жерде тұратындықтан 5 мыңға жуық кәсіп түрі ауыл шаруашылық саласына тиесілі. Олар мал бағу, егін, бау-бақша өсіру, ет өндіру, жем-шөп дайындау сияқты кәсіп түрлері.

- Кәсіпкерлердің құқығын қорғау қалай жүзеге асырылуда?

- Біздің ең негізгі қызметіміз – кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Қазіргі таңда, өздеріңіз білетіндей, көптеген даулы мәселелер заңдардың дұрыс орындалмауына немесе сол заңдардың кейбір баптарының бір-біріне қарама қайшы келулеріне байланысты болады. Жыл басынан бізге 290 жазбаша арыз-шағым келіп түсті. Оның 50% оң шешімін тапты. Қалғаны қарастырылу үстінде немесе оның 30 пайызға жуығына заңды тұрғыда нақты түсініктемелер берілді. Аталған мәселелерді шешу мақсатымен «Заңгерлер клубын» құрдық. Оның құрамына адвокаттар немесе құқық қорғау саласында жұмыс істейтін тәжірибелі заңгерлер біріктірілді. Ақтөбе облысы ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі жұмыс істейді. Жыл басынан бері 8 отырысын өткізді. Кеңес құрамында облыс әкімінің орынбасары, прокурорлар, кіріс департаменті және т.б. өкілетті орган қызметкерлері кіреді. Онда мәселелер талқыға салынып, сол комиссияның шешімімен оларды шешу жолдары анықталады.

- «Заңгерлер клубы» жұмыс істегелі бері кәсіпкерлік құқық қорғау қызметінің жұмыс тиімділігі қаншалықты артты?

- Кәсіпкерлердің арыз-шағымын қарастыру уақыты қысқарды. «Заңгерлер клубын» аясында біз 12 кездесу ұйымдастырдық, 20 мәселе қарастырылды. Қандай сұрақты қалай шешуге болатындығын тәжірибе негізінде анықтап, сол бағытта жұмыс жасадық. Әзірге, бұл өз бастамамызбен қолға алған әрекетіміз. Тек тиімді жағынан байқалып жатыр.

- Кәсіпкерлікті кешенді қолдау қалай жүзеге асады?

- Кәсіпкер өтінішпен келген уақытында тек бір емес, бір-біріне байланысты әлденеше мәселелерді де қозғай келеді. Бір мәселені шешу үшін басқа салаға қатысты көптеген жайттар да қамтылып жатады. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласы бойынша кәсіппен айналысатын азамат, салық заңдарын, кеден заңдарын білуі керек, ветеринария ережелері, құрылыс нормалары және т.б. мәселелер тағы бар.     Сондықтан кәсіпкер бізге келген кезде, оның өтініштерін біз кешенді түрде шешуге тырысамыз. Мәселен, жер алу мәселесімен келген кәсіпкерге құрылыс жүргізуге, құрылысқа дайындаған жобалық-бағалау құжаттарына әртүрлі өкілетті органдардың келісімін алуға, құрылыс бастаған уақытта құжаттар толтырып, өкілетті органдарға жіберуге, құрылысты бітіргеннен кейін қолданысқа енгізілу комиссиясы, маркетингтік сараптама, сондай-ақ бизнес-жоспар жасау, құжаттарын қаржы институттарына тапсыру сияқты жұмыстарына көмек береміз.

- Өңірлердегі болашақ жас кәсіпкерлерді дайындау жұмыстары қалай ұйымдастырылған? «Бизнес мектеп» жайында айтып өтсеңіз?

- «Бизнес мектеп» Қазақстан бойынша жүргізілген жобалық оқыту. «Бизнес кеңесшісі», «бизнес өсімі», «аға сеньорлар» сынды бірнеше бағдарламалар бар. Осы бағдарламалар арқасында қазіргі уақытта кәсіпкер болам деген 1600 азаматпен оқу курстары өткізілді. Бизнес оқуы кезінде кәсіпкерлердің өзгелермен қарым-қатынас машығы, салықтың қандай түрлері барлығы, сіздің айналысып жатқан бизнесіңізге қай салық тиімді екені, ЖШС немесе фермерлік шаруашылық ашқан дұрыс па, соның барлығы ара жігі ажыратылып түсіндіріледі. Бизнес-жоспар қалай дайындалады, қаржылық модель деген не, кіріс пен шығыстын арасында қандай айырмашылық барлығы үғындырылады, сонымен қатар, қызметкерлерді қалай таңдау керек, олармен қалай сөйлесу, байланыс жасау қажеттігі, одан қалды, тауарлардың қайсысы қай сөреде тұруы тиіс деген сияқты әдіс-тәсілдер де үйретіледі. Көптеген қатысушылар осы оқуды бітіріп, кәсіптерін ашқаннан кейін, кәсіпкерлікті қолдау орталығына келіп, осында үйренгендерінің қалай кәдеге жарағанын айтып та жатады.

- «Бастау Бизнес» жобасы аясындағы соңғы 10 ай аралығындағы көрсеткіштер қандай?

- Жоспар бойынша 1125 адам оқытылуы тиіс еді, жоспар толық орындалуда. Қазіргі таңда 6-шы топ оқытылып жатыр. Бұл оқуды бітірген 1160-тай адам әр сала бойынша қаржы көздерін тауып, бизнестерін бастап кетті. «Бастау Бизнеске» келгендердің кейбіреуін ірі кәсіпорындарға жіберіп, тәжірибе алмасу жағдайын да қарастырамыз. Олар сол кәсіпорындарда өндіріс процесін көріп, тәжірибе жинақтайды, білімін жетілдіреді.

- Өңірлік палата ретінде алға қойған қандай жоспарларыңыз бар? Өңдеу саласын дамыту қалайша жүзеге асады?

- 2021 жылдан бастап еліміз Сауда ұйымының толыққанды мүшесіне айналады. Сол уақытқа дейін біз өңдеу саласындағы кәсіпкерлікті дамытуды дұрыс жолға қою қажет деп санаймыз. Кәсіпкерлердің санын көбейту керек.. Нақты өнім шығаратын кішкентай цехтардан бастап, ірі фабрика, зауыттар да көбейгені жөн. Қазақстанда шығарылатын нақты өнімнің көп болғаны өзімізге жақсы. Сауда-саттықпен табатын пайда көлемі аз. Ал өнім өңдеу саласында кәсіпорын ашу үлкен көлемдегі қаражатты, білімді және кәсіби мамандарды қажет етеді. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ет өндіру мәселесін қолға алдық. Қазіргі күні ірі ет өңдейтін мекемелермен бірігіп, өнімділікті арттыру мәселесіне назар аударудамыз. Бұл ретте мал санын жай көбейту емес, асыл тұқымды малдар арқылы көбейту бағытын ұстанып отырмыз. Жай малдың 1,5-2 жыл ішінде салмағы 170-200 кг.болса, асыл тұқымды малдың сол уақыт көлеміндегі салмағы 250-300 кг. жетеді.

Жергілікті әкімшілікпен келісім арқылы жұмыс істейміз. Оған қоса, мемлекеттік бағдарламалар бар. Бос тұрған алаңдарды бюджеттің есебінен өңдеу саласындағы кәсібін енді бастаған кәсіпкерлерге жалға беріп, сол арқылы кәсіпорынның жұмысына алғашқы көмек көрсетеміз. Қаражаттың көп бөлігін алаң жалдауға емес, кәсіпорынға қажетті жақсы құрал-жабдық, кәсіби мамандар табуға жұмсауға, сөйтіп сапалы өнім шығаруға ұмтылуна көмектесеміз. Мемлекеттік-жекеменшік саласындағы серіктестік аясында, бюджеттен қаражат бөлу түжырымдамасы дайындалу үстінде. Онда өңдеу саласын дамытуға байланысты барлық ақпарат ұсынылады.

- Кәсіпкерлер палатасы қолға алған «Атамекенім» ақциясы бойынша өңірде қандай шаруалар атқарылды?

- Ақтөбе облысы кәсіпкерлері әлеуметтік қолдауға құлшыныспен қарайды. Өзі білім алған мектептің 10-15 оқушысын, бес жыл бойы мектепке қажетті заттармен, киім-кешекпен толық қамтамасыз ететін кәсіпкерлер бар. Балалар үйінде оқып жүрген уақытында көмек көрсетуді бастап, ол мектеп бітірген соң, жоғары білім алуын  қамтамасыз етіп, тұратын пәтерін төлеп, мамандыққа бағыттап, дипломын алған уақытта өзінің қол астына қызметке алған мысал да бар. Кәсіпкерлер қайырымдылық жасап, көмек көрсетуден қашпайды. Мәселен,  Ақтөбе облыстық Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов былтырғы жылы өзінің туған ауылына 470 млн. теңгеге балабақша салып, толық жабдықтады. Бұл мысалдар кәсіпкерлеріміздің ниет тазалығының айқын көрінісі.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Динар Шахай

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер