«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Нұрлан Құралов: Сауда саттық пен өнім өндіруден алыс адамдар ғана Көтерме бөлшек орталықтарын құруға қарсы

2017 жылғы 23 Қазан
6614 просмотров

Оңтүстік өңір жеміс-жидек пен көкөністерді өсіруге тиімді. «Амангелді» ЖШС Оңтүстік Қазақстанның Қазығұрт ауданында орналасқан ірі көлемдегі көп салалы шаруа болып табылады.

«Қазіргі күні біз мал шаруашылығымен де, өсімдік шаруашылығымен де айналысамыз. 500 гектар жерімізде Оңтүстік Қазақстанда дамыған жеміс-жидек желілері де, бау-бақшалар да бар»,- деп айтып берді «Амангелді» ЖШС кәсіпорынының басшысы Нұрлан Құралов.

Қазіргі уақытта өзекті мәселеге айналған Көтерме бөлшек орталықтары (КБО) ашу мәселесіне байланысты тәжірибелі кәсіпкер өз ойымен бөлісті.

«Атамекен» ҚР ҰКП шаруаларға да, тұтынушыларға да керекті өте орынды мәселені көтеріп отыр. Бұл көптен күткен, шешімін таппаған мәселелердің бірі. Себебі, шаруалар қанша өнім өндірсе де оны өз бағасына, халыққа тиімді бағада өткізуге мүмкіншіліктері жоқ. Базарда делдалдардың барлығы әбден тіс қақан, әбден ұйымшыл болып алған. Сондықтан шаруаларда тауарды тікелей сатуға жағдай жоқ. Делдалдар жақсы жерлердің бәрін алып қойған»,- деді Нұрлан Құралов.

Оңтүстік Қазақстан облысының жеке кәсіпкері КБО құрылуы мемлекетке, тұтынушыға және шаруаға қолайлы жүйе болатындығына сендірді.

«Керегі жоқ жанама шығындардың барлығы жойылады. Мемлекет тарапынан  қойылатын үстеме бағасы 10-20 пайыздан аспауы керек. Осыдан 10-15 күн бұрын балғар бұрышы 50-60 теңге болатын. Қазір 150 теңгеге көтеріліп кеткені белгілі. Оны дер кезінде алып келіп, 10 пайыз үстемесін қойып сататын болса, бағасы 70-80 теңгеден аспайтын еді»,- деп анықтап өтті кәсіпкер.

Көптеген азаматтар мемлекеттің жекеменшік салаға араласуы артық деп есептейді, алайда, бұл жағдайда мемлекет КБО жұмысын бақылау қызметін атқару тиіс.

«Орталықтар құрылуына қарсы сөз сөйлеген азаматтар өнім өндіру мен сауда-саттықтан алыс, негізінен саясаткерлер немесе экономисттер. Өзімнің жеке пікірім, қазір жұмыс жасап тұрған базарлар нарықтағы орындарыннан айырылғылары келмейтіндіктен арандату тәсілдерін қолдаунып, КБО қарсы адамдар тізімін көбейтуде. Сол себепті мемлекет қаражаты далаға кетіп жатыр деп шулап жатыр. Негізінде, бұл тауарын толық сатылуға мүмкіндік алатын ауыл шаруашылық өнімін өндірушіге тиімді, осыған байланысты арзан бағамен азық-түлік сатып алатын халыққа тиімді. Әрине, пайдасыз ешкім жұмыс жасамайды, алайда бұл жүйеде  мемлекет тарапынан реттеу шаралары ескерілер еді»,- деп анықтады Нұрлан Құралов.

Қолға алынған мәселе жекеменшік салада қызмет жасап жүрген кәсіпкерлердің көпшілігінен қолдау тапқаны байқалады.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасының көтерме-үлестіру орталықтарын құру туралы бастамасын толық қолдаймын. Кез келген кәсіпкердің ең басты мақсаты – пайда табу. Пайда арқылы жеке секторда жүрген кез келген азаматты шабыттандыруға болады. Нәтижесінде, жұмысқа білек сыбана кірісетіні белгілі. Екіншіден, мұндай орталықтардың құрылуы нарықтағы бағаны тұрақтандыруға қатты әсер етер еді. Үшіншіден, кәсіптің тұрақты бизнеске айналу сапалы өнім шығаруға септігін тигізеді. Ең негізгісі азық-түлік саласындағы мәселе болған соң, халықты жыл бойы азықпен қамту үшін өнімді сақтау мақсатындағы әрекеттер жасалуы тиіс. Мәселен, негізгі картоп, пияз, сәбіз немесе жемістерді сақтауға арнайы температуралық режимді сақтайтын немесе құрғақ қоймалар қажет. Кәсіпкер ретінде, бизнес саласында тәжірибесі бар адам ретінде бұл бастаманы қолдаймын»,- деп ойымен бөлісті Тараз қаласының «Ауыл Береке» әмбебап көтерме-сауда базарының басшысы Алтай Қарабеков.

ҚР Ауыл шарушылық министрлігінің жобасы бойынша КБО кемінде 30 пайыз тауарларын сату мүмкіндігін алу үшін жергілікті ауыл шаруашылық өнімін өндірушілерге берілуі тиіс.

«Көтерме-үлестіру орталықтар аша отырып, бағаны тұрақтандыру, жалға алу бағаларын төмендету, тұрақты нарық орнықтыру мақсаттарына қол жеткіземіз. Жақын аймақтардағы шаруа қожалықтары бар, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер бар, Қырғызстан мен Өзбекстан шекаралары соңғы уақытта реттеліп қалғаны белгілі, солармен тікелей келісімге отырып, өнімдерді тікелей жеткізе алсақ, өнімнің бағасы мүлдем басқа болар еді. Жеке өз басым бұл жерде пайда іздемеймін. Бір-екі жыл тұрақталып, жұмыс реттелген соң ары қарай бағаны реттеу мәселесін шешуге болады. Базарда 17 павильон, 1200 шаршы метр орын жалға беріліп отыр. Қырық тонналы контейнерлерге бір вагон азық сыйып кетеді. 500-600 шамасында контейнерлеріміз дайын. Делдалдарсыз өріс пен қойма болса, баға төмен түседі»,- деді өз кезегінде Тараз қаласының «Алтын Тараз» орталық базарының басшысы Алтынбек Садырбаев.

Еске салсақ, «Атамекен» ҚР ҰКП мен ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі бірлесе біріңғай бөлшекті сауданы жүзеге асыратын Көтерме бөлшектер орталығын құру ұсынысын қолға алып, жүйе арқылы көтерме сауда азық-түлік тауарларын бөлшек сауда жасайтын базарлар, дүкендер, мейрамхана, кафе және қонақ үй желілеріне ұйымдастыруды жүргізетін орган ретінде құру бастамасын қолға алды.

Қалаға бағытталған азық-түлік ағымынының кіру нүктесі ретінде әрбір облыс орталығында кемінде бір осы сынды сауда орталығы қызмет істеуі тиіс.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер