«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Франчайзинг: ұмтылатын бағдар бар

2017 жылғы 13 Ақпан
4533 просмотров

Франшиза – қолданыста жүрген танымал брендтың, сауда белгісінің тауарын, жұмысын, қызмет түрін коммерциялық мақсатта таратуға рұқсат алу. Франчайзинг – бұл бизнес ұйымдастырылуы тізбегі, бренд иесі жеке тұлғаға немесе компанияға, яғни франчайзиге өз өнімін сатуға, таратуға, құқық береді. Отандық сауда айналымдағы әлемдік танымал брендтердің барлығы (оның ішінде қазақстандық маркалар да бар) сауда белгілер: тұтыну тауарлары, киім-кешек, автокөліктер, азық-түлік, тіпті компьютер ойындары мен кинофильмдер франшизаға жатады. Бір сөзбен айтқанда келісімшарт арқылы жергілікті кәсіпкерлер шетелдік және отандық өнімді отандық нарықта сата алады.

Франшизаның ұтымды тұстары  

Шетелдік франшиза – жергілікті кәсіпкерлер үшін бағыт-бағдар, идеялар мен үлгі алу алаңы. Кәсіпкерлікке қабілеті бар іскер адамдар шетелдік бизнес жобалардан керегін алып, отандық нарыққа икемдеп, жаңаша қалыптастыра алады. Қазақстанда шетелдік франчайзингтің болуы ішкі экономикаға жақсы әсер етеді. Әлемнің брендке айналған сапалы тауарларын, бизнестегі қызмет көрсету түрлерін күнделікті көру, күнделікті тұтыну арқылы сапалы дүниеге сұраныс өседі. Мұндай талап жергілікті франшиза компанияларға қойылса, олардың жұмыс істеуі, қызмет көрсету секторы дамиды.

Белгілі бір бизнес түрімен айналысу үшін жақсы бизнес-жоспар, жүйелі сызба құру қажет. Бұл – бизнестің іргетасы. Ал франшиза арқылы жаңадан жоспар құрудың қажеті жоқ, өйткені барлығы қадам-қадам бойынша тізбектелген, дайын жоба түрінде саудаланады. Кәсіпкер франшиза мен франчайзи арасындағы келісімшартта екі тараптың құқықтары, міндеттері, арнайы жеңілдіктер мен франчайзидің талаптары жазылады.

Көбінде жолға қойылған франшиза бизнесі бірден алға басады. Әдетте тауарына алғашында ғана жарнама, хабарландыру жасау жеткілікті. Жақсы, сапалы  әрі әлемде танымал брендтің тұтынушылары өздері-ақ ағылады. Мәселен, «Старбакс» пен «Макдональдс» секілді брендтердің елімізде ашылып, жұрттың соларға ағылуы сөзімізге дәлел. Сондықтан франшиза өнімі қысқа мерзімде өзін ақтай алады.

Отандық франшиза сұраныста ма?

Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының мәліментінше, Қазақстандағы нарықта отандық франшизалық компанияларының үлесі 20%-ды құрайды. Қауымдыстықтың алдағы жоспары бойынша отандық франшизалардың үлесін арттыру көзделген.  

Неге шетелдік брендтер нарыққа төзімді? Ең алдымен алпауыт елдер тауарларына жарнама жақсы жасалады. Екіншіден,   шетел тауарлары бірнеше маңызды өлшемдерге жауап береді. Тауарлар сапалы, арзан және көздің жауын алардай сан алуан. Қазақстандық кәсіпкерлердің басты бәсекелестері Ресей, Қытай және Америкадан келген франшизалар. Сондай-ақ, нарықта Еуропа елдері, Түркия, Аустралия, Израиль, Жапония өкілдері де бар.  Қазақстан секілді жас мемлекет үшін бұл ортада қалыптасу уақыт еншісінде.

Бүгінде франшиза көлемі бойынша Азия мемлекеттері жетекші позицияларға ие. Дамушы елдер өздерінің франшиза үлестерін көбейтумен айналысып келеді. Мәселен, Бразилия ішкі франшиза үлесін 90%-ға жеткізді. Қазақстан Франчайзинг қауымдастығының мәлімдеуінше, бүгінгі 20 пайызды алдағы уақытта 2-3 жыл ішінде  50%-дық көрсеткішке өсіру көзделген. Қазіргі таңда отандық франчайзингтің жылдық табысы 3 млрд теңге межесіне жетіп қалды.

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Даму» қорының бастамасымен, франчайзингтік және франшизалық бизнесті екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландыру қолға алынды. Кәсіпкерлерге 3 млн-нан 30 млн-ға дейін 14%-дық несие қарастырылған. Осы бағыттағы барлық түйіткілдер мен мәселелер бойынша «Атамекен» ҰКП мен «Қазақстан Франчайзинг қауымдастығы»  бірлесіп жұмыс істеуге кірісті. Франшизалық өнімдер бойынша тұрақты түрде өткізілетін «KazFranch» көрмесі бар. Көрме арқылы Қазақстанмен  шетелдік серіктестер арасындағы байланыс пен ынтымақтастық артатыны сөзсіз. «KazFranch» мақсаты –  Қазақстанда шағын және орта бизнестің сапалы дамуына ықпал ету, франчайзинг саласына қатысушылардың тәжірибе алмасуына жағдай жасау.

«Қазақстандағы франчайзинг қарқынды дамып келеді, жергілікті нарықта шетелдік және отандық брендтердің көптігі осыған себеп. Кез келген кәсіпкер үшін франчайзинг өте тиімді, жаңа нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ, дайын, жолға қойылған сызбамен жүмыс істейсің.  Қазіргі таңда Қазақстанда франшизамен жұмыс істеген тиімді, бизнесті басынан бастау көп тәуекелдер мен қаржыны талап етеді, оның үстіне сапалы жұмыс күші де өте қымбат. Сондықтан да болар отандық өнімнің бағасы тым жоғары болып жатады. Халықтың өзі де атақты сауда маркаларына үйір келеді, мәселен бұл әлемдік бренд немесе ол брендті танымал жұлдыз тұтынатын болса, сұраныс артады.

Франшиза болсын, басқа сауда түрі болсын ортақ басты мәселе бар, ол орын-жайлардың жалға алу құнының қымбаттылығы, сонымен қатар франшизалардың шартты бірлікке (долларға) байлануы кедергі. Өнімді доллармен алған соң дүкендердің үнемі баға көтеріп тұруы бекер емес», – деп өз бөлісті әйелдерге арналған «Isabel Garcia» атты италиялық брендтің Қазақстандағы ресми өкілі, кәсіпкер Дана Есеева.

Тиімділігі жоғары франшизалар

Қазақстан нарығындағы шетелдік франшизалар негізінен киім-кешек пен азық-түлік секторына тиесілі. Азиялық опа-далап, балалар мен жаспөспірімдерге арналған оқыту, тілдік бағдарламалар, (оның ішінде ментальды арифметика), туристік фирмалар, мейрамханалар мен қонақ үй шаруашылығы, медициналық орталықтар, экологиялық таза өнімдер франшизаларының тиімділігі жоғары.   

Франшиза қанша тұрады?

Бүгінде Қазақстан нарығында франшизаны сатып алу үшін кемінде шамамен 1 млн теңге қажет. Брендтің танымалдылығына қарай бұл көрсеткіш өсе береді. Мәселен «Coca-cola», «McDonalds», «Baskin Robbins», «Adidas», «Benetton» секілді танымал брендтердің франшизасы миллиондаған теңге тұрады. Франшизаны басқа да бизнес-жобалар секілді біліктілік пен тәжірибе арқылы жүзеге асыруға болады.

Егер осы салада бизнес ашқыңыз келсе...

Ең алдымен франшиза түрін таңдау керек. Франшиза – бұл тауар, оны таңдауға жоғары мән беру абзал. Бүгін нарық ұсынған ауқымдылықта франшиза сатып алушы мамандығына, жанына жақын саланы таңдап алуға мүмкіндігі бар. Осы саладағы білімді арттыру үшін түрлі семинарлер мен тренингтерге маңызы жоғары. Нарықта дайын франшизаларды саудалап отырған делдал компаниялар жеткілікті. Олар тұлғаның қаржысы есебінен оның бизнесіне оңтайлы франшиза тауап беріп қана қоймай, қысқа мерзімде табыс әкелетін ТОП-тағы брендтерді анықтап береді.

Сонымен қатар нарықта шетелдік алып-сатар компаниялар көп.  Брендті ары қарай дамыту, сату, пайда табуды оқытады, өздерінің клиент табу базасының қызметін қоса ұсынады. Алайда бұл қызмет тұлғаның қалтасын қағуы мүмкін. Кез келген жаңа нәрсеге, әсіресе бизнеске аса үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Белгілі бір франшизаны сатып алмай тұрып, оның жергілікті жерге бейімділігін, георгарфиялық ерекшелікті саралаған жөн. Бизнес-жобасын іске асыруға дейінігі сауалнамалар, мониторинг, бәсекелес орта, нарық көлемін зерттеу қажет. 

Әлия Кемелбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер