«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы 11 848 700 теңгені қорғап қалды

2017 жылғы 31 Мамыр
- Қызылорда облысы
7397 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының қызметкері Салават Құлмахан кәсіпкердің мүддесін қорғап, сотқа өкілі ретінде қатысып, 11 848 700 теңге төлеуден сақтап қалды.

2016 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Жаңақорған ауданындағы «Тұртан-Ата» шаруа қожалығын сотқа береді. Сотқа беруге негіз болған облыстық прокуратураның басқармаға жүргізген тексеру жұмыстары. Облыстық прокуратура 2013­–2015 жылдарға қызметте ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерге субсидияларды төлеу бойынша заңдылықтың сақталуына жүргізілген тексеру барысында 6 шаруашылыққа барлығы 24 834 992 теңге субсидияның артық төленгендігін анықтаған. Соның ішінде 11 848 700 теңге артық төленген деген «Тұртан-Ата» шаруа қожалығы да бар.

Аталған шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінгі таңда 3000 бас мал өсіріп, 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қожалық басшысы мал жайылымдық жерді уақытылы суландыру мақсатында талапқа сай етіп 4 құдық қазады. Кейін мемлекет тарапынан шығындарының бір бөлігінің субсидиялау мүмкіндігінің бар екендігін естіп, Үкіметтің 2014 жылы қаулымен бекіткен «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстарының бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» Қағидасын басшылыққа ала отырып, облыстық комиссияға құжаттарын ұсынады. Нәтижесінде облыстық комиссия 2014 жылы шаруа қожалығына 13 193 500 теңге субсидия төлейді.

Бірақ прокуратураның ұсынысымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы кәсіпкерге 11 848 700 теңге артық есептелген деген қорытынды шығарған.

Бұл мәселеге қатысты Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері жан-жақты зерттеп, дәлелдемелерін келтіргенімен алғашқы сот отырысында сот шешімі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының пайдасына шешіліп, шаруа қожалығына 11 848 700 теңге төлеуді міндеттейді.

Алайда сот шешімімен келіспеген шаруа қожалығының басшысы осы жылдың сәуір айында облыстық сотқа аппелляциялық шағым түсіреді. Аппелляциялық шағым түсірмес бұрын Кәсіпкерлер палатасының мамандары осы мәселеге қатысты нормативтік-құқықтық құжаттардың барлығын жіті зерттеп, тіпті Ауыл шаруашылығы министрлігінен де тиісті түсіндірме хаттарын алады.

Облыстық сот бірінші сатыдағы соттың істі қарау барысында жауапкер тарапынан ұсынылған дәлелді құжаттарды назарға алмай, біржақты қарағандығын анықтап, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың 2017 жылғы 26 қаңтардағы шешімінің күшін жою туралы шешім қабылдайды.

Нәтижесінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мемлекет бюджетіне кері қайтару туралы талап арызы қанағаттандырылмай, кәсіпкердің 11 848 700 теңгесі өзінде қалды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер