Палата кәсіпкердің 25 млн теңгесін сақтап қалды
Сот отырысы кәсіпкердің пайдасына шешілді
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі жеке кәсіпкер Жұмагүл Сарыбаеваның заңды мүддесін қорғауға арналған сот отырысында қатысып, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы тарапынан қарыз деп есептелген 25 млн 333 мың 177 теңгенің заңсыздығын дәлелдеп шықты.
Осыншалықты үлкен көлемді айыппұл не үшін салынғандығын анықтау мақсатында кәсіпкердің өзіне хабарластық. Осы жылдың басында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының өкілі кәсіпкерге «Бақ-Нұр» моншасына тұтынған газ үшін 25 млн 336 мың 177 теңге қарыз екендігі туралы хабарлама қалдырып, 3 күннің ішінде төлеуді талап еткен. Монша іске қосылғаннан бері коммуналдық қарыздарды уақытылы төлеп жүрген Жұмагүл бұл ескертпе қағазымен келіспейтіндігін айтып, сотқа жүгінеді. Жұмагүл Сарыбаева шағын кәсіпкерлікпен 20 жылдан бері айналысып келеді. Алғашында кәсібін сауда-саттықтан бастаған ол 2013 жылы қоғамдық монша салып, сол салада кәсібін ілгерілетеді.
Кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі Әлімжан Тоқболатов кәсіпкердің мүддесін қорғау мақсатында сотқа қатысып, мәселенің мән-жайын анықтаған.
Аталған моншаны ашу кезінде – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы және оның үлестес компаниясы «КҚЕО-Қызылорда» ЖШС газ есептейтін құралды орнатқан. Құралдға техникалық қолдау көрсеткен де, оңһған тиісті қарызды берген де осы компаниялар. Үш жыл бойы компания өкілдері ай сайын ақылы түрде бақылау жұмыстарын да жүргізіп келген. Сөйте тұра осы жылы ғана «Орнатқан газ есептегіш құралдарыңыз талапқа сай емес, нәтижесінде газды артығынан пайдаланып отырсыздар» деген желеумен қомақты айыппұл салған.
Компания кәсіпкерге соңғы есептеу құралын сатып алуды да ұсынған. Бұл ұсыныстан бас тартпаған кәсіпкер 400 мың теңге шамасында тұратын құралды да алған. Алайда газ таратушы мекеме қарызды еш өзгеріссіз қалдырған. Сот Палата кеңесшісінің келтірген дәлелдерін мұқият зерттеп, қорытындыны кәсіпкердің пайдасына шешті.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: