«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Сауда желілерінің одағы: Өндірушілерге қандай қолдау көрсетіледі?

2017 жылғы 18 Мамыр
- Астана қаласы
8043 просмотров

«Retail Business Kazakhstan» бизнес-самитінің алдында Қазақстандағы сауда саласының ахуалы жайлы «Атамекен» ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту департаментінің директоры­­–Басқарушы директор Дінмұхаммед Әбсаттаров ой бөлісті

–Дінмұхамед Болатұлы, сауда – шағын және орта кәсіпкерліктің тірегі деп айтады. Еліміздегі сауда саласының ахуалы қандай? «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының осы саладағы атқарып жатқан жұмыстары жайлы айтып өтсеңіз...

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ішкі нарықта сауда саласын дамыту бағытында өз алдына ауқымды шараларды атқару жоспарын бекітті. 2016 жылы қазан-қараша айларында Ұлттық палатаның Сауда комитеті Үкімет басшысымен кездесу өткізді. Сол кездесу барысында еліміздегі сауда саласын, сондай-ақ электронды, биржалық сауданы дамыту мәселелері көтеріліп, бірқатар сауалдар қойылған еді. Соңғы 5-10 жылдың ішінде Қазақстаның экономикасы мүлде бөлек жағдайда. Дүниежүзілік сауда ұйымы мен ЕАЭО құрамына мүше болғанымыз белгілі. Бұл ұйымдарға мүше болу халықаралық сауда саласындағы міндеттерімізді, осы саладағы ойын жүйелерінің міндеттемелерін жүктейді. Алайда, біздің алдымызда үлкен мәселе бар ­– Қазақстандағы сауда саласын реттейтін заңнамалық актілер мүлдем ескірген. Заңнама алғаш рет 2004 жылы қабылданған, жыл сайын өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп келеді. Дегенмен, отандық кәсіпорындардың тиісті деңгейде дамуына, олардың қызметін қорғауында және бағыт-бағдар беруде заң күші әлсіз болып отыр. Сол себептен Үкімет басшысының қолдауымен, сауда саласын реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді зерделеу жұмысын жүргізіп, өзімізге қажетті деңгейде ұсыну міндетін қойып отырмыз.

– Сауда дегенде сандарды сөйлетсек, статистикалық көрсеткіштер қандай?

– Бүгінде ішкі нарықта көтерме және бөлшек сауда жақсы дамып келеді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша 26 трлн теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда едәуір жақсы. Ішкі нарықта бөлшек сауда 20 %-ға өссе, көтерме сауда шамамен 15 %-ға артты. Ал осы жылдың тоқсанындағы көрсеткішті айтар болсақ, бөлшек сауда ­– 15 %, көтерме сауда 10 %-ға артты. Бұл осы салада ілгерілеу, даму бар екенін көрсетеді. Сауда саласының ел экономикасында алатын үлесі ауқымды. Халықты жұмыспен қамтуда ауыл шаруашылығы саласында 17 %, ал сауда саласында бұл көрсеткіш 15%-дан астам. Яғни тұрақты жұмыспен қамтып отырған ауқымды сала деп айта аламыз. Енді осы саланы дамыту, ілгерілету мәселесі тұр.

Ұлттық палата сауда саласын дамытуға арналған, оны реттейтін ішкі бағдарламасы болса деген ұсыныс көтеріп отыр. Қазіргі таңда Ұлттық экономика министрлігінің тарапынан арнайы Жұмыс тобы құрылып, оған үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлер, «Атамекен» сарапшылары кірді. Қазір бірсыпыра жұмыстар атқарылып, жобалар ұсынылып жатыр. Сондай-ақ электронды сауда саласына арналған Жұмыс тобы құрылды. Бұдан бөлек, Үкімет басшысының тапсырмасымен жобалық топ жасақталған. Бұл топ кәсіби мамандар, сарапшылардан тұрады, олар талқылап, дамуға бағытталған түрлі құралдарды дайындап, ұсыныс-пікірлерді дайындау керек. Қазіргі таңда жұмыс қарқыны жақсы.

– Электронды сауда, биржалық сауда туралы айттыңыз, осы салалар біздің экономикадағы жаңа бағыттар, оны дамыту үшін не істеу керек?

– Биржалық сауда саласына қатысты да палатаның ұсыныстары бар. Нормативті-құқықтық актілерге едәуір өзгертулер енгізу қажет болса, екіншіден арнайы концепциясын қабылдауды ұсынып отырмыз. Биржалық сауда саласының Қазақстанда даму стратегиясын әлемнің озық елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып дайындау керек. Биржалық саудада биржалық тауардың 9 тізімі бекітіліген. Бұл шектеулі. Қазір осы тізімді арттыру немесе мүлде алып тастау мәселесі көтеріліп отыр. Пайдалану жүйесі бір мақсатты, көлемі мен сапасы біркелкі келетін тауарлар тізімі жасалған. Дегенмен, қазіргі таңда сарапшылар өзіміздің биржалық тауарлар стандартын бекітіп, дамытсақ деп отырмыз. Біз стандартталған биржалық тізімді ұлғайтып, оны бекітіп, нарыққа ұсынатын болсақ, мемлекеттік сатып алулардағы тауарларды биржалық саудаға барынша шығаруға мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік сатып алу процесінде сыбайлас жемқорлықты азайтуға мүмкіндік береді. Сатушы мен сатып алушы анықталған соң, биржа арқылы нарықтағы баға белгілі болады. Яғни, бір ғана адам немесе бір ғана сұраныс арқылы шешпей, нақты нарықтың өзі анықтауға мүмкіндік береді.

– Жақын күндері Алматы қаласында ауқымды іс-шара өтпек. Оның сауда саласына тікелей қатысы бар? Осы бизнес шараның мақсаты қандай? Кім не ұтады?

– 17-18-мамыр күндері Алматы қаласында сауда саласындағы ірі өкілдердің конгресі өтеді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын өткізілетін шараны ұйымдастырушылардың бірі. Биылғы жылы бизнес-конгреске Қазақстан мен Ресейдің, Еуропа елдерінің бөлшек сауда желісіндегі 500-ден аса бизнес иелері мен топ-менеджерлері, өндірушілер, дистрибьюторлар мен ритейл бойынша қызмет көрсету компанияларының өкілдері қатысады. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілер шақырылды. Жыл сайын В2В форматында тауар өндірушілер мен сауда саласының мамандары арасында байланыс орнатылады. Келісімшарттар жасалып, өзара талаптар анықталады. Ең бірінші әлемдік сауда саласындағы жаңалықтар мен нарықтың даму бағыты туралы хабардар еді.

– Бизнес-саммиттегі іс-шаралар жоспарымен таныстырып өтсеңіз...

– Сауда саласындағы ірі бизнес шараға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ауқымды 3 бағдарламамен кіріп отыр. Бизнес-саммитке ҚР Ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы министрлігі және көптеген мемлекеттік органдардың өкілдері, бизнес-қоғамдастық пен қауымдастықтардың өкілдері, сауда ұйымдары мен отандық тауар өндірушілер қатысады. Осы ауқымды аудиторияның назарына, ең алдымен сауда саласын дамытуға арналған арнайы бағдарлама жобасы ұсынылады. Бағдарлама жобасын таныстырып, кеңінен талқылап, үкімет назарын аударсақ дейміз. Сонымен қатар, іс-шара барысында сауда орындары арасында серіктестік келісімшарты жасалады. Бұл келісімшарт негізгі 4 бағытты қамтиды: ақпарат алмасу арнайы ақпарат базасын құру көзделіп отыр. Серіктестік келісімшартында, екіншіден, сауда саласына мамандарды дайындау көзделіп отыр. Еліміздің қай саланы алсақ та, маман тапшылығы сезіледі. Сауда саласына да жоғары, орта, кіші буын мамандары жетпейді. Серіктес сауда ұйымдары өздеріне қажетті маманды дайындауға бірлесіп күш жұмсап, атқарады деп күтіледі. Мемлекеттік бағдарламалар мен тәжірибелерді ұштастырып, жоғары сапалы білікті мамандарды дайындау қажет. Бұл мақсатты жүзеге асыруда Ұлттық палата да үлес қосады. Үшінші бағыт: жыл сайын әлеуметтік тауарлар тізімі бекітілетіні белгілі. 33 тауар аталымы 19-ға дейін қысқартылды. Сол тауарларды үкімет тарапынан әкімшілік қадағалау жұмыстарын күшейту ұсынылып отыр. Ал Сауда орындары нарықтық келісім беріп, өздері реттеуді жүргізуді ұсынып отыр. Осы әлеуметтік тауарлардың үстінен көретін пайданы арттырмай, пайда үлесін барынша азайтып, сауда орындарында сол тауарлардың әрдайым болуын қаматамасыз етуді қарастырып отыр. Сонымен қатар, сауда орындарының иелері отандық тауар өндірушілермен барынша жұмыс істеп, сауда орындарында 30-50 пайызға дейін оларға орын беруді қарастыратын болады. Ең бастысы, осы бизнес саммитте отандық тауар өндірушілерге тауарды жеткізудің талаптарын, тауар сапасы, түрі, оның қапталуыына қойылатын шарттар жайлы түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Отандық тауар дүкен сөрелеріне жеткізілу кезеңі, мерзімі де талқыланады. Сонымен қатар бизнес-саммитте республикалық деңгейде сауда ұйымдар қауымдастығын құруды ұсынып отырмыз. Ұлттық палата сала-сала бойынша комитеттер арқылы жұмыс атқарап келеді, оған әрбір саладағы ұйымдар, қауымдастықтар кірген. Осы комитеттер әрбір сала бойынша ұсыныс-пікірлер білдіріп, тиісті мәселелерді талқылап отырады. Осы қауымдастықтар қатарында ірі және өңірлік сауда ұйымдарының да орны болса деп Сауда комитеті тарапынан ұсыныс берілді. Енді қауымдастық құрылып, Палата алаңында, топтарда өз орнын еншілеп, осы саладағы мәселелерді талқылауға араласатын болады.

– Әңгімеңізге рахмет!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер